Қазақ хандығының 550 жылдығына арналған логотип таңдалды
Қазақ хандығының 550 жылдығына арналған логотип таңдалды, - деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі. Еске сала кетейік, 2015 жылы Қазақ хандығының құрылғанына 550 жыл толып отыр.
ҚР Мәдениет және спорт министрлігі жариялаған конкурста Алмаз Нұразхан жеңіп шықты. "Таңдалған №4 эскиздің негізінде автор Алмаз Нұразханға баннердің эскизін жасау ұсынылады", - деп хабарлады Қазақстан халқының рухани даму қорының өкілдері.
Конкурсқа жалпы 14 логотип қатысты. Оның ішінде блогер Бақытжан Бұқарбаев та бар. Ол конкурстың ұйымдастырылуына көңілі толмайтынын айтты. Оның айтуынша, конкурс жеткілікті деңгейде жариялы түрде өткен жоқ.
"Конкурстың ережесіне сәйкес, үміткерлерге еңбекті жасап шығу үшін тура бір апта берді. Сол бастан-ақ күдік туып, жеңімпаздың анықталып қойған шығар деп ойладым, ал конкурс болса "жалған" және көзбояушылық үшін ұйымдастырылған, десе де мен сынасып көрсем деп ойладым. Конкурсқа ұйымдастырушылар барынша аз адамның қатысқанын қалағандай болып көрінді", - деп жазды ол блогында. Сонымен қатар, Бұқарбаев жеңімпаз Алмаз Нұразханның Қазақстан халқының рухани жаму қорының қызметкері екенін де айтты.
Бақытжан Бұқарбаев пен суретші Дулат Үсенбаевтың логотиптері
Ал қордың өкілдері конкурстың әділ өткенін, логотипті құрамында қордың қызметкерлері мен ҚР Мәдениет және спорт министрлігінің өкідері бар қазылар алқасының мүшелері таңдағанын айтты.
Еске сала кетейік, Қазақ хандығының 550 жылдығына 23 миллиард теңге жаратылады деп жоспарланған.