Қазақстанда қажет болған жағдайда, төтенше жағдай режимі ұзартылуы мүмкін. Бұл туралы мемлекет басшысы Қасым Жомарт Тоқаев мәлімдеді, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.
"Қазақстан заңнамасына сәйкес, мен елде төтенше жағдай енгізу туралы жарлыққа қол қойдым. Төтенше жағдай режимі 2020 жылдың 16 наурызында таңғы сегізден басталады және 30 күнге созылады. Қажет болған жағдайда режим ұзартылуы мүмкін", -деді Тоқаев отандық телеарналар арқылы жасаған үндеуінде.
16 наурыз таңғы сағат 08.00-ден бастап Қазақстанда төтенше жағдай режимі жарияланды. Ол 15 сәуір таңғы 07.00 дейін күшінде болады.
Президент жанынан мемлекеттік комиссия құрылды, оны премьер-министр басқарады.
Бұқаралық іс-шаралар тоқтатылды. Ірі сауда орындарының жұмысы шектелді, бірақ азық-түлік дүкендері мен базарлар жұмысын жалғастыра береді.
Ойын-сауық орталықтары, кинотеатрлар, театрлар, көрмелер және жұртшылық көп баратын басқа да орындар уақытша жабылды.
Ел аумағына кіру және шығуға шектеу қойылды. Алайда бұл жүк тасымалына әсер етпейді.
Мектеп оқушылары 16 наурыздан бастап 5 сәуірге дейін демалысқа жіберілді. Ал студенттер онлайн оқыту жүйесіне көшті.