Ақпараттық технология саласының соңғы жаңалықтарын қалт жібермейтін қазақстандықтар үшін жағымды жаңалық! Бүгіннен бастап еліміздің қос ірі қаласында 3G байланыс желісі жүзеге асырыла бастайды. Қазақстандағы телекоммуникация саласының қарқынды дамуын тағы бір мәрте айғақтайтын жаңа технологияның іске қосылуына еліміздегі ірі байланыс операторы GSM Қазақстан/Kcell компаниясы мұрындық болып отыр.
Ұялы байланыс стандартының жаңа қырын ашатын үшінші буын желісінің мүмкіндіктері жайлы елімізде айтылып жатқанына аз болған жоқ. Деректер алмасу бойынша қызметтер мен сервистерді пайдалану сапасын жақсартып қана қоймай, ғаламторға қосылу жылдамдығын да арттыратын 3G құралы әсіресе электронды пошта, онлайн ойындар, файл қосымшаларымен жұмыс істеуде уақытты тиімді пайдалануға көп ықпал етеді. Әзірше Алматы мен Астана қалаларында таратылатын 3G желісі 90 базалық стансыдан тұрады. Биылғы жылы компания желісін кеңейтуге, оның ішінде, үшінші буын жабдығын орнатуға 150 миллион АҚШ доллары көлемінде инвестиция жұмсады. Интернет-пакеттерді сатып алған абоненттер үшін деректерді беру тарифі 1 Мб үшін 2,3 теңге мен 11,8 теңге аралығын құрайды. Сол сияқты абоненттердің бейне қоңырау қолдану мүмкіндігі бар. 2011 жылғы қаңтардың 10-ына дейін өтетін акцияның ұсынысы бойынша оның құны абоненттің тарифтік жоспарына сәйкес, әдеттегі дауыстық қоңыраудың бағасына сай келеді. Қаңтардың 10-ынан кейін Kcell, Aсtiv, Vegaline абоненттері үшін бейне қоңырау құны минутына 25 теңге шамасында болады. Оператор 3G желісінде мәліметтер жеткізу жылдамдығын секундына 21,1 Мбитке дейінгі деңгейде белгілеуді көздеп отыр. Алайда 3G стандартын ұстанатын көптеген құрылғылар секундына 2 Мбит жылдамдығында жұмыс істейтінін айтқан компания мамандары, іс жүзіндегі жылдамдық тұтынушы қондырғысының техникалық мүмкіндіктеріне байланысты екенін жеткізді.
«Аталмыш желінің желтоқсанның 1-і күні іске қосылуы Қазақстан үшін аса маңызды тарихи оқиға саналатын ЕҚЫҰ саммитіне қатысушы шетелдік қонақтарды әлемдік стандарттарға сай келетін жоғары сапалы байланыспен қамтамасыз ету бағытында қолға алынды», – дейді GSM Қазақстан/Kcell компаниясының бас атқарушы директоры Вейсел Арал.
Вейсел АРАЛ, GSM Қазақстан/Kcell компаниясының бас атқарушы директоры:
– Үшінші буын желісін іске қосқанымызға қуаныштымыз. 3G байланыс желісінің компания қызметін пайдаланатын тұтынушылар ғана емес, ел Үкіметі мен өзге де құзырлы ұйымдар үшін де септігі тиетініне сенім мол. Біз өз тарапымыздан абоненттерді сапалы байланыспен қамтамасыз етіп қана қоймай, олардың ғаламторды сенімді әрі жоғары жылдамдықпен қолдануы үшін бар күш-жігерімізді саламыз.
Еліміздің саяси және халықаралық өміріндегі екі аса маңызды оқиғаның – ЕҚЫҰ саммиті мен VII қысқы Азия ойындарының ресми байланыс операторы үшінші буын ұялы байланыс желісін республика көлемінде 2011 жылы толық іске қосуды жоспарлап отыр. Ол үшін атқарылуы тиіс шаралар алдағы қаңтар айында қолға алынады.
Қазақстандықтар 3G желісін пайдалана бастады
Последние статьи автора