Қазақ қашан отандық киім киеді?
Ұл-қызын ұлттық нақышта киіндіріп қоятын ісмер қазақ іскер қазаққа айналды. Бірақ сол іскерлігі «Қазақстанда өндірілді» деп мақтанып, киіп алатын көйлек-көншегінен көрінбей тұр. Тоқыма өнеркәсібі тоқырауға түсті. Есесіне, қырғыз бен қытайдың, қала берді түріктің асығы алшысынан. Жүн-жұрқа мен тері-терсектің қадірі қазаққа білінбеген сайын олардың өндірісі өркендеуде. Ине-жіпке икемсіз қыз-келіншектеріміз көбейген сайын айыр қалпақты ағайын мен аспан асты елі шеберлерінің шаруасы шалқуда. Болмаса бір сәрі, болғаннан кейін барды ұқсата алмағанға бармақ тістейсің. Әйтпесе қазақтың жүні мен елтірісі басқа елдің бренді болып үстімізде жүргені қайбір жетіскен тірлік дейсіз.
Бүгінгі Қазақстанның жеңіл өнеркәсібінің басындағы проблема мынадай: шикізат тапшы, құрал-жабдық ескі, жаңа технология мен жұмысшы кадрлер жетіспейді. Отандық тоқыма-тігін өнімі ішкі қажеттіліктің 8 пайызын ғана өтеп тұр. Қазақстандық аяқкиімді таба алсаңыз тек күштік құрылымдардан көресіз. Нәтижесінде елдегі киім-кешектің 90 пайызы бізге импорт арқылы келіп жатыр. Импорт қос өкпеден қысқаннан кейін жеңіл өнеркәсіптің жаны шығар-шықпас күйде. Ал халықтың сұранысы орасан, жылына 6 млрд АҚШ доллары көлемінде шеттен өнім сатып аламыз.
Жағдай ылғи осылай болды ма? Әрине, жоқ. Көпшілігіміз даттауға дайын тұратын кешегі кеңестік кезеңде Қазақстанда мыңнан аса жеңіл өнеркәсіп орындары жұмыс жасап, олардың өнімі республика бюджетінің 25 пайызын құрады. Алматы мақта-мата комбинаты, Жамбыл былғары аяқкиім комбинаты, Семейдегі, Қостанай мен Шымкенттегі ірі фабрикалар сол кездің жемісі еді. Тағы бір айта кетерлігі, сол уақытта жүн мен теріге жүйелі көзқарас қалыптасты. Қырқылған қойдың жүні биязы, қылшықты деп сұрыпталып, биязысы матаға, қылшықтысы әскер қажетіне, шинель тігуге жұмсалатын. Кешкісін шамның жарығымен ұршығын иіріп, көрпе-жастығын құрап, киізін басып алатын әжелеріміздің әдемі тірлігі де отбасы бюджетіне біраз көмек болатын. Қала берді, 1990 жылдардың басында тек Қазақстанның өзінде 18 фабрика жылына 50 млн жұп бәтеңке тікті. 60 мың тоннадан астам биязы жүн шалбар, костюм, жейде, шұлық күйінде өзімізге оралып отырды. Қысқасы, ешкімнен киім сұрап киген жоқпыз, өз қолымыз өз аузымызға жететін.
Нұрғиса ЕЛЕУБЕКОВ (фото)
Осы кездерде өндірісті жаңғырту, жаңа жабдық орнату мәселесіне мән берілмей қалды. Уақыт өтіп, нарық жетті де, жеңіл өнеркәсіптің жаназасын шығаруға кірісті. Бәсекеге төтеп бере алмаған фабрика, кәсіпорындар жабылды, көбі тоналды. Қазір Қазақстанның әр облысынан кафе-мейрамхана немесе сауда үйі болып тұрған бұрынғы тоқыма-тігін орындарының ғимараттарын кездестіруге болады. Мысалы, бір кездегі Орал тоқыма-тігін фабрикасы қазір «Алматы» мейрамханасы болып тұр.
Тауар құнын базар бағасы анықтайтыны белгілі. Бізден кеткен шикізат шетел асты. Ол жердегілерге қазақтың қамы емес, қалтаның қоңы маңызды. Жүннің жұқанасынан тігілген сапасыз жейде, терінің пұшпағынан пішілген арзанқол аяқкиім талай қазақтың зығырданын қайнатып, «әй бәлем» дегізгені күні кеше. Студент болып жүріп, өзіміз де Қытайдың май сасыған бәтеңкесінің сірісінен қажыған едік. Сол кезде Оралдағы Цеткин атындағы фабрика ғимараты жанынан өтіп бара жатқан адамға алып денелі, бірақ қауқарсыз қартты еске түсіретін. Қазір де өзгерген көп ештеңені көре алмай отырмыз. Бертін келе «Диана» атанған кәсіпорын өндірісті жетілдірудің орнына құны қымбат жапондық тігін машиналарын жаппай сатуымен көзге түсті.
Кәсіпкерлердің жеңіл өнеркәсіптен қашқақтайтын тағы бір себебі импортқа әбден бауыр басқанымызда болса керек. Дайын өнімді алып-сатып байығандар өндірістен қашады. Өйткені өндіріс ашу үшін оны жабдықтауға, іске қосу үшін бас ауыртуға, мол қаржы салуға тура келеді. Салған қаржы бірден пайда әкелмейді, пайда табу үшін бірнеше жыл күту қажет.
Екінші бір түйткілді мәселе – жұмыс істеп тұрған отандық тігін фабрикалары өз өнімдерін жарнамалау, маркетинг секілді маңызды тетіктерді пайдалануға мүлде құлықсыз. Өйткені көпшілігі мемлекеттік тапсырысқа ауыз ашып үйренген. Әсіресе мектеп формаларын тігуге тапсырыс алып, осымен өндірісті жылы жауып қоятындары көп. Әрі қарай тырысып, халықаралық сапа сертификатын алуға, шетелдік компаниялардың талабына сай болуға тырысып жүргендері некен-саяқ.
Елімізде жыл сайын 15-20 мың тонна жүн және 8 млн тоннаға жуық тері шикізаты өндіріледі екен. Соның кәдеге жарайтыны, яғни өңделетіні – 10 пайыз. Сонда ондаған мың тонна шикізат іріп-шіріп, ашық аспан астында жатады деген сөз.
Ербол САЛЫҚОВ, БҚО әкімінің орынбасары:
– Саланың шешімін таппай келе жатқан мәселелерінің бірі – тері мен жүнді кәдеге асыру. Шикізаттың бұл түрі далада қалып жатыр. Тері, жүн өңдейтін кәсіпорындар мүлдем жоқ десе де болады. Мемлекет тарапынан қазіргі уақытта жүнге субсидия беріледі. Бірақ биязы жүнге ғана. Ал біздің облыста өсірілетіні – қазақы, еділбай қылшық жүнді қойлары. Мұндай қылшық жүнге көршілерден де сұраныс болмай отыр. Осы бағытта дамыған түрік, иран кәсіпкерлерімен кездесіп, мәселені шешуге қадам жасап жүрміз. Ауылдық жерлерде киіз басылып, көрпе жасалады. Бірақ бұл ауыз толтырып айтарлық көрсеткішке келмейді. Облысымыздағы «Аяз» кәсіпорны жақсы байпақ шығарады. Алайда ол байпақты өткізу үшін нарықтағы өзінің тиісті бағасы қажет. Бұл – ауылдық жерлерде, аудан әкімдерінің есептерінде өткір айтылып жүрген мәселе.
Шынтуайтына келгенде, жеңіл өнеркәсіп – бұқара халықты жұмыспен барынша қамтамасыз ететін, әлеуметтік маңызы зор сала. Мысалы, Үндістан, Қытай мен Түркия мемлекеттерінде халықтың 20 пайызы осы кәсіппен шұғылданады екен. Оған сол мемлекеттердегі еркін экономикалық аймақтар құру, салықты жеңілдету, пайызы төмен несие беру, мемлекеттік инвестициялар оң ықпалын тигізген. Түркияда ол жалпы ішкі өнімнің 10 пайызына тең әрі ел бюджетінің 40 пайызын беріп тұр. Мамандардың пікірінше, Қазақстанда да жеңіл өнеркәсіппен жан бағуға болады. Әсіресе халқының дені бір кәсіппен шұғылданатын моноқалаларға өте тиімді. Сонымен қатар өндірісті өркендету үшін мемлекет тарапынан да біраз қадамға бару қажет. Атап айтқанда, ішкі нарықты сапасыз импорттан қорғау шарасын қолға алып, жеңіл өнеркәсіп орындарын қаржылық сауықтыруды, техникалық қайта жарақтандыруды бастау керек. Кіретін-шығатын тауарларға салықты көбейткен немесе квота белгілеген дұрыс. Кәсібін ашамын дегендерге ұзақ мерзімді, пайызы төмен несие беріп, белгілі бір мерзімге салықтан босатса, құба-құп. Мамандар мәселесін Бірыңғай экономикалық кеңістік аясында шешуге болады.