«Қазақстанның импорты пен экспорты толықтай Ресейге тәуелді» - сарапшы
Ресей "астық келісімінен" уақытша шығатынын мәлімдеді. Әлемдегі саяси жағдайға байланысты астық түрлері, соның ішінде бидай, сұлу, жүгерінің бағасы қымбаттады. Экономист Бауыржан Ысқақов Қазақстанға бұл жағдайдың қалай әсер етіп жатқанын айтты, деп хабарлайды Skifnews.kz.
Экономистің айтуынша, Ресей әлемдегі астықты экспорттаушы мемлекет ретінде астық келісіменен шығу арқылы Украинаға сес көрсетіп отыр. Сарапшының пікірінше, бұл соққының Қазақстанға кері әсері көп. Себебі импорт пен экспортымыз Ресейге тәуелді. Қазір еліміздің сыртқы экспортының 60%-ға жуығы Ресей Федерациясы арқылы нарыққа шығады.
- Біздің астық Ресейдің жүк тасымалдаушы вагондары арқылы әлемдік саудаға шығады. Қазірдің өзінде Ресей Қазақстанның дәстүрлі түрде астық импорттау нарығынан шығуына өзінің әсерін байқатты. Бұрын Қазақстан Еуропа елдеріне астық тасымалдайтын болса, ол нарықтан да әр түрлі санкцсияларға байланысты айырылып қалды. Өйткені экспорттың барлығы Ресей тарапынан шыққаннан соң, Еуропамен басқа да мемлекеттердің шекарасы жабылғаннан кейін, Қазақстан транзиттік мүмкіндіктерінен айырылып қалды, - дейді экономист Бауыржан Ысқақов.
Сарапшының пікірінше, қазіргі уақытта экспорттың негізгі бағыты Ауғанстан, Өзбекстан, Қырғызстанға тасымалданады. Соңғы уақытта аталған мемлекеттерге жыл сайын экспорттап отырған астықты Ресей арзан бағамен ұсынып отыр. Ол да біздің нарықтағы жағдайға кері әсерін тигізеді, дейді.
- Ауғанстанға жыл сайын астық экспорттап одан табыс тауып отыратын болсақ, биыл екі жүз мииллион тоннадай астықты Ресей Ауғанстанға гуманитарлық көмек ретінде берді. Нәтижесінде 20 миллионға қажетті нарықты қамтамасыз еткендіктен Ауғанстан бізбен нарықты тоқтауы мүмкін. Сондай-ақ, көрші өзбек мемлекетіне бидай импорттайтын болсақ, олар астықты ұнға айналдырып, ұн өнімдерін қайтадан өзімізге төрт есе бағамен сатып отыр. Бұл да экспортқа бағытталған теріс саясат. Біздің әлі де шикізаттық нарық екеніміз осыдан байқалады. Біз тек шикізат ретінде емес, астық ретінде дайын өнім етіп сатпасқа деген мәселені көріп отырмыз, дейді экономист.
Бауыржан Ысқақовтың айтуынша, биыл Қырғызстанға Қазақстаннан бір жылға жуық бидай тасымалданбаған. Бұның барлығы Қазақстанның логистикалық жүйесінің әлсіздігі дейді. Сондықтан, экономикалық саясатты өзгертіп, астық тасымалын тек Ресей арқылы емес, әуе жолдары, теңіз порттары арқылы толық меңгеру қажет. Осылайша экспорт көлемін арттыруға мүмкіндік бар. Сонда ғана әр түрлі саяси факторлардың тәуелділігінен айырыламыз.
- Украинаның негізгі астық экспорты Сауд Арабиясы, Египет басқа да Еуропа мемлекеттеріне бағытталған. Олардың тасымалдау көлемі бізге кері әсерін тигізбейді. Біз Ресейдің агрессивті құрсауында қалып отырмыз. Сол үшін де мемлекет бірінші кезекте отандық астық өндірушілерді шығынға батпауын қамтамасыз етуі керек. Нарықтағы бағамен олардың тасымалдары мен шығындарын жабатындай субсидияларды қарастырған жөн. Делдалдық жұмыстардың өршуінің алдын алып, мараторий жарияласақ астық экспорттайтын мемлекет ретіндегі статусымыздан айырылып қалу мүмкіндігіміз жоғары, - дейді сарапшы.