Қазақ елінің ұлттық идеясы – Мәңгілік Ел!
Ата Заңда айшықталған қағидатқа сәйкес, ел Президент жыл сайын елдегі жағдай мен Республиканың ішкі және сыртқы саясатының негізгі бағыттарына байланысты жыл сайын Қазақстан халқына жолдау арнайды. Биылғы Жолдау қаңтардың 17-ісіне дөп келгені белгілі. "Қазақстан-2050" стратегиясын жүзеге асырудың негізгі бағыттарына арналған Мемлекет басшысының бұл Жолдауы бірқатар жаңалықтарға толы болғаны да айқын. Жұрт күткен Жолдаудың ерекшелігі не болды? Соған тоқталғанды жөн санадық.
Президент Жолдауда Үдемелі индустриалдық-инновациялық даму бағдарламасының екінші бесжылдығын қалай жүзеге асыру тетіктерін айқындады. Елбасының айтуынша, келесі жылдан бастап аталған бастаманы инновациялық жағынан дамыту мәселесіне ерекше көңіл бөлініп, индустриалдық бағытына сәл шектеу қойылады. Осы орайда Н.Назарбаев отандық экономиканың негізгі қозғаушы күші – мұнай-газ саласы арқылы елімізге жаңа технологияларды кеңінен тартуды жүктеді.
Нұрсұлтан Назарбаев:
–Біз үшін мұнай-газдың нақты көлемін - дәл қазір және болашақта қанша мұнай қажет болатынын айқындап алуымыз маңызды. Электроника, коммуникация, лазерлік және медициналық технологиялар үшін қолданылатын сирек металдарды да ұмытпау қажет. Бізде ондай байлық та баршылық. Негізі, біздің жер қойнауымыз әлі толыққанды зерттелмеген. Қолда бары ол – беті ғана. Бүгінгі болжамға сәйкес, Қазақстанның жалпы жер байлығы қазіргі көрсеткіштен бірнеше есе көп.
Н.Назарбаев ірі инвесторлардың Қазақстанда жаңа технологиялық кәсіпорындарды құру қажеттігін тағы бір мәрте еске салды. Президенттің сөзімен айтсақ, «мұнай, тау-кен және ауыл шаруашылығына арналған техника өзімізде шығарылуы тиіс». Осыған байланысты Елбасы Қазақстанда тағы бір төртінші мұнай өңдеу зауытын қажет деп санайды. Атом электр стансасының құрылысы да биылдан қалмай, шешілуі керек. Ал ауыл шаруашылығы бойынша Президент елімізде біраз уақыттан бері игерілмей жатқан жерлер мәселесін жаңа жолмен, қытайлық тәжірибе негізінде шешуді ұсынды.
Нұрсұлтан Назарбаев:
–Мәселен, Қытай аграрлық секторды көтерген кезде, алдымен шаруаларға жер бөліп берді. Одан кейін жыл сайын кім қанша өнім алғанын тексеріп отырды. Сонда біреу апельсиннің 100 тоннасын өсіріп, екіншісі 50 тоннасын берсе, келесі жылы соңғысы өз жерін бірінші шаруаға беріп қоятын. Бәлкім, жер бойынша біз осындай тәжірибеге көшеміз? Себебі жер – ұлттың байлығы, оны тиімді пайдалану қажет.
Президент жастарға білім беру мәселесіне ерекше назар аударуды тапсырды. Алдағы үш жылдың ішінде білім беру орындары тапшылығы толығымен жойылуы тиіс. Ал 2016 жылдан бастап студенттердің стипендиясы 25 пайызға артады. Оған дейін, нақты айтсақ, 2015 жылғы шілденің 1-інен бастап азаматтық қызметкерлерге жалақы төлеудің жаңа үлгісі әзірленуі шарт. Оған сәйкес, денсаулық сақтау қызметкерлерінің жалақысы – 28 пайызға, білім беру мамандары үшін - 29 пайызға және әлеуметтік сала қызметкерлерінің еңбекақысы 40 пайызға өсуі керек. Сондай-ақ мүгедектік пен асыраушысынан айырылғандардың әлеуметтік жәрдемақылары 25 пайызға артады. Мемлекеттік қызметкерлердің де жалақысы көтеріледі. Бірақ ондай «бақытқа» тек «Б» корпусына енген мемқызметкерлер бөлене алады.
Нұрсұлтан Назарбаев:
–Мемлекеттік қызметкерлердің «Б» корпусының қызметкерлері үшін 2015 жылдың 1 шілдесінен бастап 15%, 2016 жылдың 1 шілдесінен бастап тағы да 15% өсіруді тапсырамын
Осы орайда Президент мемлекеттік қызмет саласындағы артық қағазбасты жұмыстан арылу қажеттігін тағы бір мәрте жеткізді. «Сол қағаздардың арғы жағында адамдар отыр ғой. Оларға кабинет керек. Оның үстіне барлығын тасып жүру керек. Бұнымен қоймай, өзінің қабылдау бөліміне хатшы сұрап алады. Бұл мәселені шешу керек», - деді Мемлекет басшысы.
Жолдау Үкіметке биыл жедел атқарылатын жеті міндетті жүктеді
«Қазақстан-2050» стратегиясын сапалы орындауда ағымдағы жылдың жүгі ауыр. Салмақты қадам да, салмақты қарым да осы алғашқы жылдары сапалы атқарылуы керек. Президент Нұрсұлтан Әбішұлының сөзімен айтқанда, «кез келген үлкен іс оның қалай басталғанына байланысты болады». Ендеше биылғы жыл аса маңызды. Осыны ескерген Елбасы Жолдауда Үкіметке биылғы басты жылда атқарылатын тапсырмаларды белгілеп берген болатын.
Елбасы ең алдымен Үкіметке ағымдағы жылдың экономикалық өсімін 6-7 пайыз деңгейінде қамтамасыз етуді жүктеді. Тоқтала кететін жайт, Президенттің пайымынша, «Қазақстан-2050» стратегиясында діттелген мақсаттарға қол жеткізу үшін еліміздің орташа даму қарқыны жылына 4 пайыздан кем болмауы керек. Солай бола тұра, бүгінгінің өзінде қазақстандық экономиканың 6-7 пайыздық дамуы туралы әңгіме болып отыр.
Нұрсұлтан Назарбаев:
–Экономика министрі Ерболат Досаев, 6-7 пайызды қамтамасыз ету қолжетімді мәселе деп санайды. Мен де солай санаймын. Шындығында, бұл көрсеткіш бастапқы жыл үшін аса маңызды.
Сонымен қатар, Н. Назарбаев ағымдағы жылдың қорытындысы бойынша халықтың жан басына шаққандағы жалпы ішкі өнімі 14,5 мың доллардан кем болмауы тиістігін алға тартты. Екінші маңызды міндет - Үкімет пен Ұлттық банк ағымдағы жылдың 1 мамыр айына дейін инфляцияны орта мерзімдік перспективада 3-4 пайызға төмендетудің кешенді шараларын әзірлеуі керек. Бұдан бөлек, Үкімет Ұлттық банкпен бірлесе отырып, 2014 жылдың 1 маусымына дейін қаржы секторын дамытудың 2030 жылға дейінгі кешенді бағдарламасын әзірлейтін болады. Жолдау барысында Н. Назарбаев Үкіметке «Самұрық-Қазына» Қорымен бірлесе отырып, мемлекеттің қатысуы бар барлық компанияларға сараптама жасап, олардың ішінде жеке секторға берілуі мүмкін кәсіпорындарды айқындау мәселесін жүктеді.
Нұрсұлтан Назарбаев:
–Біз жыл сайын осы туралы айтып келеміз, Әсет Өрентайұлы және Өмірзақ Естайұлы. Сіздер бір кездері революционер болған шығарсыздар, қазір консерваторсыздар. Бәлкім «25 жасқа дейін революционер болмағандарда жүрек жоқ, ал 40-қа келіп консерватор болмағанның миы жоқ» деген рас та шығар. Әлбетте, мен білемін, миларыңыз жақсы жұмыс істейді, алайда неге жекеменшік секторға берудің орнына барлығы мемлекеттендіріліп жатыр. Мемлекет бұдан кетуі керек, бұл тиімсіз, компанияларда артық дүниелердің ұсталып отырғанын да білеміз. Осының бәрі бизнеске берілуі шарт.
Сонымен қатар, Н. Назарбаев бұндай бағыттағы жұмыстарды барлық мемлекеттік секторда атқару қажеттігін айтып, ағымдағы жылдың бірінші тоқсанында 2014-2016 жылдарға арналған жекешелендірудің кешенді бағдарламасын қабылдауды жүктеді.
Тағы басты міндеттің бірі - 2030 жылға дейінгі Қазақстанның көлік әлеуетін дамыту бағдарламасы әзірлеу. Бұл ретте Елбасы халықаралық саудаға қатысты кедергілерді ысыру жағдайын баса назарда ұстауды алға тартты. Бұнымен арнайы топ жұмыс істейді. Сосын, Үкіметке жыл соңына дейін Астана, Алматы қалаларының агломерациясын қалыптастырудың 2030 жылға дейінгі аралықтағы стратегия жобасын әзірлеу жүктелді.
Елбасы Үкіметке артылған тапсырмалар барысында ағымдағы жылдың бірінші тоқсанының соңына дейін төртінші мұнай өңдеу зауыты мен Атом электр стансасының құрылысы мерзімдеріне инвестициялар көзі мен оларды орналастыру мәселелерін шешуі керектігін шегелеп айтты. Сосын мұндай шешімнің түйткілді тұстарына да тоқталды.
Нұрсұлтан Назарбаев:
–Мұнай мен газы бар елге Атом электр стансасы неге керек? Мұндай сұрақ қойылып та жүр. Жалпы, біз қолға алған кез келген мәселе бойынша жұртшылыққа түсіндіру жұмыстарын жүргізуіміз керек. Олар түсінулері шарт. Әйтпесе, басқа біреулер түсіндіруге кіріседі де бәрін былықтырады. Сондықтан да, мынаған назар аударған ләзім - әлем болашағы Атом электр стансасында. Газ жағу - бұл құнды қағаздарды, теңге мен долларды отқа жаққанмен тең. Бұның орнына біз өнімнің жүздеген түрлерін шығарып, оның құнын арттыратын едік. Ал мұнайды пайдалану - бұл да долларды отқа жаққанмен тең. Біз бүкіл әлемге уранды жеткізетін елміз. Бұл таза энергетика, ал ондай энергетика уранға бай біздің қолымызда болуы керек. Ең ақыры, бұл біздің ғылыми-техникалық прогресіміз. Мұндай стансалары бар мемлекеттер қазір басқа санаттағы елдерге жатады. Ең бастысы, бұл таза энергетика.
Сонымен қатар, Елбасы Атом энергетикасына қатысты айтылатын қауіптерге де тоқтала келе, соған қарамастан бірқатар Еуропа елдері балама энергетика ретінде осы бағытты құптап отырғанын, Жапонияның өзінде осы саланың дамуы тоқтап қалмағанын жеткізді. «Мұнай өңдеу мәселесінде де сұрақтар пысықталды. Көпке созбау керек. Қазақстанды өз мұнай өнімдерімен қамтамасыз етуіміз қажет», – деп түйіндеді Н. Назарбаев.
Негізгі түйін
Қазақстан халқына кезекті Жолдауында айтылған негізгі түйінді мәселе қазақ тілі турасында өрбіді. Мемлекеттік тілді меңгеру мен оны оқытудың нәтижесін тілге тиек еткен Н.Назарбаев қазіргі жағдайдың көңілге қонымды екенін мысалға алды.
Нұрсұлтан Назарбаев:
– «Қазақ тілі ғылым мен білімнің, ғаламтордың тіліне айналды. Қазір мемлекеттік тілде білім алатындардың саны көбеюде. Қазақстанда тілді оқытатын 57 арнайы орталық жұмыс істейді. Онда мыңдаған азаматтар қазақ тілін үйреніп шықты және әрі қарай үйрене беред»
Президент келтірген дерек бойынша, былтырғымен салыстырғанда тілін білуге талпынғандардың саны 10 пайызға өсіп отыр. Бұл өте жақсы жетістік. Сонымен қатар, біраз жайттан хабар береді. Айта кететіні, тілге жыл сайын бөлінетін қаржы да өте қомақты.
Нұрсұлтан Назарбаев:
–Тек соңғы үш жылда мемлекеттік тілді дамытуға республика бойынша 10 млрд. теңге бөлінді. Енді ешкім өзгерте алмайтын бір ғана қадам қалды. Ана тілі мәңгілік елімізбен бірге мәңгілік тіл болуы.
Сондай-ақ, қазақ тілін даудың тақырыбына емес, ұлттың ұйытқысына айналдыра білуіміз керек. Әрбір азаматтың тілді жетік меңгеруіне қатысты атқаратын жұмыс мол.
Нұрсұлтан Назарбаев:
–Біздің тіліміз мемлекеттің барлық жүйесінде қолданылуы керек болуы үшін бәріміз ат салысып, өзімізді өзіміз қамшылауымыз керек.
Назарбаев ұзақ мерзімдік бағдарламаға түсінік берді
Қазір арамызда сын айтып, болашағымызға сеніңкіремейтін түрлі топтардың бар екені белгілі. Сондай сыншылардың уәжіне қатысты Н.Назарбаев Жолдауында жауап беріп өткен еді.
Нұрсұлтан Назарбаев:
–Қазақстандықтар елдің болашағына сеніммен қарайды. Сауалнамаларға қарағанда, халықтың 97 пайызы әлеуметтік ахуал мен тұрақтылықты, және оның жыл өткен сайын жақсара түсуін қолдап отыр. Бүгінде қол жеткізген жетістіктеріміз ұлттың мақтанышы болды деп айтуға болады. Күшті, қуатты игіліктер ғана ұзақ мерзімдік тұрақты экономикалық өсіммен айналысады. Қазақстан-2050 стратегиясы барлық саланы қамтитын және үздік өсуді қамтамасыз ететін жаңғыру жолы деп білу керек.
Президент ұзақ мерзімдік бағдарламаны елдігіміз бен бірлігіміз сынала жүріп шындалатын үлкен емтихан екенін де ескертті. Сол арқылы стратегияны мүлтіксіз орындап, емтиханнан мүдірмей өту – елдің ортақ парызы, абыройлы міндет болып табылады. Сонымен қатар, бағдарламаны сынға іліп жүргендерге жауап айтылды.
Нұрсұлтан Назарбаев:
–Кейбіреулер «2030 жылға дейін бағдарлама жасап едік, енді 2050 жылға дейін жасадық. Біз бүгінгі күннің жағдайын ойлауымыз керек» деп айтады. Оны біз түсіндіре білуге тиіспіз. Мысалы, 2050 жылға дейінгі дамыған 30 елдің ішіне кіреміз деген бағдарлама арқылы жыл сайын халықтың әлеуметтік жағдайы жақсара түседі деп сену керек. Біз қалған 35 жылды 7 бес жылдыққа бөлсек, соның әр жылының ішінде әрбір мақсатты орындап, елдің жағдайын жасаймыз.
Президенттің пікірінше, біз егерде қай жерге баратынымызды, шығар асуымыз бен межемізді білмесек, онда бүгінгінің де мәселесін дұрыс шеше алуымыз екіталай. Сондықтан да бізге тиімді бағдарлама қажет. Айта кететіні, мұндай ұзақ мерзімдік бағдарламамен жұмыс істеп отырған тек Қазақстан ғана емес.
Нұрсұлтан Назарбаев:
–Мәңгілік Ел ата-бабамыздың сан мыңдаған жылдар бойғы асыл арманы екені баршамызға белгілі. Ол арман - әлем елдерімен терезесі тең, әлем қатынасынан ойып тұрып орын алатын Тәуелсіз мемлекет атану еді, ол арман тұрмысы бақуытты, түтіні түзу ұшқан, ұрпағы ертеңіне сеніммен қарайтын бақытты ел болу еді. Біз бұл армандарды ақиқатқа айналдырдық. Мәңгілік Елдің іргесін қаладық. Мен қоғамда «қазақ елінің ұлттық идеясы қандай болуы керек» деген сауалдың жиі талқыланатынын естіп жүрмін. Біз үшін болашағымызға бағдар ететін, ұлтты ұйыстыра ұлы мақсаттарға жетелейтін идея бар. Ол Мәңгілік Ел идеясы. Тәуелсіздік арқасында халқымыз мәңгілік мұраттарға қол жеткізді, еліміздің жүрегі елорда тұрғызылды. Қазақтың мәңгілік ғұмыры ұрпақтың мәңгілік болашағын баянды етуге арналады. Ендігі ұрпақ Мәңгілік Қазақтың перзенті. Ендеше Қазақ Елінің ұлттық идеясы Мәңгілік ел».
Сонымен қатар, Президент Мәңгілік Ел ұғымын ұлтымыздың ұлы бағдары «Қазақстан-2050» стратегиясының түп қазығы етіп алынғанын алға тартты.
«Тәуелсіздікке қол жеткізгеннен гөрі оны ұстап тұру аса қиын екені баршаға мәлім. Бұл әлем кеңістігінде ғұмыр кешкен талай халықтың басынан өткен тарихи шындық. Өзара алауыздық пен жан-жаққа тартқан берекесіздік, талай елдің тағдырын құрдымға жіберді. Тіршілік тезіне төтеп бере алмай жер бетінен ұлт ретінде жойылып кеткен елдер қаншама. Біз өзгенің қателігінен, өткеннің тағылымынан сабақ ала білуіміз керек. Ол сабақтың түйіні біреу ғана, ол Мәңгілік Ел», - деді Елбасы.