Қазір Мәжілістің жалпы отырысы өтіп жатыр. Бүгін күн тәртібінде 12 сұрақ қаралады деген жоспар бар. Солардың қатарында «Жеке детективтік қызмет» туралы заң жобасы да бар. Құжат қызу талқыланып жатыр.
Жалпы отырыстың басталғанына 3 сағат өтсе де, мұндағы пікірталас әлі де басылар емес. Бұл түсінікті де. Өйткені «Жеке детективтік қызмет» туралы заң жобасы елімізде алғаш рет қабылданғалы отыр. Дегенмен бұл қызмет түрін заңдастыру қажеттігін алғаш рет Мемлекет басшысы 2010 жылы айтқан болатын. Одан кейін бірнеше жұмыс тобы құрылып, 2013 жылы алғашқы заң жобасының нұсқасы Мәжілісте қаралып, алайда сенаторлардың мақұлдауын ала алмады. Өйткені құжаттың кейбір тұстары ел Конституциясына кереғар деген шешім қабылданды. Биыл Әділет министрілігі жаңадан редакцияланған заң жобасын депутаттар талқысына салды. Жалпы баяндамашының сөзінен түсінгеніміз, Заң жобасында осы қызметпен айналысуға үміттенетін адамдарға қойылатын талаптар, сондай-ақ жеке детективтердің құқықтары мен міндеттері айқындалған.
Біздің білуімізше, бұл қызмет түрін лицензиялау ұсынылып отыр. Тіпті бұл іспен айналысуға ниет білдірген адамдардың жас шамасы да заңмен шектелмек екен.