Ағылшындық ғалымдардың «жылқы малы алғаш рет қазақ жерінде қолға үйретілген» деген сенсациялық жаңалығы жария болғанда, жүрек жарылардай қуанғанымыз рас. Осыны айтып мақтанғанда, ауыздыға сөз бермейміз, алайда атақ-даңқымызды асырған ата-баба кәсібінің қадіріне жете алмай жүрміз-ау... Әйтпесе қазақтың күллі әлемді тамсандырған қазанаттары қайда кеткен?..
Жылқыжанды халықтың жерінде киелі жануарды зерттеп, асыл тұқымды тұлпарларды жан-жақты зерделейтін арнайы ғылыми орталық болса игі еді. Бірақ өзіміз кие тұтатын қасиетті Қамбаратаға мұндай игілікті қимай отырмыз. Қазақтың қазанатын қайта жаңғырту жолындағы бар жауапкершілік Қостанайдағы «Қазақ тұлпары» зауытының құрамындағы шағын ғана зертханаға жүктелген. Және бұл зертхана салмағы ауыр міндеттемені абыроймен орындап келе жатқаны көңіл көншіткенімен, «аты аңызға айналған қазақтың қанатты тұлпарларына қайта қол жеткізу үшін елімізде қазақ ғылыми-зерттеу жылқы институтын ашатын мезгіл жетті» дейді мамандар.
Тақырыпқа тұздық
Осыдан 123 жыл бұрын Николай патшаның нұсқауымен Николаевск уезінде салынған атқораның уақыт өте келе маңызы артып, «Қостанай жылқы тұқымы» деген ұғым пайда болады. 1951 жылы 22 наурызда КСРО Министрлер кеңесінің қаулысымен қостанайлық жылқы мініс-жегіс жануары ретінде ресми түрде бекітіледі. Ал 2000 жылы Елбасымыздың тапсыруымен «Қазақ тұлпары» РМҚК-ға айналып, спортқа мамандандырылған тұлпарлардың тұқымын жасау мақсаты қойылады.
– Біздің мақсатымыз – баяғы бабаларымыздың пырағын еске түсіретін, қазақтың салт мініс аты дейтіндей жаңа тұқым қалыптастыру. Өйткені қазақты айдай әлемге тек алтыны мен күмісі, мұнайы мен бидайы ғана емес, ең алдымен оның қазанаты шығарады. Айтуға оңай болғанымен, талмай ізденіп, тапжылмай атқармаса, жеңіл шешіле қоймайтын шаруа. Сондықтан кешегі қазанаттың ізін жалғайтұғын көркі көз тартар келісті, аузымен құс тістеген жүйрік, таңнан кешке шапса да, шашасын шаң қаппас қазақтың қанатты тұлпарлары жобамен 20-25 жылдың ішінде ортамызға қайта оралады деп жоспарлаудамыз.
Аталмыш жылқы зауытының негізгі міндеттерінің тағы бірі – ол «Қазақ тұлпары» жылқы зауытын шын мәнінде қазіргі заман талабына сай қылу. Мұнтаздай қоралары, ипподромы, шабындығы бар кешен ретінде қала жанында, кәрі Тобылдың көрікті жерінде көз тояттайтындай «мен мұндалап» тұрса, кәнеки.
«Қазақ тұлпарында» он жыл бұрын 226 бас жылқы болса, қазіргі таңда ол 311 басқа жетті. Оның сыртында асылтұқымды 700-ден астам жылқы республикамыздың түкпір-түкпіріне сатылып, жергілікті жылқыларды асылдандыруда.
Бәйге жарысында да берекелі нәтиже көрсетіп келе жатқан қостанайлық жүйріктер 2002 жылдан бері шетелдік таза қанды жылқылармен жарысқа түсіп, 334 рет жүлделі орындарға ие болды. Соның ішінде 134 бірінші, 114 екінші, 80 үшінші жүлде мәртебесін жеңіп алып, 20 млн-нан артық ақшалай сыйлық пен 18 автокөлікті қанжығаларына байлады.
Биылғы Елбасы Жолдауы туындатқан жаңа міндеттер «Қазақ тұлпарына» да қатысты. Бізге шетелдік жарыстарға шығуға немесе жылқыларымызды сату мәселесінде қиындықтар туындап жататыны шындық. Әдетте, еуропалықтар Азия елдерінен тарайтын ветеринарлық аурулар көп деген сылтауды алға тартады. Ал қазір Кеден одағы арқылы мұндай мәселе шешімін табуға тиіс деп үміттеніп, «ендігі уақытта Ресейде, Белоруссияда ұйымдастырылатын халықаралық жарыстарға қатыса аламыз» деп отыр зауыт мамандары.
Институт ашылмай, игілікке жетпейміз
Ғалымдардың интеллектуалдық еңбектері мен ізденістерін ендігі кезеңде өз жүйемізде пайдаланар шақ келді. Ол үшін ғылыми-зерттеу институттары ашылуы қажет. Мұндай бастаманың айғағы – ол зауытта жылқының генетикалық тегін анықтайтын генетикалық талдағыш құрылғы және биелердің күйін және жатырда пайда болған құлынның түр-тұлғасы, дене бітімі, жетілуін кәдімгі монитор арқылы бақылауға мүмкіндік беретін шетелдік озық құрылғы, сонымен қатар әрбір жылқыға жеке идентификациялық нөмір енгізетін құралдар іске қосылған. Халықаралық ISO 11785 және 11784 стандарттарына сай келетін осынау құрылғы арқылы енгізілген жеке код жылқының ғұмырына жетеді, ол шекарадан өтерде немесе даулы мәселе туғанда айрықша рөл атқарады. Мұндай жүргізіліп жатқан ғылыми жұмыстарымыздың тағы бір бағыты – асылтұқымды айғырлардың жоғары сұрыпты ұрықтық қорын жасап, қолдан ұрықтандыру жұмыстары жүргізілуде. «Зауыт зертханасында ізденіп жүрген ғалымдарымыздың биотехнология, генетика саласында нәтижелі еңбек етуі үшін күш жұмсай бермекпіз», – дейді бұл тұрғыда зауыт басшысы.
Нұрлан Елкеев, биотехнология зертханасының ғылыми қызметкері, селекционер-зоотехник:
– Мал шаруашылығы ғылымындағы ең құнды жетістіктердің бірі – аталық малдың ұрығын мұздатып қатыру және ұзақ мерзім сақтау әдістерінің жасалынуы мен өндіріске енгізіле бастауы. Ұрықты мұздатып қатыру, температурасы -1960С сұйық азотты қолдану арқылы ғана жүзеге асады. Әдетте мұндай температурада ұрық жіпшелерінің тіршілігі уақытша тоқтап, өзінше бір криоконсервация жүреді. Осындай күйдегі ұрықты ұзақ мерзім сақтауға, алыс қашықтықтарға тасымалдауға және қажет болған жағдайда, қашан және қайда болсын пайдалануға мүмкіндік береді.
Қостанай жылқы тұқымының биелерін аса құнды, асылтұқымды айғырлардың жаңа алынып сұйытылған және мұздатылып қайта ерітілген ұрықтарымен қолдан ұрықтандыру арқылы жылқы зауытында 47 бас, ал жеке шаруа қожалықтарында 14 бас құлын алынды. «Қолдан ұрықтандырудан алынған төлдер табиғи шағылыстыру жолымен алынған төлдерден тіпті де кем емес. Бірақ мәселе – құлынның қай жолмен шыққанында емес, ДНК-ның құрамында» дейді мамандар. Мысалы, қолдан ұрықтандыру арқылы алынған «Тойқасқа» атты айғыр – осыған дәлел. Жарты жыл бұрын Астанада өткен «Қараөткел» халықаралық жәрмеңкесінде «Қазақ тұлпарының» асыл тұқымдыларына таңдай қақпаған жан жоқ шығар, сірә. Сондағы фотосессияның басты кейіпкері осы пробиркадан шыққан «Тойқасқа» болды.
Сапалы генетикалық қор қалыптастыру саласында жұмыс атқарып жатқан мамандардың ең басты және асыл арманы – ҚАЗАҚТЫҢ ҚАЗАНАТЫНА қайта қол жеткізу. «Қазақ тұлпары» жылқы зауытының атқарып жатқан осындай игі істері мен жоспарланған мақсаттарын тиісті дәрежеде жүзеге асыратын республикалық деңгейдегі ғылыми орталық ашылар болса, алыс-жақын шетелдердің атбегілерінің назары Қазақ еліне ауары сөзсіз. Бұл бізге сырттан инвестиция алып қана келмейді, оған қоса Қазақстанның әлемдік аренада өз орнын алатындай бедел жинауына бірден-бір қызмет ететіні айтпаса да түсінікті.
Биылдың өзінде осы «Қазақ тұлпары» мекемесінде бір ғылым докторы, алты ғылым кандидаты жылқы шаруашылығына қатысты заман талабына сай өзекті тақырыптарда диссертациялық жұмыстарын қорғап, білікті маман екендерін дәлелдеді. Иә, расымен, егер бұл орайда шағын ғана зертхана кешенді ғылыми орталық «Қазақ ғылыми-зерттеу жылқы институтына» айналса, Қазақ елі көз жазып қалған қасиетті қазынасына қол жеткізер күн де алыс емес сияқты. Ендеше, ҚАЗАҚТЫҢ ҚАЗАНАТ, ҚҰЛАГЕРЛЕРІ көбейіп, Қамбаратаның киесі қолдап, көңілдегі үлбіреген үміттің орнына салмақты сенім орнату үшін қажетті жағдай жасау – уақыт талабы.