Еліміздің статистика агенттігінің есебінше, қазақтың үй бикелері кедей емес, десек те, өзге елдермен салыстырғанда, бай да емес. Мәселен, жұмыс істемей, отбасының бабын жасап, ас-суын әзірлеп үйде отыратын қазақ әйелдерінің 46,0 пайызы елдегі әлеуметтік қамсыздандыру, әлеуметтік жәрдемақы тағайындау, атаулы әлеуметтік көмек көрсету шараларына көңілі толатынын сөз етсе, үй бикелердің 32,9 пайызы бұл жағына мүлдем қанағаттанбайтындарын ашып айтқан. Ал жұмыс істемей, бала күтіміне байланысты немесе тағы басқа себептермен үйде отырған әйелдердің 21,1 пайызы өздерінің болашақтарына сеніммен қарай алмайтындықтарын, зейнет жасына жеткенде, шынымен де, зейнет көретіндеріне сенімді емес екендерін баса айтыпты. Осылайша қазан басында жүрген қазақ әйелдерінің басым бөлігі орта жастан асқандағы тағдырына алаңдап отырған жайы бар. Ендеше, мәселені тарқатып көрелік.
Өзгелерде қалай?
Алдымен өзіміздің емес, өзгелердің үйінде отырған әйелдеріне көрсетер құрметін мысал етсек: Германияда қандай да бір себеппен бала күтіміне байланысты немесе жұмыстан қысқарып қалуына қатысты үш баласы бар әйел үйінде алты ай мерзімнен артық отырар болса, үкіметтен арнайы 900 евро (175 815 теңге) жалақы алады. Ал финдік әйелдер 760 евро (148 466 теңге) көлемінде жәрдемақы алса, Голландияда үйде отыратын мұндай әйелдерге ең төменгі ай сайынғы төленер жәрдемақы көлемі 300 евроны (58 605 теңге) құрайды екен. Бір ескеретіні, біз үлгі етіп отырған елдердің үй бикелері, біріншіден, бастапқы кезеңдері жұмыс істеген болса, жинақтаушы қорының есебінен, екіншіден, кәсіпорындық жинақтаушы қорынан, үшіншіден, тіптен жұмыс істемеген әйел болса, мемлекеттік бюджет есебінен жәрдемақы алады. Міне, осы үш бірдей қордан алынатын қаржы Еуропа әйелдерінің өмірін қамсыз еткені анық. Ал бізде мұндай жүйені қалыптастырудың ауылы алыс екені даусыз.
Тоғжан ШАЯХМЕТОВА, экономист-сарапшы:
– Мен Германия, Голландия, Жапония елдерінде болдым. Олардың бұл реттегі іс-тәжірибесін көзіммен көрдім. Аталмыш елдерде әйел адамның асырауында үш баласы бар ма, ол әйел жұмыссыз ба, мемлекеттік органдар дереу оған жәрдемақы рәсімдейді. Ал бала күтіміне байланысты демалысқа шыққан әйелдерге бұл елдерде арнайы жалақы төленеді. Ол жалақының көлемі бала санына қарай 1,3 мың евродан 1,5 мың евроға дейін есептеледі. Қазірде көптеген елде мұндай жүйе бар. Жапонияның «Бала капиталы» атты арнайы бағдарлама қабылдап, жаңа туған балаға мемлекеттің арнайы капитал салуы, Ресейдегі «Ана капиталы», Корей еліндегі «Бала ресурсы» бағдарламалары – бізге сабақ болатын дүние. Әттеген-айы – біздің атқарушы биліктің мұндай үрдістерді ескере бермейтіндігі.
Жәрдемақыны жалақымен теңестіре аламыз ба?
Рас, біздің елімізде де дүниеге келген әрбір балаға азды-көпті жәрдемақы қарастырылған. Мысалы, бізде бала туылғанда берілетін бір реттік жәрдемақы отбасында дүниеге келген әрбір бірінші, екінші, үшінші балаға 30 айлық есептік көрсеткіш немесе 45 360 теңге мөлшерінде беріледі. Баланың күтіміне арналған жәрдемақы отбасындағы баланың туу ретінің санына қарай бірінші балаға – 8 316 теңге, екінші балаға – 9 828 теңге, үшінші балаға – 11 340 теңге, төртінші және одан кейінгі балаға 12 852 теңге мөлшерінде белгіленген. Аталған жәрдемақылардың мөлшері жұмыс істемейтін отбасыларына және отбасының табысына тәуелсіз төленетінін айта кету қажет. Ал жұмыс істейтін әйел: әрбір туылған балаға рет санына қарай 30 немесе 50 АЕК мөлшерінде бала тууына байланысты біржолғы мемлекеттік жәрдемақыны және бала бір жасқа толғанға дейін оның күтіміне байланысты әлеуметтік төлемді алады, оның мөлшері әлеуметтік аударымдар есептелген табыстың 40 пайызын құрайды.
Жалпы, мамандардың пайымынша, біздегі бала күтіміне қатысты берілетін жәрдемақы тым мардымсыз. Сондықтан нақ қазірде жәрдемақыны орташа жалақымен теңестіру қажет. Әрине, бұл ұсынысты әйелдердің декреттік төлемін қысқартып, зейнет жасын ұзартып жүрген Еңбек және халықты әлеуметтік қорғауы тиіс министрлік ескерсе қанекей...
Дәурен ӨМІРЗАҚОВ, заңгер:
– Қолданыстағы заңнамаға сәйкес, Қазақстанда бала туу бойынша бір реттік жәрдемақы 48 540 теңгені құрайды. Егер республика бойынша орташа жалақымен жұмыс істейтін әйелдер үшін ай сайынғы төлем 37-45 мың теңгені құраса, жұмыс істемейтін және өзін-өзі жұмыспен қамтитын әйелдер бір жылға дейін бала күтіміне 8 899 теңге көлемінде жәрдемақы алады. Мұндай табысқа өмір сүріп, бала өсіру мүмкін емес. Сондықтан бала күтіміне қатысты жәрдемақыны орташа жалақымен теңестіру қажет деп есептеймін. Сондай-ақ бұл проблема заң бойынша әйелдер бала күтіміне байланысты үш жылға дейін еңбек демалысын алуға болатынын ескерген жағдайда қайшылықты күшейте түседі. Біздегі барлық төлемдер мен жәрдемақылар тек бір жылға арналған. Елімізде бір жастағы баланы ешқайда балабақшаға бере алмайсыз, оның үстіне балабақша тапшылығы сезілуде. Сәйкесінше, осы екі жылда бала күтіміне байланысты әйелдердің басым бөлігі табыссыз қалады. Сондықтан әйелдерге бала күтіміне байланысты берілетін жәрдемақыны орташа жалақы деңгейіне өсіре алсақ жөн болар еді.
Негізінде, қазірде біздегі орташа жалақы мөлшері өткен жылғымен салыстырғанда 12,4 пайызға артқан. Орташа жалақы мөлшері әр аймақтың экономикалық әлеуетіне байланысты 70-80-90 мың теңгені құрайтыны рас. Ал енді мұндайда бірден бала күтіміне қатысты мемлекет тарапынан төленуі тиіс жәрдемақыны орташа жалақымен теңестірер болсақ, мұны еліміздің бюджеті көтере ала ма?! Бұдан туындайтын пікір бірінші кезекте осы болары анық. Бірақ бірден орташа жалақы деңгейінде жәрдем төлеп жарылқамасақ та, жұмыс істемейтін әйелдерге бала күтіміне байланысты төленетін 8-9 мың теңге емексітуді сәл-пәл өсіруге неге болмасқа?!
Ауылдағы әйелдер ескерілмей жатыр
Қалай десек те, біздегі қазан басында жүрген қазақ әйелдерінің еңбегі ескерілмей жатқаны рас. Бұл ретте өткен жылы халық қалаулыларының біразы жұмыс істемей үйде отырған әйелдер мәселесін бірнеше мәрте көтергені тағы есте. Олардың жинақтаушы зейнетақы қорында салынған қаржысы жоқтығын, әсіресе ауылдық аймақтарда жұмысы жоқ, күнделікті істейтін күйбің тірлігі көп әйел қауымының еңбегі ескерілуі қажеттігін сөз еткен мамандар: «қалалы жерде жалақысы аз жұмысқа орналасса да әйел тірлігін жасар, бұл жерде ауылды жердегі әйелердің еңбегі ескерілмей жатыр. Олардың орта жастан асқандағы өмірлеріне алаңдайтыны да осыдан. Сондықтан бізге жұмыс істейтін әйелдер мен жұмыс істемейтін әйелдерге қатысты арнайы бір тереңдетілген мемлекеттік жоба ұйымдастырып, соны реттеп алу қажет» дейді.
Абзалында, бұл ретте мамандардың айтар ұсынысы: егер мемлекетіміздің болашағы қамсыз болсын десек, ана мен балаға қатысты сауатты шешімдер, мемлекеттік қолдаулар үнемі електен өткізіліп, таразыланып отыруы керек.