Әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарын делдалдар әдейі қымбаттатқан. Өйткені, бағаны бірден көтеретіндей тапшылық жоқ дейді сауда министрлігіндегілер, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі КТК арнасына сілтеме жасап.
Қазақстан өзін азық-түлік тауарларымен толықтай қамтамасыз етеді. Тұрақтандыру қорларында 27,4 мың тонна әлеуметтік маңызы бар азық-түлік сақтаулы тұр. Оның ішінде: ұн, қант, макарон, күріш және т.б. көкөніс өнімдерін жеткізуге келісім-шарттар жасалды. Сауда желілері одағының дерегі бойынша, ритейлерлер қормен кем дегенде 30 күнге қамтамасыз етілген.
Яғни, министрлік атап өткен келісім-шарт бойынша сәуір айына дейін әлеуметтік маңызы бар тауарлар қымбаттамауы тиіс. Дей тұрғанмен, шенеуніктер алыпсатарлардың айласына құрық бойламай тұрғанын, кішігірім дүкендерге өнім қымбатқа сатылып жатқанын мойындайды. Бассыздыққа жол бермес үшін, әкімдіктер әдеттегідей сауда үстемесін 15 пайыздан асырмауға барымызды саламыз деп белсеніп отыр.
“Айта кетейік, Тұрақтандыру қорында қазір 11,5 мың тонна ұн, 3,8 мың тонна қант, 1,5 мың тонна макарон өнімдері, 45,7 мың тонна картоп, 12,5 мың тонна пияз секілді әлеуметтік маңызы бар тауар сақтаулы”, – дейді министрлік.