Қазақстандықтар Наурыз мерекесін тойлап жатыр
Қош келдің, әз-Наурыз! Сіресіп жатқан қардың көбесі сөгіліп, көктемнің лебі шартарапты шарпыды. Ай мен күн теңеліп, тіршілік атаулы түрленетін жаңарудың бастауы болған Ұлыстың ұлы күні Наурыз мейрамы құтты болсын, ағайын! Барша түрік халықтары үшін Наурыз – жыл басы. Тәуелсіздік қазығын қаққан ширек ғасыр аралығында қазақ елі дәстүрді дәріптейтін бұл мерекні ерекше ықыласпен тойлайды.
Елорда қонақтары мен тұрғындарына әкімдік ауқымды бағдарлама әзірлеген. Мәселен Ханшатырдың жанындағы этноауыл наурыз көже ішіп, ұлттық тағамнан дәм татамын деген көпшілікке дастарқан жаяды. Арқан тартып, күресіп, асық атамын деген мықтыларға да қызық жетеді. Қазақ елі монументі жанында да мейрамның көрігі қызады. «Жастар» театры мен «Студенттер» саябағы да көпшілік көңілін көтеруге әзір. Ал негізгі мейрам «Сарыарқа» велотрегінде Елбасының қатысуымен өтеді деп жоспарланып отыр.