Қазақстанның жаңа Кәсіптер атласы 9 негізгі саланы қамтыды
Қазақстанда әзірленген Еңбек нарығында талап етілетін жаңа кәсіптер мен құзыреттердің атласы (бұдан әрі &ndash Атлас) экономиканың 9 негізгі саласын қамтиды және жаңа, трансформацияланатын, сондай-ақ жойылып бара жатқан кәсіптер мен құзыреттерді біріктірді. Бұл туралы Skifnews.kz ақпарат порталы, Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігіне сілтеме жасап хабарлайды.
 Бұл азаматтарға келешекте кәсіптің перспективалы болуын ескере отырып, мамандықты дұрыс таңдауға, білім беру ұйымдарына қазақстандықтарды жаңа дағдылар мен құзыреттіліктерге оқыту қажеттілігін ескере отырып, оқу жоспарларын өзектендіруге көмектесетін кәсіби бағдар берудің заманауи құралы.
Атласты әзірлеу ҚР Президентінің «Игілік баршаға! Сабақтастық. Әділдік. Өрлеу» сайлауалды бағдарламасын іске асыру жөніндегі іс-қимыл жоспарының 39-тармағын орындау үшін және ҚР Президентінің 2019 жылғы 19 маусымдағы Жарлығымен бекітілген «Бірге» жалпыұлттық акциясы барысында алынған ұсыныстар негізінде жүзеге асырылды.
«Еңбек нарығында сұранысқа ие жаңа кәсіптер мен құзыреттердің атласы» жобасын іске асыру үшін 2019 жылғы 31 қазанда ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі (бұдан әрі &ndash Еңбекмині), ҚР Білім және ғылым министрлігі және «Еуразиялық топ» ЖШС арасында өзара ынтымақтастық туралы меморандум жасалған болатын.
Атластың негізгі мақсаты қазіргі мамандықтарды талдау, өзгеріп және жойылып бара жатқан мамандықтарды ескере отырып, өзекті болатын немесе таяудағы онжылдықта пайда болатын еңбек нарығының болашақ трендтерін, мамандықтар мен дағдыларды айқындау болып табылады.
Қазақстанның еңбек нарығында сұранысқа ие жаңа кәсіптер мен құзыреттердің атласы 9 негізгі сала бойынша жасалып, жаңа, өзгеріп, сондай-ақ жойылып бара жатқан кәсіптер мен құзыреттерді біріктірді. Еңбекмині Дүниежүзілік Банктің «Еңбек дағдыларын дамыту және жұмыс орындарын ынталандыру» жобасы шеңберінде 8 саланы (мұнай-газ, ауыл шаруашылығы, көлік және логистика, машина жасау, ақпараттық-коммуникациялық технологиялар, энергетика, туризм, құрылыс салалары) қамтыды, тау-кен-металлургия саласын зерттеуді «Еуразиялық Топ» ЖШС өз бетінше жүзеге асырды.
Атласты әзірлеу әдістемесі халықаралық тәжірибеге және экономика салаларын дамытудың әлемдік трендтеріне негізделген. Ол салалық сарапшылар ретінде өндіріс, мемлекеттік органдар, салалық қауымдастықтар және т. б. өкілдерінің қатысуымен рапид форсайт (rapid foresight) технологиясы бойынша пәндік терең зерделеумен болжамды сессиялар өткізуді қамтыды.
Форсайт-зерттеу ел бойынша біраз адамды қамтыды: 2 мыңнан астам салалық сарапшы, Индустрия және инфрақұрылымдық даму, Энергетика, Ауыл шаруашылығы, Мәдениет және спорт, Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі, Білім және ғылым министрліктерінің негізгі профильді басшылары, ірі салалық қауымдастықтар, отандық өнеркәсіптік және индустриялық компаниялардың ТОП-менеджерлері мен тәжірибелі қызметкерлері, білім беру жүйесінің барлық деңгейлерінің өкілдері сұралды.
Ауқымды зерттеулердің қорытындысы бойынша 239 жаңа, 95 трансформацияланатын және 129 жоғалып бара жатқан мамандық анықталды.
Атласта айқындалған жаңа мамандықтар болашақта жаңа технологиялардың енгізілуіне сәйкес қандай құзыреттер мен қызметкерлер сұранысқа ие болатынын түсінуге мүмкіндік береді.
Трансформацияланатын кәсіптер тізбесіне қазіргі уақытта сұранысқа ие мамандықтар енді, бірақ олардың өзектілігін сақтау үшін мамандар жаңа дағдыларды игеріп, біліктілік деңгейін арттыруы қажет. Осылайша, Атлас өз құзыреттерін қай бағытта дамыту керектігі туралы нұсқаулық болып табылады.
Жойылып бара жатқан мамандықтар қазірдің өзінде мемлекетке технологиялық даму барысында өзектілігін жоғалтып бара жатқан кейбір кәсіптерге сұраныстың болмауы туралы бағдар береді.
Әзірленген Атлас &ndash бұл Қазақстанның әрбір азаматына келешекте кәсіптің перспективалы болуын ескере отырып, мамандықты дұрыс таңдауға, білім беру ұйымдарына қазақстандықтарды жаңа дағдылар мен құзыреттіліктерге оқыту қажеттілігін ескере отырып, оқу жоспарларын өзектендіруге көмектесетін кәсіби бағдар берудің заманауи құралы.
Атлас нәтижелерін ыңғайлы пайдалану үшін «Электрондық еңбек биржасы» порталының интерактивті ішкі модулінде электрондық сілтеме, сондай-ақ IOS және ANDROID платформаларына арналған Атластың мобильді қосымшасы әзірленді.