Қазақ елі шекарашыларын аза тұтқан күн
Бүгін – ұлттық аза тұту күні. Ұлттық қауіпсіздік комитетінің Шекара қызметі әскери қызметшілерінің қазаға ұшырауына байланысты елімізде мемлекеттік Ту түсіріліп, көңілді шаралар кейінге қалдырылды. Жаңа жыл мерекесі таяған сәтте бұл елдің еңсесін оқыс түсірген қайғылы оқиға болды.
Шымкент маңында Ан-72 әскери ұшағының апатқа ұшырау себептері тексеріліп, опат болғандардың барлығының отбасына қажетті көмек көрсетіледі. Кеше Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев бұл жөнінде тиісті мемлекеттік органдарға арнайы тапсырма беріп, оқиғаны назарда ұстайтынын білдірді. Сонымен бірге Елбасы қара жамылған отбасы мүшелеріне «Шымкент қаласы маңында әскери-көлік ұшағы апаты салдарынан Қазақстан Республикасы Ұлттық қауіпсіздік комитеті Шекара қызметі әскери қызметшілерінің қайтыс болғаны туралы хабарды қайғырып қабыл алдым. Қазақстан халқы атынан және жеке өз атымнан қайтыс болғандардың жақындары мен туысқандарына қайғырып көңіл айтамын» деген жеделхат жолдады. Үкімет басшысы Серік Ахметов те апатқа ұшыраған әскерилердің отбасына көңіл айтты. «27 адам, оның ішінде ҚР ҰҚК Шекара қызметінің басшылығы, әскери қызметкерлер мерт болды. Бұл – олардың туыстары мен жақындары үшін, еліміздің Қарулы Күштері үшін орны толмас үлкен қайғы. Бұл – барша қазақстандық үшін ауыр қаза. Әуе апатында қаза болғандардың туған-туыстарына, жақындарына қайғыларына ортақтасып, көңіл айтамын», – деді Премьер-министр. ҚР Парламенті депутаттары да кеше жалпы отырыс басталмас бұрын қаза болған шекарашылардың құрметіне бір минут үнсіздік жариялады. Президенттің Өкімімен желтоқсанның 27-сі күні ұлттық аза тұту күні болып жарияланды. Елімізде ойын-сауықтар кейінге қалдырылып, бұқаралық ақпарат құралдары көңілді бағдарламаларсыз хабар таратып жатыр. Шымкентте бүгін және ертең жаңажылдық шаралар өтпейтін болды. Кеше Ақордада осы оқиғаға байланысты мемлекеттік және құқық қорғау органдары басшыларының қатысуымен өткен шұғыл кеңесте Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев бұл әуе апатының үлкен трагедия екенін тағы еске салып, апаттың барлық жағдайын мұқият зерттеуді тапсырды. «Қызметтік тексеріс жүргізу үшін арнайы топ құрылды. «Қара жәшікті» ашқаннан кейін біз қайғылы оқиғаның мән-жайын толық білетін боламыз. Алдын ала мәліметтер бойынша, ешқандай жат ниетті сыртқы әсерлер болмаған деп айта аламыз. Бұл түрлі жағдайлардың салдары деп есептеймін. Сол күні Шымкент маңында ауа райы өте құбылмалы болды, соған қарамастан, экипаж ұшақты қондыруға тырысқан. Қаладан 40 шақырымда ұшақ радардан жоғалып кеткен. Ұшқыш тәжірибелі еді, ұшақ жарамды жағдайда болған, жоспарлы жөндеуден өткізілген. Дегенмен оқиғаның бар мән-жайы апат себептерін біз толық тексергеннен кейін нақты белгілі болады», – деді Елбасы. Мемлекет басшысы Үкіметке мұндай апаттардың қайталанбауы үшін тиісті шараларды қолға алуды және марқұм болғандардың отбасына барлық қажетті көмекті көрсетуді ескертті. Жиында ҚР Ұлттық қауіпсіздік комитеті төрағасының бірінші орынбасары Владимир Жұмақанов тиісті жұмыстар ұйымдастырылып жатқанын, оның ішінде қаза тапқандарды жерлеу ісімен айналысатын комиссия құрылғанын жеткізді. «ҰҚК төрағасы қаза болғандардың туыстарымен кездесті, «Оңтүстік» өңірлік басқармасында кеңес өткізді. Қайтыс болған командирлердің орнына міндетті уақытша атқарушы адамдар тағайындалды. Қазіргі уақытта қандай да бір қаскүнемдік әрекет болғанын айғақтайтындай белгілер жоқ. Жалпы, шекара қызметі жоспарлы тәртіпте жұмыс істеп жатыр, мемлекеттік шекара тиісінше қорғалуда», – деді В.Жұмақанов. Бас прокурор Асхат Дауылбаев оқиғаны тергеу үшін құрылған жедел тергеу тобының прокуратура, ұлттық қауіпсіздік органдары мен Ішкі істер министрлігінің әскери-тергеу бөлімшелерінен таңдалған ең үздік тергеушілерден тұратынын айтты.
Кеше оқиғаға қатысты басқа да бірқатар мәлімет жария етілді. Алдымен Бас прокуратура осы оқиға бойынша Шымкент гарнизонының әскери прокуроры ҚР Қылмыстық кодексінің 392-бабында қарастырылған «ұшу немесе оған даярлану ережелерiн бұзу» қылмыс белгілері бойынша қылмыстық іс қозғағанын хабарлады. Оқиға орнына барған ҚР Ұлттық қауіпсіздік комитетінің төрағасы Нұртай Әбіқаев Шымкентте өткен брифингте әскери ұшақтың әуеде емес, жерге құлағаннан кейін тас-талқан болғанын айтты. ҰҚК төрағасының пікірінше, апатқа ауа райы, адами фактор және техникалық ақау – осы үшеуінің бірі себеп болуы мүмкін. Апат орнынан ұшақтың «қара жәшігі» табылған, оқиғаның себебін анықтауға көмектесетін детальдардың біразы жәшік жазбасын талдағаннан кейін белгілі болмақ.
«Экипаж кәсіби мамандардан тұрады. Командирдің 5000 сағаттан астам екпінді ұшу тәжірибесі бар, штурманның тәжірибесі – 6000 сағаттан артық, яғни бұлардың бәрі – кәсіби білікті», – дейді Н.Әбіқаев. Ұшақ апатына ұшырағандардың денесін анықтау үшін арнайы сараптама жүргізілетін болады. Қазіргі уақытта әуе апаты орнында авиация төтенше оқиғаларын зерттеумен айналысатын ведомствоаралық комиссия, тергеу және құтқару қызметтері жұмыс істеп жатыр. Астанадан Шымкентке аялдауға таяған Ан-72 әскери ұшағы әуежайға 20 шақырым қалғанда құлаған еді. ҚР Ұлттық қауіпсіздік комитеті мамандарының мәліметінше, әуе көлігінің бортында экипаждың 7 мүшесі және шекара қызметінің басшылық құрамы өкілдерінен тұратын 20 жолаушы болған. Олардың арасында Шекара қызметінің басшысы Тұрғанбек Стамбеков, «Оңтүстік» өңірлік басқармасының басшылары мен қызметшілері және Орталық апараттың бір топ офицері бар. Сала жетекшілері Шымкентте «Оңтүстік» өңірлік басқармасының биылғы жұмысын қорытындылау жөнінде әскери кеңес өткізбек болған. ҰҚК мамандарының айтуынша, Ан-72 әскери-көлік ұшағы 1990 жылдың желтоқсан айында шығарылған. Биыл ұшақ Украинаның әуе техникасын жөндеу зауытында толық жаңартылыпты. Еске сала кетейік, биыл елімізде әуе апаты бірінші рет тіркеліп отырған жоқ. Сәуірдің 20-сында «Бейбарыс» жеке компаниясының Ми-8 тікұшағы Атыраудан 20 шақырым жерде апатқа ұшырап, ондағы алты адамның біреуі қатты жараланған еді. Оқиғаға бір қозғалтқыштың істен шығуы және оны ұшқыштың елемеуі себеп болды. Бұдан соң тамыздың 22-сінде «Астана» халықаралық әуежайы маңында ҚР Қорғаныс министрлігінің Ми-17 тікұшағы құлағаны есімізде. №19132 әскери бөлімшесінің төрт қызметкері қаза тапты. Оқиғаға тікұшақ конструкциясының бұзылуы себеп болғаны анықталды. Ал қарашаның 24-інде Алматы облысының Алакөл ауданында «Қазақстан-Қытай құбыры» серіктестігі Атасу-Алашанькоу мұнай құбырын әуеден шолып шығу үшін пайдаланған Ми-8 тікұшағының қалдықтары табылды. Бес күн бойы хабарсыз кеткен сегіз адам апаттан тірі қалмады.
tengrinews.kz
Қаза тапқандардың тізімі:
Марат Нұрахметов – экипаж командирі, майор
Олег Голубев – штурман, майор
Марат Үсенов – аға бортмеханик
Аслан Лұқпанов – командирдің көмекшісі, аға лейтенант
Александр Вологжанин – аға бортмеханик, прапорщик
Ренат Мысаев – аға бортмеханик, сержант
Гүлнұр Доланбаева – бортжолсерік, сержант
Тұрғанбек Стамбеков – ҚР ҰҚК Шекара қызметінің директоры, полковник
Ерғали Нұрлашев – ҚР ҰҚК Шекара қызметінің Бас басқармасы бастығының міндетін атқарушы, полковник
Павел Доценко – «Оңтүстік» өңірлік басқармасы бастығының міндетін атқарушы, полковник
Қайрат Базарбаев – «Оңтүстік» өңірлік басқармасы бастығының орынбасары, полковник
Қанатбек Қабдылғазезов – ҚР ҰҚК Шекара қызметінің бөлім бастығы, полковник
Ерлан Махаев – ҚР ҰҚК Шекара қызметінің басқарма бастығы, полковник
Александр Дмитриев – ҚР ҰҚК Шекара қызметінің аға кеңесшісі, подполковник
Валерий Кущь – «Леңгір» шекаралық бақылау бөлімінің штаб бастығы, подполковник
Бауыржан Қожахметов – ҚР ҰҚК Шекара қызметінің Дербес инженерлік-саперлік батальонының командирі, подполковник
Алмаз Ыбыраев – «Меркі» шекаралық бақылау бөлімінің бастығы, майор
Сәулебай Досыбеков – ҚР ҰҚК Шекара қызметінің Күзет және қамтамасыз ету комендатурасының коменданты, подполковник
Вячеслав Рахман – «Оңтүстік» өңірлік басқармасының шекара жасағының бастығы, подполковник
Александр Рахман – «Оңтүстік» өңірлік басқармасының шекара жасағының бастығы, подполковник
Қайрат Мұхамадиев – «Оңтүстік» өңірлік басқармасының шекара жасағының бастығы, подполковник
Аманбек Шоқанов – «Оңтүстік» өңірлік басқармасының шекара жасағының бастығы, подполковник
Асуан Айтманбетов – «Оңтүстік» өңірлік басқармасының шекара жасағының бастығы, подполковник
Анатолий Филипко – «Оңтүстік» өңірлік басқармасының әскери қызметшісі, аға лейтенант
Мақсат Қонақбай – «Оңтүстік» өңірлік басқармасының әскери қызметшісі, аға сержант
Павел Вязиков – «Оңтүстік» өңірлік басқармасының әскери қызметшісі, кіші сержант
Сәуле Стамбекова – ҚР ҰҚК Шекара қызметінің директоры Т.Стамбековтың әйелі.