Қазақстан Президенті терроризм мен дінді қатар қоймауға шақырды
Қазақстан терроризм мен экстремизмнің кез келген көрінісін айыптайды, бұл туралы Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев шетел елшілерінің алдында сөз сөйлеген кезінде айтты. Бірақ ол террорлық әрекеттерді бейбітшіл исламға телімеуге шақырды, - деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі.
"2015 жыл қауіпті сындар мен жаһандық ауқымдағы қатерлердің өсуімен басталды. Париждегі террорлық әрекеттер қазіргі заман қоғамының халықаралық терроризмнің алдында осал екенін көрсетті. Бүгінде терроризмнің жаһандық мәселеге айналғаны ешкімнің күмәнін туғызбайды және онымен бүкіл әлем болып күрескен жөн. Қазақстан терроризм мен экстремизмнің кез келген көрінісін табанды түрде айыптайды және бүкіл елдердің бұл зұлым күшке қарсы ғаламдық жұмысына атсалысады", - деді Нұрсұлтан Назарбаев Астанада шетел дипломатиялық корпусы өкілдерімен кездесуде.
Оның айтуынша, Қазақстан бұл қауіп-қатерге қарсы күресте халықаралық қоғамдастықпен өзара әрекет етуге күш салуға дайын. Бірақ ол терроризмді мұсылман дінімен байланыстырмау керектігін ескертті. "Радикализмге және терроризмге қарсы күреске күш салу дәстүрлі, бейбітшіл исламмен және басқа да діндермен байланыста қаралмауы керек. Мәдениетаралық, дінаралық диалог негізінде ғана біздің арамызға іріткі салатын идеологияларын таңатын экстремизмге қарсы тұруға болады", - деді Президент.