Қазақстан халқы өз болашағына қатысты басты таңдауын жасады. Сәуірдің 3-і күні таңғы сағат 7-ден бастап есігін ашқан еліміздегі барлық сайлау учаскелеріне ағылған сайлау құқығына ие азаматтар елдің ендігі Президентін анықтау үшін дауыс беріп, азаматтық ұстанымдарын айғақтады. Орталық сайлау комиссиясының сәуірдің 4-і күні ертеңгі сағат 10.00-де жариялаған алдын ала қорытындылары бойынша қазіргі Президент Нұрсұлтан Назарбаевқа сайлаушылардың 95,5 пайызы дауыс берген.
Ал Жамбыл Ахметбеков –1,4, Ғани Қасымов –1,9, Мэлс Елеусізов 1,2 пайыз дауыс жинаған. Бұл көрсеткіштер әрбір сайлау учаскесіне келіп, дауыс беріп шыққан сайлаушыларды сауалға тартқан Exit-poll мәліметтерімен шамалас деуге болады. Exit-poll өкілдері сайлаушылардың 94,8 пайызы Н.Назарбаевқа дауыс бергенін сәуірдің 3-і күні түнгі сағат 23:00 шамасында-ақ хабарлаған болатын.
Бірден ескерте кетейік, ОСК әзірге шұғыл түскен деректер бойынша ғана дауыс берудің алдын ала қорытындыларын жариялап отыр. «Сайлау заңнамасы бойынша Орталық сайлау комиссиясы дауыс берудің қорытынды нәтижелерін жеті күн ішінде, яғни алдағы сәуірдің 9-ынан кешіктірмей жариялауы тиіс», – деген ОСК төрағасы Қуандық Тұрғанқұлов облыстық сайлау комиссияларының дауыс беру қорытындылары туралы хаттамалары енді келіп түсе бастағанын мәлімдеді.
Дауыс беру қалай өтті?
Бірден алға озып айтайық, Орталық сайлау комиссиясы мен жергілікті атқарушы органдардың, облыстық, қалалық және учаскелік сайлау комиссияларының ұйымдастыру жұмыстарын мейлінше тыңғылықты атқарып, тұрғындардың қызығушылығын оятуға шама-шарқынша тырысқандығынан болар, бұқара халық та бұл күні ерекше белсенділік танытты. Ал дауыс беру барысы, жалпы алғанда, ың-шыңсыз, яғни сайлау заңнамасы өрескел бұзылды дейтіндей төтенше оқиғаларсыз өтті. Мұны біз емес, сайлау барысын бақылап, көрген-түйгендерін ауық-ауық БАҚ өкілдерімен өткізілген арнайы брифингтерде мәлімдеп отырған шетелдік байқаушылар айтып жатты. Шетелдік байқаушылардың делегациялары сәуірдің 3-і таңғы 7-де дауыс беру басталған сәттен -ақ сайлау учаскелерін аралап, өз міндеттеріне кіріскен болатын. Олардың біразы сол күні сағат 11-ден бастап БАҚ өкілдерімен кездесіп, сайлау барысы туралы алғашқы пікірлерімен бөліссе, енді біразы ертеңінде, яғни сәуірдің 4-і күні бақылау қорытындыларын жарыса жариялады. Бір қызығы, барлық шетелдік байқаушылардың пікірлері, тұтастай алғанда, бір арнаға – сайлау жоғары деңгейде ұйымдастырылып, тыныш өтті деген ортақ түйінге тоғысқан сыңайлы. Сөзіміз құрғақ болмас үшін Астана қаласындағы сайлау учаскелерін бақылаған бірқатар шетелдік байқаушы миссия өкілдерінің дауыс беру жүріп жатқан кезде айтқан пікірлерін келтіре кетейік.
ИКҰ-ның ұйғарымы
Шүкру Туфан, Ислам Конференциясы Ұйымы делегациясының мүшесі:
– Қазақстандағы сайлауға байланысты Ислам Конференциясы Ұйымы атынан құралған делегация бірқатар дауыс беру учаскелерінде болып қайтты. Атап айтқанда, осы учаскелерді аралау кезінде қандай да бір заңбұзушылықтарды байқаған жоқпыз.
Болгар «бұрышынан» қос пікір
Нина Дюльгерова, халықаралық қатынастар, экономика және тарих ғылымдарының докторы, Болгария делегациясының мүшесі:
– Шындығын айтсам, өз басым дауыс берудің ұйымдастырылу деңгейінің жоғарылығынан жақсы әсер алдым. Дауыс беру барысынан бәлендей заңбұзушылық немесе олқылық байқаған жоқпыз. Қалыпты, байсалды жүріп жатыр. Тізімге қатысты туындап қалып жатқан техникалық сәттер де дереу шешілуде. Біз түске дейін үш сайлау учаскесінде болдық және дауыс берушілердің белсенділігін көрдік. Соңғы сайлау учаскесінде тізім бойынша 2000-нан астам сайлаушы болатын болса, таңғы 07.00-ден түскі 11.30-ға дейінгі аралықта 500-ге тарта сайлаушы дауыс беріп үлгерді. Бұл дегеніңіз сол учаске бойынша дауыс берушілердің 25 пайызына жуық.
Тодор Благев, Болгария делегациясының мүшесі:
– Тек сайлаушылардың тізіміне қатысты техникалық келеңсіздіктер болды. Бұл, негізінен, тұрғындардың сайлау учаскесіндегі тізімде болмай қалуына байланысты техникалық мәселелер. Дегенмен бұл жағдайда сайлаушылардың өздері жауапкершілік танытып, сайлауға дейін тізімде бар-жоғын анықтап алулары тиіс болатын. Сондықтан мен мұндай жайттарды заңбұзушылық деп санамаймын. Мұндай техникалық сәттер әлемнің барлық елінде болады.
Пол Вилле, Бельгия Парламентінің құрметті сенаторы:
– Қысқа мерзімді байқаушы ретінде біз көргенімізді айта аламыз. Мен сайлаудың қалыпты өтіп жатқанын көрдім. Дауыс беру үрдісінен айтарлықтай кемшілік байқаған жоқпын. Сайлаушылардың дауыс беруде кандидат таңдауға мүмкіндігі болды.
Сайлау мереке секілді
Альфред Рубикс, Еуропарламент депутаты, Латвия:
– Мен Қазақстанға сынау үшін келген жоқпын, сайлауды көзбен көріп, бақылауға келдім. Мені сайлау барысына қатысты кемшіліктерді тізіп, олқылықтарды айтады деп күтсеңіздер, бірден мәлімдеймін, ол ойларыңыздың үдесінен шыға алмаймын. Өйткені өзіміз аралаған сайлау учаскелерінен бәлендей кемшіліктер көрген жоқпын. Мені кездескен адамдардың барлығының да сайлауға мерекеге бара жатқандай кейіпте болуы қуантты. Расында, сайлау учаскелерінде кішігірім концерт секілді мерекелік шаралардың ұйымдастырылғанына да куә болдық. Сайлауға адамдардың отбасымен келгенін көрдік, кейбіреулерімен аз-кем сұхбаттастық та.
ХАЛЫҚ ЕРЕКШЕ БЕЛСЕНДІЛІК ТАНЫТТЫ
Президент сайлауына республика жұртшылығы өте белсенді түрде атсалысты. Сол күні, яғни 3-і күні түнгі сағат 10:30-да баспасөз мәслихатын өткізген Орталық сайлау комиссиясының төрағасы Қуандық Тұрғанқұлов ел президентінің кезектен тыс сайлауына республикамыздағы сайлау құқы бар азаматтардың 89,9 пайызы қатысқанын атап өтті.
Сонымен, сәуірдің 3-і күні түнгі сағат 10 кезіндегі мәлімет бойынша, елімізде сайлау құқығы бар азаматтар республикадағы 9725 сайлау учаскелерінде дауыс берді. Бұдан бөлек, ел аумағынан тысқары жерлердегі азаматтар Қазақстанның шет мемлекеттердегі дипломатиялық өкілдіктерінің жанынан құрылған сайлау учаскелеріне барып, өз таңдауларын жасады.
Сайлауда дауыс беру көрсеткіші бойынша 96,9 пайызбен Алматы облысы көш бастап отыр. Аталмыш аймақтағы сайлаушылардың 850 662-сі дауыс берген. Екінші орында – Жамбыл облысы, 95,3 пайыз дауыс берген. 95,1 пайызбен үшінші орында Ақтөбе облысы тұрақтаған. Ең аз көрсеткішке ие облыс – Павлодар. Бұл өңірде сайлауға құқы бар азаматтардың 88,3 пайызы ғана дауыс беруге қатысқан. Ал, керісінше, басым бөлігін саяси элита мен қоғамның басты қозғаушы күші құрайтын Алматы және Астана қалаларының тұрғындарының белсенділігі онша байқалмаған. Алматы қаласының 68,5 пайызы, ал астаналықтардың 69,1 пайызы ғана өз таңдауларын жасау үшін сайлау учаскелеріне келген. Қазіргі мәлімет бойынша Қазақстан бойынша 9 миллионнан астам сайлаушының 89,9 пайызы, яғни 8 252 718 азамат дауыс берген (толық тізімді төмендегі кестеден көруге болады).
Ең тыныш сайлау
Биылғы кезектен тыс президент сайлауы электораттың ерекше белсенділігімен ғана емес, дау-дамайсыз өтуімен ерекшеленген. Заңға қайшы әркеттер мен сайлаушылардың құқықтарының бұзылуы туралы айтарлықтай оқиғалар болмаған. Оны мамандар да мойындап отыр. Бас прокуратураның Әлеуметтік-экономикалық саладағы заңдылықтарды қадағалау департаментінің бастығы Андрей Кравченко бұл сайлауды «ең тыныш әрі арыз-шағымдар аз түскен сайлау» деп бағалады.
Андрей Кравченконың мәліметіне қарағанда, сайлау күні елдегі түрлі мемлекеттік органдарға құқық бұзушылыққа қатысты 15 қана өтініш түскен. «Аталмыш өтініштердің тоғызы прокуратура органдарына, бесеуі учаскелік сайлау комиссияларына, ал бір өтініш сотқа жолданғаны белгілі болып отыр. Олардың барлығы да кезектен тыс сайлау кезінде болған мәселелерге байланысты. Прокуратура органдары аталған шағымдардың бір парасы бойынша тиісті шаралар қолданды. Ал шағымдардың тағы бір бөлігі іс жүзінде расталмады», – деп атап өтті ол.
ПРЕЗИДЕНТТІККЕ КАНДИДАТТАР ДА ДАУЫС БЕРДІ, БІРАҚ КІМ КІМГЕ?..
Айтқандай, сәуірдің 3-і күні Қазақстан президенттігіне кандидаттардың өздері де сайлау учаскелеріне келіп, дауыс берді. Мысалы, Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев, Жамбыл Ахметбеков Астанада, Мэлс Елеусізов пен Ғани Қасымов Алматыдағы сайлау учаскелерінде дауыс берді.
Сайлау күні ҚР Президенті Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев елордадағы Ұлттық академиялық кітапханада орналасқан №182 сайлау учаскесіне жұбайы, еліміздің бірінші ханымы Сара Назарбаевамен бірге келіп, дауыс берді. Дауыс бергеннен кейін бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдеріне арнап сөйлеген сөзінде Н.Назарбаев Қазақстанның тағы бір тарихи сәтті басынан өткеріп отырғандығын атап көрсетті. Елбасы биылғы жыл Қазақстан Тәуелсіздігінің 20 жылдығы екендігін айта келе, осы жылдар ішінде жас мемлекеттің көптеген қиындықты еңсергенін, алайда алдымызда бұдан да іргелі міндеттер тұрғандығын жеткізді. «Бүгін біз өз болашағымызды таңдау үстіндеміз. Бүкіл әлемнің назары Қазақстандағы кезектен тыс президенттік сайлауға ауып отыр. Тәуелсіздігіміздің 20 жылдығы қарсаңында өтіп отырған Қазақстандағы осы сайлаудың тарихи мәні өте жоғары. Біз бұған дейін де көп жұмыс атқардық. Алайда алдымызда одан да маңызды шаралар күтіп тұр. Қоғам мен мемлекетімізді жаңғырту мақсатында ауқымды жұмыстар атқарылмақ», – деді Президент. Сонымен қатар Мемлекет басшысы кезектен тыс сайлаудың ерекшелігіне тоқтала отырып, кандидаттарға теңдей мүмкіндік жасалғанын, олардың БАҚ-та өз ұстанымдарын халыққа жеткізу үшін барынша жағдайлар қамтылғанын атап өтті. Президенттің айтуынша, кандидаттардың барлығына өңірлерді аралап, халыққа өз бағдарламаларын жеткізуге толық мүмкіндік болды. «Біз қоғамға ашықпыз. Қазақстанның Орталық сайлау комиссиясы 1059 байқаушыны, 200-ден астам шетелдік журналистерді тіркеді. Міне, осындай ашық әрі заңды атмосферада елімізде ашық сайлау өтіп жатыр. Бүгін барлық қазақстандықтар дауыс беруге отбасыларымен, ұжымдарымен, топ-тобымен келуде. Мен осындай белсенділік үшін ризамын. Барлығымыз бірге біздің қоғамның тұрақтылығы үшін, көпұлтты еліміздің достығы үшін, болашағымыз үшін, балаларымыздың болашағы үшін, әлеуметтік жаңғыру үшін, біздің азаматтарымыздың жақсарып келе жатқан әл-ауқаты үшін, біздің ортақ үйіміз – Қазақстан Республикасы үшін дауыс береміз», – деп тұжырды сөзін Президент.
Қазақстан президенттігінен үміткер Жамбыл Ахметбеков жексенбі күні сағат таңғы 9-да Астанадағы №38 сайлау учаскесіне отбасымен және өзін қолдайтын көрші-қолаң, ағайын-туыстарымен келіп, дауыс берді. Бұған дейін бірде-бір сайлауды құр жібермеген Жамбыл Ахметбеков үшін бұл сайлау ерекше саналуда. Себебі айтпаса да түсінікті. Сондықтан да көңіл-күйі көтеріңкі болғанымен, қобалжулы екенін жасырмады. «Сайлаудың нәтижесі қалай болса да, ең бастысы, Қазақстанымыз, еліміз өсіп-өркендеуге бет бұрды. Ынтымақ, ырыс, береке – барлығы осы бүгінгі күннен басталады. Бүгінгі күн Қазақстанның өркениетті елдердің қатарына қосылуына бастар жолдың тағы бір қадамы болып саналады», – деді ол дауыс беріп шыққан соң.
Өміріндегі сайлаулардың ешқайсысынан қалмай, бәрінде таңғы сағат 7-ден бастап сайлау учаскесінің алдында тұратынын айтқан ол мұның өзі тәрбиенің көрінісі деп санайтынын жеткізді. «Біз жас кезімізден сайлаудан қалмауға тәрбиеленгенбіз. Сайлауға бару тойға барумен бірдей, ол біз үшін мейрам саналатын», – дейді кандидат.
Жеңістен үміт күткен ол егер додадан сүрінбей келіп жатса, бұл халықтың да жеңісі деп санайтынын айтып ағынан жарылды. «Менің жеңісім халқымның жеңісі боп саналады. Бүгінгі берілген дауыстың барлығы Қазақстанның өсіп-өркендеуіне берілген дауыс деп есептеймін», – деді кандидат.
Алайда халық басқа таңдау жасады. ОСК-нің алдын ала деректері бойынша 95 пайыздан астам дауыс беруші қазіргі Елбасыға дауыс берді.
Сайлау күні алғашқылардың бірі болып Алматы қаласындағы №313 сайлау учаскесіне президенттіктен үміткер Ғани Қасымов келді. Дауыс беруге өзінің немересімен келген патриоттардың «патшасы» «Мен сайлауға қатысып, дауысымды бердім. Сайлаушылардың барлығы да учаскелеріне барып, өз таңдауларын жасасын» деген ұсыныс білдірді. Сонымен қатар Алматы шаһарында орналасқан
№ 247 сайлау учаскесіне президенттіктен тағы бір үміткер Мэлс Елеусізов өз отбасымен келіп дауыс берді. «Табиғат» экологиялық қозғалысының төрағасы дауыс беру бюллетенін қолына алып тұрып: «Мен тарихта болмаған жағдай жасағалы тұрмын. Мен өз дауысымды бұл сайыста жеңімпаз болып шығатын Нұрсұлтан Әбішұлына беремін. Мен ғана емес, сонымен қатар менің отбасым да қазіргі Президентке дауыс береді», – деді. Сайлауды спорттық жарысқа теңеген Мэлс Хамзаұлы өз ойын «мен өз дауысым арқылы Назарбаевты жеңісімен құттықтап, қолын алдым деп есептеймін» деп қорытындылады.
– Сайлау аяқталды. Науқан қандай деңгейде жүргізілді?
– Ойдағыдай болды. Ешқандай әкімшілік те, басқа да кедергілер болған жоқ. Өте қысқа мерзім болса да, алдыма қойған мақсаттарымды толықтай жүзеге асырдым.
– Сайлаушылардың қанша пайыз дауысын аламын деп ойлайсыз?
– Ол жағын нақты айта алмаймын. Орталық сайлау комиссиясының қорытынды мәліметтерінен кейін бәріміз бірге білетін боламыз.
– Сіз Назарбаевқа дауыс бердіңіз, ол кісі сізге дауыс берді деп ойлайсыз ба?
– (күліп) Білмеймін, мүмкін, алдағы сайлауларда маған дауыс беретін шығар.
Демек, Елбасының дауысынан дәмелі болған эколог әзіл-шыны аралас жауабы арқылы саясаттағы өзіндік күрес жолынан жаңылмайтынын емеурінмен жеткізді. Кеше Астана қаласында баспасөз мәслихатын өткізген Мэлс Елеусізов экологиялық партия құру туралы ойымен бөлісті. Өз кезегінде Ғани Қасымов та партияның жұмысына көңіл бөліп, алдағы жылы өтетін парламенттік сайлауға әзірленетінін айтып отыр.
Сайлау – бір күннің ғана жеңісі емес
Сөйтіп, өзінің конституциялық құқығын атқарып, халықтың белсенділігіне ризашылығын білдірген Елбасы Н.Назарбаев 3 сәуір күні түнгі сағат 12-лер шамасында «Нұр Отан» ХДП Орталық аппаратындағы сайлауалды штабына келген болатын. Дәл осы жерде Мемлекет басшысы өзінің мыңдаған жақтастарымен бірге «Хабар» телеарнасының жаңалықтары арқылы ҚР Орталық сайлау комиссиясының сайлауға қатысушылар белсенділігі туралы алдын ала мәліметтермен, сондай ақ Exit-poll-дың соңғы мәліметтерімен танысты. Сайлаушыларды учаске алдынан торуылдап, кімге дауыс бергендігі туралы мәліметтерді жинайтын, сөйтіп, жедел ақпаратты қамтитын Exit-poll мәліметтері бұл жолы да ҚР Президенті Н.Назарбаевтың айқын жеңісте екендігін көрсетті. Мәселен, ҚР Әлеуметтанушылар мен саясаттанушылар қауымдастығының жүргізген сауалнамасының қорытындысы бойынша, 3 сәуір күні өткен ҚР Президентінің кезектен тыс сайлауында Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевқа сайлаушылардың 94,82 пайызы дауыстарын берген. Қалған кандидаттар бойынша нәтижелер: Ғани Қасымовқа 2,17 пайызы, Жамбыл Ахметбековке 1,57 пайызы, Мэлс Елеусізовке 1,44 пайызы дауыс берді. Ал «Демократия институты» ғылыми-зерттеу қауымдастығының сауалнамасы бойынша респонденттердің 95,1 пайызы дауыстарын Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевқа беріпті. Сарапшылардың болжауынша, мұндай сауалнама барысындағы қателесу деңгейі шашамен +-0,44 пайызды құрайтынын да еске сала кеткен жөн. Сонымен, алдын ала мәліметтерді өзінің сайлауалды штабында, мыңдаған жақтастарымен, өңірлердегі штаб мүшелерімен телекөпір арқылы естіп, танысқан Елбасы Н.Назарбаев ыстық ықылас пен зор қошеметке ие болды. Телекөпір арқылы байланысқа шыққан өңірлік штабтар Елбасы Н.Назарбаевты кезекті жеңісімен құттықтап жатты. Сосын Президент сайлауға өзінің кандидатурасын ұсынған партиялық әріптестеріне, барлық өңірдегі штаб мүшелеріне, «Қазақстан – 2020» жалпыұлттық демократиялық күштер коалициясына, аймақтардағы 29 мың сенімді өкілі мен 80 мыңнан астам ерікті жақтастарына, сондай-ақ сайлауға қатысып дауыс берген барша қазақстандықтарға алғысын айтты. «Қадірлі отандастар! Мінекей, еліміздің Тәуелсіздік жылдарындағы тағы бір өте үлкен тарихи белес – Президент сайлауы өз мәресіне жетті. Орталық сайлау комиссиясының алдын ала мәліметтері бойынша, қазақстандықтар, біздің азаматтарымыз менің жүргізіп отырған саясатымды, әр күні аптаға, әр аптасы жылға баланатын өткен 20 жыл бойы істеген шараларымызды мақұлдап, сайлауға қатысу арқылы болашаққа жоспарлаған барлық бағдарламамызға сенім білдіріп отыр. Ел басқаратын адамға, мемлекеттің Президентіне мұндай халықтың кең қолдауынан, теңдессіз сенімділік білдіруінен артық қандай марапат керек?! Сондықтан да маған сенімін артқан халқымнан айналайын!» – деді үлкен ризашылықпен Н.Назарбаев.
Сонымен қатар Н.Назарбаев алдын ала мәліметтерге сүйене отырып, қазақстандықтардың басым бөлігі кезекті рет реформаны жақтағанын, қалың көпшіліктің қоғамды жаңғырту жолын таңдағанын, азаматтарымыз өздерінің ахуалын одан сайын жақсарту бағытын қолдағанын атап өтті. «Сайлауда дәл сайлау күні емес, одан бұрын жасаған істерің жеңіске жетелейді. Ендеше, біздің өткен 20 жылда жүзеге асырған ауқымды жұмыстарымыз бекер болмады. Бұл жолғы сайлау өзіміз сол кездері таңдаған бағыттағы атқарылған ісіміздің берілген бағасы, сынағы болды», – деген Елбасы өзінің сенімді өкілдеріне, әсіресе өзін жақтауда белсенділік танытқан жастарға тағы бір мәрте ризашылығын білдірді. Президенттiкке үміткер болған басқа да кандидаттарға алғысын айтып, олардың көтерген ұсыныстарына назар аудару қажеттігін еске салды. «Біздің барлық жетістіктеріміз – бірліктің нәтижесі. Көпұлтты Қазақстанның татулығының жемісі. Біздің мемлекеттік саясаттың ең басты бағыты – қазақстандықтардың тұрмысын жақсарту. Менің Қазақстан халқына Жолдауым мен еліміздің 2020 жылға дейінгі стратегиялық даму жоспарында көрсетілген міндеттер мен соған байланысты қабылданған бағдарламаларды жүзеге асыруға қарқынмен кірісуіміз керек. Мен сіздерді, қымбатты тұрғыластарым, сайлауалды науқаны кезінде қалай тиімді, сауатты әрі бекем қимылдасаңыздар, осы жұмыста да солай әрекет етуге шақырамын», – деді сайлауалды штабында өз жақтастарына арнап сөйлеген сөзін қорытындылаған Елбасы Н.Назарбаев.
ЖЕҢІЛГЕНІНЕН ЖЕР ШҰҚЫҒАН ЕШКІМ ЖОҚ
Астанадағы журналистер үйіндегі баспасөз орталығында Мэлс Елеусізов пен Жамбыл Ахметбеков қорытынды баспасөз мәслихатын өткізді. Екеуі де өзін қолдап, дауыс бергендерге, сайлау науқанында тер төгіп, сойылын соққандарға рақметін айтып, алғысын жариялады. Ал Жамбыл Ахметбеков шашбауын көтергендерге партия атынан омырауларына жұлдызшаларын қадады. Екеуі де сайлаудың заң талаптарына сай әділ өткенін айтып, өздеріне берілген бағаға риза екендерін айтты.
Жамбыл Ахметбеков: «Орталық сайлау комиссиясы жариялаған дауыс беру нәтижелері шындықты объективті түрде көрсетіп отыр. Мұны мойындауымыз қажет», – десе, Мэлс Елеусізов: «Қазақстандағы президент сайлауының еркін әрі әділ және қолданыстағы заң талаптарына сай өткендігін мойындау керек», – деп атап көрсетті.
Бұл додадан шаң қауып қалатынын айқын білсе де, екеуінің де сайлауға қатысуда белгілі бір мақсаты бары белгілі болды. М.Елеусізов жұрттың назарын экологиялық проблемаларға аудартқысы келсе, Жамбыл Ахметбеков Парламент сайлауына түсуге тамаша мүмкіндік ашылғанын айтып отыр.
«Сайлауға түсудегі басты мақсатымды – өз идеяларымды қалың көпшілікке жеткізіп, азаматтардың назарын елдегі экологиялық проблемаларға аудару екендігін сайлау науқаны басталғанға дейін мәлімдеген болатынмын. Мен мақсатыма жеттім деп ойлаймын», – дейді Елеусізов, әйтеуір, қу тақырға отырып қалған жоқпын дегендей.
Ал Жамбыл Ахметбеков бұдан кейін Парламент сайлауына түсу ниеті барын білдірді. «Менің ойымша, президенттік сайлауда жұмыс істеген үгіт-насихат кампаниям Парламент сайлауына түсуге тікелей жол ашты. Қолдаушыларым еш алаңдамасын, мен партиялық қызметімді тоқтатпаймын», – деді ол.
Ал байқаушылар не дейді?
Инга Абгарова, грекиялық Mir i omonia газетінің журналисі:
– Мен сайлауға дайындық кезеңін өте жақсы ұйымдастырылған деп бағалаймын. Грекиядан сайлауды бақылауға Астанаға төрт, Алматыға үш делегат келіп отырмыз. Қазақстандағы сайлауға Грекия үлкен қызығушылық танытады, себебі Грекияда посткеңестік кеңістіктен көшіп барған көп азамат мекен етеді.
Дуглас Алан Таунсенд, АҚШ бақылаушылар делегациясының мүшесі:
– Біз түске дейін алты сайлау учаскесіне бардық. Сайлаушыларды тіркеу мен оларға сайлау бюллетеньдерін беру процедуралары толығымен дұрыс ұйымдастырылған деген қорытындыға келдік.
Николай Тактаров, ТМД бақылаушысы:
– Біз үшін бұл сайлауға қатысу маңызды. Өйткені осында алатын тәжірибемізді биылғы жылдың 4 желтоқсанында Ресей Федерациясы Мемлекеттік Думасының депутаттарын сайлағанда және келесі жылдың 11 наурызында РФ Президентінің сайлауында қолданатын боламыз.
Галина Муравьева, ТМД бақылаушысы:
– Алматыдағы жастардың сайлауға белсенді қатысып отырғанын айтқым келеді. Маған сайлау учаскелерінің ашылуы кезіндегі Қазақстанның Әнұранының ойналуы ұнады.
Сайлау кезінде Конституция талаптары сақталды
«Қазақстан Республикасы Президентін сайлау Конституцияның барлық талабына сәйкес өтті. Сайлау барысында заңға кереғар ешқандай әрекеттер байқалған жоқ». Кеше Алматыда «Заңгерлер әділетті сайлау үшін» республикалық қоғамдық бірлестігінің өкілдері осылай деп мәлімдеді.
Республикалық қоғамдық бірлестіктің төрағасы Өмірәлі Қопабаевтың айтуынша, бірлестік құрамына кіретін білікті заңгерлер Алматы облысы мен Алматы, Тараз, Талдықорған, Астана қалаларындағы сайлау учаскелерінде бақылаушы болған. «Заңгерлер бірауыздан сайлаудың өте әділ өткенін айтты. Біз бақылаған барлық учаскелерде тәртіп пен реттілік сақталды. Сайлаудың шынайы өтуі біздің демократиялық ел екенімізді тағы бір дәлелдеп берді»,– дейді Ө.Қопабаев. Оның айтуынша, 2005 жылдан бері тұрақты қызмет етіп келе жатқан «Заңгерлер әділетті сайлау үшін» республикалық қоғамдық бірлестігінің құрамына бүгінде Алматы қаласындағы белгілі оқу орындарының білікті заңгерлері кіреді. Бірлестіктің негізгі мақсаты демократияның бір институты саналатын сайлауды жетілдіру, сайлау заңдарын халыққа жеткізу болып табылады.
Сейілхан Әуелбеков, «Заңгерлер әділетті сайлау үшін» республикалық қоғамдық бірлестігінің мүшесі:
– Сайлау сәтті өтті. Халықтың сайлауға қатысу белсенділігі өте жоғары болды. Мен Алматыдағы төрт сайлау учаскесінде болдым. Бақылаушы ретінде ешқандай заңбұзушылықты көрген жоқпын. Ең бастысы, сайлау өте жинақы, дұрыс ұйымдастырылған. Әркім өзінің дауысын беріп, кетіп жатты. Кейбір сайлау учаскелерінде бірінші рет сайлауға қатысқан жастарға және қарт адамдарға сыйлықтар беріліп жатты. Сайлау мерекелік күйде өтті деуге де болады.