Қазақ тауығының түсіне Ресейдің субсидиясы кіреді
Ағзаға тез сіңетін құс етінің пайдасы – әбден дәлелденген ақиқат. Кеңестік кезеңде ауылдағы кез келген үйдің қорасында ең кемі он тауық «қыт-қыттап» жүретін. Қазір ондайды көрмейсің. Неге деп сұрай қалсаң, «тауыққа беретін жем қымбат» дейді. Жиілеп кеткен қуаңшылық та отандық құс шаруашылығының «қанатын керуіне» кедергі. Қысқасы, шынымен де, «тауықтың түсіне тары кірді».
Дерекке жүгінсек, Қазақстан өз халқы тұтынатын тауық етінің жартысын ғана өндіреді. Ол шамамен жылына 250 мың тоннадай. Қалғаны – мұхит асып келген «Буштың сирағы» немесе Ресей мен Беларусьтің арзан өнімі. Өнім құнын арзан қылу үшін өндірушілер шағын ғана шөже етіне арнайы сұйықтық енгізіп, кішігірім доп деңгейіне дейін өсіріп жібереді. Арзандығына қызығып алған адам құнарсыздығына көз жеткізіп, тез теріс айналып кетеді. Елімізде тауықтың етті түрлерін өсіретін бар болғаны 15-16 фабрика бар. Өзге 40-тан астамы жұмыртқаға бейімделген. Жемі де, суы да мол Жайық өңірінде тауық саны 1 миллионнан асады. Ауыл шаруашылығы басқармасының мәліметінше, олар өткен жылы 95 миллион дана жұмыртқа берген. Барлық құстың тең жарымы облыстағы екі ірі мекеме – Орал құс фабрикасы мен «Агрофирма Ақас» ЖШС-не тиесілі көрінеді. Бұлар жұмыртқамен жарылқаса да, тауық етін аз көлемде береді.
Асқар ЖҰМАҒАЛИЕВ, «Агрофирма Ақас» ЖШС-не қарасты құс фабрикасының атқарушы директоры:
– Жұмыс жасай бастағанымызға биыл 12 жыл толды. Фабрикада 120 мың тауық бағылып, 50 мың балапан өсірілуде. Жоспар бойынша, биыл жыл аяғына дейін 28 миллион дана жұмыртқа өндіруге тиіспіз. Қазір күніне 100 мың жұмыртқа алынады. Жұмыртқа мен тауық еті тендер бойынша аурухана, мектеп, балабақша секілді әлеуметтік нысандарға жіберіледі. Жұмыртқаның бір данасының бағасы – 10-14 теңге, ал тауық етінің келісі – 250-320 теңге аралығында. Алдағы уақытта фабрикада үш жаңа цех ашылады. Сол кезде құс етін өндіруге дендеп кіріспек ойдамыз.
Облыстық ауыл шаруашылығы басқармасы бастығының орынбасары Исмадияр Жұмабаевтың айтуынша, малдың өнімділігі мен сапасын арттыру бағдарламасы бойынша биыл ішінара шығындарын өтеу үшін жұмыртқа өндіруші екі кәсіпорынға 125,2 миллион теңге көлемінде субсидия бөлінген. Сонымен қатар аталған фабрикаларға арзандатылған бағамен 5 мың тоннаға жуық жем босатылған.
Өкініштісі, бұл кәсіпорындар өндірген арзан ет пен жұмыртқа тек әлеуметтік нысандарға ғана қолжетімді бағамен барады. Ал былайғы халыққа қымбаттап жетеді. Мысалы, Оралдың дүкендері мен базарларында тауық етінің келісі қазір 450-480 теңгеден, ал жұмыртқа көлеміне қарай 18-23 теңге аралығында сатылуда. Әрине, өнім бағасын түсіру үшін тек саудагерлерді қыса бермей, өндіріс көлемін ұлғайту қажеттігі түсінікті жағдай. Қазақстан құс өсірушілер одағының президенті Руслан Шәріпов елдегі құс шаруашылығын субсидиялау көлемі мәз еместігін алға тартады. «Беларусь құс өсірушілері Үкіметтен 50 пайыз субсидия алып отыр, Ресейде де керемет қолдау бар. Осы мәселені оң шешу керек. Содан кейін Қазақстанда асылтұқымды құстар тапшы. Бройлер тауығын, күркетауық пен қаз-үйрек өсіргісі келгендер қиналып қалады. Жыл сайын шетелден 7 миллионнан астам долларға тұқымдық материалдар сатып алуға мәжбүрміз», – дейді Руслан Шәріпов.
Рас, барлығы жаман деп көпке топырақ шашуға болмас. 2013-2014 жылдар аралығында «ҚазАгро» ұлттық холдингі 21 жаңа құс фабрикасын салуға қаржы бөлеміз деп құлшынып отыр. Жоба жүзеге асса, импорт едәуір қысқарады деген тәтті үміт бар. Әрі бұл Елбасымыздың аймақтардың азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етуге берген тапсырмасымен де үндес келеді. Осы орайда шаруасы дәуірлеген Өскемен, Шымкент, Қарағанды, Петропавл, Алматы құс фабрикалары өзгелерге өнеге. Ал бір кездері болған Балқаш, Атырау мен Ақтаудағы құс фабрикаларының бүгінде сайда саны, құмда ізі жоқ. Мәселен, табиғаты қатаң Маңғыстау өңірі халқын сапалы тауық еті, жұмыртқамен қамту үшін 1974 жылы Ақтау қаласында құс фабрикасы іске қосылыпты. Орыстың ақ бас тауығы өсірілген фабрикада жылына 5 млн жұмыртқа, 150 тоннаға дейін құс еті өндірілген. Инкубаторда 350 мың басқа дейін жұмыртқа беретін тауықтар ұсталып, бағылып-күтілген. Фабрикада мал сою, өндірістік, жұмыртқа сақтау мен оларды сұрыптау бағытындағы үлкен шаруашылық алаңдары болып, ол салаларда барлығы 200-дей адам жұмыс істеген екен. Кейін нарықтың қылбұрауы мойынға түскенде фабрика жабылып тынған. Жан-жақтан жеткізілетін жемшөп тыйылғасын құс өсірудің тамырына балта шабылған. Кейінгі жылдары бірді-екілі инвестор табылғанымен, фабриканың тамырына қан жүгіртетін ешкім болмай тұр. Жалпы, бұрын болып, қазір шатқаяқтаған мұндай кәсіпорындар Қазақстанның барлық түкпірінен табылады. «Орны барды оңалтатын» сәт енді туған секілді.
Жарайды, фабрикаларды салып алдық делік. Сонда оларда кімдер жұмыс істемек? «Бұрынғы кадрлар қартайды, жастарды құс өндірісіне бағыттау, оқытып, мамандық беру мәселесіне бүгіннен бастап кірісу керек» деп есептейді сарапшылар.
Құс етінің түрлі кеселден ада болуы да аса маңызды. «Ауру – астан» дейді атам қазақ. Бір жылдары жаһанды шулатқан құс тұмауын әлі ұмыта қойған жоқпыз. Олай болса, Қазақстанда арнайы құс шаруашылығына лайықталған малдәрігерлік орталық ашу – кезек күттірмейтін мәселе.
Керек дерек
Тауық етінің ақуызы мол, бірақ майлылығы 10 пайыздан аспайды. Холестерин көрсеткіші өте төмен. Сондықтан ол жүрек-қан тамырлары ауруының алдын алуға өте тиімді. Мұнда адам ағзасына ауадай қажет амин қышқылдарының 92 пайызы шоғырланған. Дәрумендерді айтпағанда, темір, кальций, фосфор, күкірт, магний, мыс секілді элементтерге бай.