Қазақстанда отқа жанбайтын үйлер пайда болады
Астана. 22 сәуір. Baq.kz - Қазақстанда өрттi азайтуға болады. Бұл үшін жаңа инновациялық құрылыс материалдары қолданылуы тиіс. Бүгінде әлемде қызыл жалын жоя алмайтын заманауи материалдар ойлап табылған екен.
Елімізде олардың біразы елордадағы ЭКСПО – 2017 жаһандық көрмесі құрылысында сыналып көрмек. Осы жерден бүкіл елімізге тәжірибе болып тарайды деген үміт бар.
Әлемдегі дамыған елдер өз елдерінің озық ғылыми-техникалық жаңалықтарын Қазақ елінің бас қаласындағы көрме аясында паш етуге ендігі кірісіп кетіпті. Әрине, әзірге олар республикамызға жаһандық көрме кешенін тұрғызуда керек болатын инновациялық шешімдерін ұсынуда. Оларды бағамдап, қай үздігін білу үшін кеше Астанада «ЭКСПО – 2017 – заманауи құрылысқа бағдар» атты екі күндік халықаралық конференция өз жұмысын бастады.
Бұл жиынға отандық құрылыс индустриясы үлкен қызығушылық білдіріп отыр. Кеше журналистерге сұхбат берген Қазақстандық құрылыс материалдары өнеркәсібі қауымдастығының президенті Марал Томпиев енді елімізде құрылыс алаңдарында жаңа оттан қорғаушы технологиялар пайдаланыла бастайтындығын мәлімдеді. Яғни қазірден барлық нысандарды оттан қорғайтын және отқа төзімді материалдардан тұрғызуға кіріссек, мемлекетімізде жылдар өткен сайын өрт саны кеми беруге тиіс. Айтқандай, әлемдегі ірі құрылыс материалдарын өндіруші болып саналатын атақты неміс компаниясының жаңа өнімі жиын аясында таныстырылды оны қанша отқа тоссаң да, жанбайды екен.
Бұл ретте өндірушілер ғимаратты, үйді, тіпті қора-қопсыны толығымен жанбайтын инновациялық материалдан салып шығудың қажеті жоқтығын айтады, әрі бұл құрылыс құнын қымбаттатып жіберер еді. Құрылыста бұрынғыдай ағашты да қолдана беруге болады, тек оларды қаптайтын әрлендіруші (отделочный) материал отқа төзімді болса жеткілікті.
– Мәселен, Қазақстанда енгізіліп жатқан жаңа инновациялық өнім – «отқа төзімді жұқа тақтайша» еліміздегі отқа төзімділік бойынша ең жоғарғы шекке ие. Бұған қоса, шыныталшықтан жасалған «жылуоқшаулаушы жұқа тақтайшаның» да отқа жанбайтындығы анықталып отыр. Бұл материалдардың барлығы озық өнімдер болып саналады. Олардың елімізде енгізілуі Қазақстанның дамығандығын көрсетеді. Және бұларды тек жалғыз КНАУФ қана шығармайды, оның үлгілері барған сайын көбеюде. Олар біздің отандық компаниялар үшін үлгі, – деді Марал Томпиев.
Ол өрттерге, негізінен, елдегі құрылыс кезінде отқа төзімділігі өте төмен, ұшқын тисе, лаулап қоя беретін арзанқол материалдардың пайдаланылатындығы себепкер екендігін айтады. Тіпті алюкобонд әлі күнге қолданыста жүр. «Мұның сыртында, қазақстандық құрылысқа тапсырыс берушілер заманауи қымбат емес сапалы материалдар бар екендігін біле бермейді» дейді қауымдастық басшысы.
«Қуат тиімділігі орталығының» бас директоры Игорь Башмаков республикамыздағы ғимараттардың бұдан былай энергияны аз шығындайтын дәрежеге көтерілуіне қол жеткізу керектігін айтады. Бұл үшін тіпті арнайы заң қабылдап, қабырғасынан суық саулайтын, ызғар есетін тұрғын үйлер салушыларды жазаға тарту да артық болмас еді.
– Қазақстанда ғимараттардың энергиялық тиімділігін арттыру керек, – деді орталық басшысы. – Бүгінде республикада тұтылатын барлық қуаттың 44%-ын үнемдеуге болады, қуат тиімділігінің әлеуеті осынша зор! Бұл ретте Астанадағы көрме атауы керемет жақсы таңдалып отыр. Кез келген көрме кейін тәжірибеге кеңінен ендіруге болатын жаңа жетістіктерді паш етуімен құнды. Күнделікті өмірде онсыз да көріп жүрген нәрселер жайылатын көрме ешкімге де қызықты емес.
Оның айтуынша, егер «ЭКСПО–2017» көрме кешенінің нысандары да инновациялық шешімдерге сай бой көтерсе, екі жылдан соң еліміздің және әлемнің әр атырабынан ағылатын қонақтарға тек павильондарды ғана емес, ғимараттардың ішін аралау да қызықты болады.
– Қазақстанда тұрғызылатын ғимараттар онда тұратын адамдарға жақсы, жайлы өмір сыйлап қана қоймай, эксплуатациялауда өте қымбатқа да түспеуге тиіс. Бұл өте маңызды. Тұрғын үй өте әдемі болғанымен, онда тұру өте қымбатқа түсер болса, тұрғындардың ПИК-тер мен қызмет көрсетуші компанияларға төлейтін эксплуатациялық шығыны өте көп болса, онда біртебірте адамдар үшін ол баспана экономикалық тиімсіз болады. Сондықтан әсіресе, Астана мен Алматыда энергиялық тиімділікті көтеру – ғимарат құрылысы саласындағы технологиялық үдерістің шешуші бағыттарының біріне айналуда, – деді И.Башмаков.
Орталық бас директорының мәліметінше, әзірге Қазақстан энергиялық тиімділік бойынша әлемдегі көшбасшы емес. Мысалы, 2000 жылдан бері жалпы ішкі өніміміз өндірісіндегі қуат шығындау көлемінің төмендеуі жылына небары 1,5% болып отыр. Дұрысы, 5 пайыздан жоғары болуы қажет көрінеді.
– Өйткені осы динамикадағы технологияның үлесі тым аз және жылына 0,5 пайызға ғана жетеқабыл. Яғни жаңа технологиялар еліміздегі әр салаға дендей енсе, олардың көмегімен Қазақстан экономикасының қуат тиімділігін айтарлықтай арттыруға болар еді. Бұған зор мүмкіндіктер бар. Бұл ретте Қазақстанның технологиялық қуат үнемдеу әлеуеті шамамен көмір эквивалентіндегі 39 миллион тоннаға тең. Біле білсеңіз, бұл – өте үлкен әлеует! – деді ол.
Яғни барлық жерде, соның ішінде құрылыс саласында да жаңа технологиялар мен инновациялар қолданылса, еліміз қазіргі жағылатын көмір көлемінің 44 пайызын үнемдейді. Осынша миллиондаған тонна көмірді ел экспортқа сатып, қазынасын толтыра түсер еді.
Сөз соңында И.Башмаков осы технологиялар өмірдің барлық саласына, соның ішінде құрылысқа кеңінен енуі үшін мемлекет ынталандыру және міндеттеу бойынша тиімді саясат жүргізуі керектігін нықтады. Мысалы, жаңа тұрғын үйлерді салғанда немесе ескі үйлерді жаңғыртқанда, күрделі жөндеу жүргізгенде заманауи құрылыс технологиялары қолданылуын талап ету керек.
Айқын