ҚазҰТУ-да ғалымдар бас қосты
Тәуелсіздігіміздің 20 жылдығы мен көрнекті ғалым Ақжан Машанидің 105 жылдығына орай Алматыдағы Қаныш Сәтбаев атындағы Қазақ ұлттық техникалық университетінде «Қазақстан мемлекеттігінің рухани-мәдени негіздері» деген тақырыппен республикалық ғылыми-теориялық конференция өтті.
Конференция қазақ тарихының елеулі тұстарын қамтыған деректі фильм көрсетілімімен басталды. Жиынды алғашқы болып сөз сөйлеген Қ.Сәтбаев атындағы ҚазҰТУ бірінші проректоры Шыныбай Байысбеков әуелгі әңгімесіне Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Әлеуметтік-экономикалық жаңғырту – Қазақстан дамуының басты бағыты» атты биылғы Жолдауын арқау етті. Сондай-ақ онда халық мәдениеті, діні, білімі мен тәрбие мәселесі жан-жақты талқыланды. Академик Әбдімәлік Нысанбаевтың айтуынша, қазақ елі ұлттық идея төңірегінде топтасуы қажет. «Қазақ тілі елімізде тұрып жатқан өзге ұлт өкілдері мен диаспораларды біріктіруші күшке ие болуы керек. Сонда елімізде тек татулық пен бейбітшілік үстемдік құрады», – дейді белгілі академик.
Шыныбай БАЙЫСБЕКОВ, Қаныш Сәтбаев атындағы Қазақ ұлттық техникалық университетінің бірінші проректоры:
– Біздің университетіміз техникалық білім берумен ғана емес, мәдени ағартушылық жұмыстармен де үнемі айналысып отырады. Соның бір айқын дәлелі – бүгінгі жиын. Еліміздің көптеген мықты ғалымдары мен мәдениет, қоғам қайраткерлері техникалық білім алса да, рухани салада елеулі еңбек сіңірді. Сондай тұлғалардың бірі де бірегейі Ақжан Машани болып табылады. Сонымен қатар білім ошағымыздың басты мақсаты рухани салаға жетік, теория мен тәжірибені ұштастыра білетін, еңбек нарығындағы бәсекеге қабілетті жоғары білікті мамандарды даярлау болып табылады.