Қазақстандық құтқарушылар түркиядан елге оралды
Қазақстан Төтенше жағдайлар министрлігінің жедел тобы Түркиядағы іздестіру-құтқару жұмыстарын аяқтады, - деп хабарлайды Alashainasy.kz тілшісі «Хабар 24»-ке сілтеме жасап.
Бүгін түнде Нур қаласындағы жойқын жер сілкінісінің салдарын жоюға жұмылдырылған қазақстандық құтқарушылар мен апаттар медицинасы орталығының дәрігерлерінің екінші тобы елге оралды.
Еліміздің құтқарушылары 7-19 ақпан аралығында Газиантеп, Хатай қалаларында және Нур қалаларында құтқару жұмыстарын жүргізді.
Жедел топтың құрамына Астана, Алматы қалаларының, Ақмола және Қарағанды облыстарының мамандары мен медицина қызметкерлері енді.
Іздестіру-құтқару жұмыстары кезінде 7 адам құтқарылды, қаза болған 88 адамның мүрдесі табылды.
Сонымен қатар 200-ге жуық тұрғынға медициналық және психологиялық көмек көрсетілді.
Еліміздің Төтенше жағдайлар министрлігі құтқарушылардың дайындығы мен батылдығын жоғары бағалады.