Қазақ баласы Ресейдегі орыс тілі фестивалінде бірінші орын алды
Қазақстандық оқушы Ресейде өткен Орыс тілінің әлемдік фестивалінде бірінші орын алды, - деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі. Бұл туралы конкурстың сайтында хабарланды.
ІІ Орыс тілінің әлемдік фестивалі мен VI "Орыс сөзі" орысша сөйлеу фестивалі 2014 жылдың 20-22 қараша аралығында Санкт-Петербургте өтті. Байқауға Ресей мен шет елдерден 350 қатысушы қатысты - оқушылар, студенттер, мұғалімдер мен орыс тілінің, әдебиеті мен мәдениетінің жанашырлары. Іс-шарада тілдік ережелер мен нормалар ғана емес, сонымен қатар орыс тілінде түрлі ситуацияларда сөйлей алу шеберлігі де тексерілді.
"Қорытындыда байқаудың қазылар алқасы әр категория бойынша жеңімпаздарды анықтады. Шетелден келген оқушылар арасында бірінші орынды Нұрмұханбетов Темірлан (Қазақстан), екінші орынды - Доран Джозеф (АҚШ), үшінші орынды - Лукш Николаус (Австрия) алды. Шетелдік студенттер арасында бірінші дәрежелі диплом итальян Вирджили Кьяраға берілді, ал Парамарини Дях Рахадяни (Индонезия) екінші дәрежелі дипломант атанды, үшінші орынды Дримлова Вероника (Чехия) алды. Ерікті қатысушылар арасында бірінші жүлдені Милошевич Стефан (Сербия), екінші дәрежелі дипломды Базарваань Оюунчулуун (Монғолия), үшінші орынды Мирзаназарова Азиза (Өзбекстан) алды. Шет мемлекеттерде оқитын студенттер арасында жүлде алғандар: Мельникова Людмила (Өзбекстан), екінші орын - Романенков Юрий (Литва), үшінші орын - Арсегян Тереза (Армения). Мұғалімдер арасында белорус Винник Инна жеңіске жетті, екінші орынға Қытайдан келген Хуан Сяоминь лайық болды, ал үшінші орыннан Пойнтнер Эрих (Австрия) көрінді", - делінген сайтта.
Әрбір категорияда ақтық сын екі кезеңнен тұрды. Бірінші кезеңде қатысушылар берілген тақырыпқа эссе жазды. Мәселен, шетел оқушылары "Мен ұнататын орысша сөз", шетел студенттері "Гаджеттер біздің тілді қалай өзгертті?" деген тақырыпта ойларымен бөлісті, ерікті қатысушылар болса "Шекарасыз әлем - мәдениеттерді бұзу ма, әлде олардың жаңғыруы ма?" деген тақырыпта ойларын ортаға салды. Шетелде тұратын ресейліктер "Отбасының басты құндылықтары", орыс тілінің мұғалімдері "Бүгінгі заманның жеті құндылығы" деген тақырыпта эссе жазды. Ресей азаматтарына мына тақырыптар берілді: мектеп оқушыларына "Қасірет әріне ортақ...", студенттерге - "Адамға табиғаттың бір бөлігі болу аздық етеді - тірегі болуға ұмтылады" (Губарев), ерікті қатысушыларға - "Орыс әлемі деген не?", мұғалімдер үшін - "Көп білім - көп мұң"
Байқау финалының екінші кезеңінде қатысушылар ұсынылған тақырыпқа пікір білдіру керек болды. Шетел оқушылары "Менің арманымдағы қала" деген тақырыпта сөйледі, шетел студенттері болашақ мамандығы туралы айтты, ал еріктілер "Ғарышты игеруге ақша жұмсау керек пе?" деген сұраққа жауап іздеді, шетелде тұратын ресейліктер "Бақыт менің түсінігімде" деген тақырыпты қаузады, ал мұғалімдер "Жаһандық әлем және орыс әлемі" тақырыбындағы екі түсінік туралы әңгімеледі.