20 жылдық тәжірибесі дәрігер кәсіби міндетін дұрыс атқармағаны үшін жауапқа тартылды. Оқиға 2019 жылы шілденің соңында Өскеменде болған. Қан сараптамасын алмақшы болған дәрігер науқастың жүрегіне ине сұғып алған, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан.
Ауруханаға түскен науқасқа қан ауруы диагностикасын жүргізу керек болған. Науқасты қараған соң гематолог төс сүйегіне стернальді пункция жасамақшы болған.
Басылымның жазуынша, дәрігердің 20 жылдық тәжірибесі болған. Соңғы бірнеше жылында гематолог болып жұмыс істеген.
№2 Өскемен сотының деректеріне сүйенсек, арнайы инедегі белгіленген шектеуге қарамастан, дәрігер инені тереңірек сұғып, жүрек пен жүрек құлағын зақымдаған.
"Дәрігер салғырттық танытып, науқасқа тиісті көңіл бөлмеген. Реанимациялық шаралар науқас үшін қажет кезде ешқандай медициналық көмек көрсетпей, қайтарып жіберген. Мұқияттылық танытқанда стернальді пункция кезінде төс сүйегінің ішкі пластинасы тесілгенін байқауға болар еді. Бұл аорта және жүрек секілді ішкі органдардың зақымдалуы мүмкін екенін білдіреді", - делінген қаулыда.
Науқасты кеңес алу үшін басқа мекемеге алып барған. Алайда ер адамның жағдайы нашарлап, қаза тапқан.
Дәрігер Қылмыстық кодекстің 317-бабы, 3-бөлімі бойынша айыпты деп табылып, екі жылға шартты түрде бас бостандығынан айырылды. Сонымен қатар үш жыл гематология саласында жұмыс істей алмайды.