Ақпарат және қоғамдық даму министрі Аида Балаева Президенттің қоғамдық бақылау туралы заң әзірлеу тапсырмасы қалай орындалып жатқанын айтып берді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев мемлекеттік органдар мен квазимемлекеттік сектордың ашықтығы мен қоғамға есеп беруін арттыруға бағытталған «Қоғамдық бақылау туралы» заңды әзірлеу жөнінде тапсырма берген болатын.
Ақпарат және қоғамдық даму министрі Аида Балаева Президент Жолдауының негізгі ережелерін түсіндіру жөнінде ОКҚ-да өткен баспасөз мәслихатында бүгін де қоғамдық бақылаудың әртүрлі нысандары қоғамдық кеңестер, мемлекеттік қызметтер, экология, жер қойнауын пайдалану және басқа да қызметтер туралы бірқатар заңнамалық актілермен реттелетінін атап өтті. Алайда бүгін қоғамдық бақылау қағидаларын бір жүйеге келтіріп, оның қолданыс аясын арттыратын бірыңғай бекітілген құрылым түзуші нақты ережелері жоқ. Осыған байланысты қоғамдық бақылау туралы жаңа заңның аса қажеттілігі туындап отыр. Бұл Конституцияда және конституциялық заңдарда, сондай-ақ нақты заңдар мен ережелерде бекітілген қоғамдық бақылау қағидаттарын құрылымдауға және олардың қолданылуын арттыруға мүмкіндік береді.
«Арнайы жұмыс тобы құрылды. Заң жобасы қоғамдық бақылаудың ең маңызды деген принциптерін бекітеді. Атап айтқанда, адам және азаматтар құқығының басымдығы, қоғамдық бақылау субьектілерінің ашықтығы мен объективтілігі, қоғамдық бақылауға кедергі келтіруге жол бермеу, олардың қызметі туралы ақпараттың қолжетімділігі және тағы басқа мәселелер қамтылады. Әрине, құжат жобасы дайын болған соң, ол міндетті түрде кең ауқымды қоғамдық талқылауға ұсынылады», - деп атап өтті Аида Балаева.
Министрдің сөзінше заңды қабылдау 2021 жылдың маусымына жоспарланып отыр.