Қазақи жеке куәлiктер тапсырылды
Елордадағы Әлкей Марғұлан атындағы №40 қазақ орта мектебiнде сәуiрдiң алғашқы күндерi осы бiлiм ордасының қызметкерлерiне қазақ тiлiнде толтырылған жеке куәлiктер тапсыру рәсiмi өттi.
Әңгiме құжаттардың қазақша толтырылуында ғана емес. 30-ға тарта мұғалiмнiң аты-жөнi Қазақстан Республикасы Президентiнiң «Ұлты қазақ азаматтардың тегi мен атын жазуға байланысты мәселелердi шешу тәртiбi туралы» 1996 жылғы сәуiрдiң 2-сiндегi №2923 жарлығына сай қазақи қалыпта, «-ов», «-ова» жұрнақтарынсыз көпшiлiк деңгейiнде алғаш рет рәсiмделiп отыр. Бұл солай болуға тиiстi болып көрiнгенмен, «ештен кеш жақсы» дегендей, сең қозғалғандай, игiлiктi iстiң басы деуге болады. Әлеуметке жағымды бұл шараға Астана қаласы әкiмдiгi Тiлдердi дамыту басқармасының бастығы Оразгүл Асанғазықызы мен «Зерде» инновациялық орталығының директоры Ғабит Молдамұрат сияқты ұлтжанды азаматтар ұйытқы болды. Мектеп ұжымының осы жақсы өнегеге бiр кiсiдей үн қосуына оқу орнының директоры Ербол Iсләмұлының да игi ықпалы болғандығы анық. Оның айтуынша, қазiргi уақытта мектеп ұжымында қызметкерлердiң 80 пайызының құжаты қазақшаланып, аты-жөнiнiң жазылуы бiрыңғайланған. «Зерде» инновациялық орталығының директоры Ғабит Молдамұраттың айтуынша, Астана қаласындағы №4 мектеп пен №29 және №75 балабақша ұжымдары да қазақы кейiптегi жеке куәлiктерiн алғалы отыр. Кезекте тағы 10 мектеп пен 5 балабақша тұрған көрiнедi. Осы жақсы үлгi аты-жөнiн қазақы қалыпқа түсiре алмай жүргендерге жұғысты болса, қанеки!