Қауіпсіздік мәселесі 40 миллион доллар ғана тұра ма?
Соңғы кездегі Қырғызстандағы оқиғалар еліміздің аймақтағы саяси құбылыстарымен тығыз байланысты екендігін дәлелдеп берді. Кеше ғана екі ел арасындағы суға байланысты мәселе өршіді. Бақсақ, әлі де болса тату көршілік, әріптестік, ынтымақтастық мәселелеріне жете мән бере бермейтін көршілер екі ел арасындағы даулы мәселелерді ультимативтік жолмен шешуге ыңғай танытып отырған тәрізді. Енді судан бөлек, оның заңды жалғасына айналуы мүмкін тағы бір үлкен проблема бар. Ол – еліміздің ең үлкен стратегиялық нысаны – Алматы қаласы мен облысын табиғи газбен жабдықтау мәселесі.
Берік Тұрғанбекұлы
Негізінде, суды бөгеу мәселесі — өздігінен-ақ шешілетін нәрсе. Шу мен Талас өзендерінің суын қырғыз жағы ұзақ ұстап тұра алмайтыны, онда ірі гидрокешендер жоқ екені белгілі. Бір айда-ақ тоспалары толғаннан кейін бұл жай суды байлағандардың өзіне қауіп төндіре бастайды, суды ағытуға мәжбүр болады. Сондықтан да оған алаңдамай, тағы бір үлкен жайт – еліміздің энергетикалық қауіпсіздігін қамтамасыз ету мәселесіне көңіл аударсақ.
Кеңес Одағы кезінде салынған «Бұқара газды аймағы – Алматы» газ құбыры қырғыз жерін кесіп өтетінін біреу білсе, біреу біле бермес. Одақ тараған уақыттан бастап, жалпы ұзындығы 700 шақырымға жуық осы құбырдың бойындағы ең үлкен мәселе – қырғыз көршілеріміздің, сыпайылап айтқанда, «санкцияланбаған қармап қалу» мәселесі белең алды. 2000 жылдарға дейін оған еліміз түсіністікпен қарап келді. Ұмытпасақ, 2001 жылы болу керек, қырғыз тарапынан осы ортақ құбырдан ұдайы газ ұрлау, оның ақшасын қайтармау, қырғыз жеріндегі құбырдың апатты жағдайы, осыған байланысты үнемі ескертулер жасап, айыппұл салудан шаршаған еліміз қырғыз жерін айналып өтетін құбыр салу мәселесін күн тәртібіне шығарды. Бұл жөнінде Елбасының өзі арнайы тапсырма берген болатын.
Даниал Кенжетайұлының кабинеті осыған байланысты ұзындығы – 142 шақырымдық, алғашқы кезегі – 1,1, келесі кезегі 4,6 миллиард текшеметр газ өткізе алатын, өз жерімізден өтетін құбыр жобасын жасады да.
Тіпті 2004 жылдың 18 маусымында қабылданған «ҚР газ саласын дамытудың 2004-2010 жылдарға арналған бағдарламасының» 3-бабында «Магистральды газ құбырларын жетілдіру мен дамыту» жұмыстары аясында дәл осы құбырды салу мәселесі негізделген болатын. Онда «Қырғыз жерін айналып өтетін құбыр салу мәселесі жергілікті газ компанияларының газ ұрлау фактілерінен туындап отыр. Бұқара — Алматы газ құбырының жұмысының тұрақтылығы мен сенімділігін арттыру, осы учаскені бірлесе пайдалану мақсатында қазақ-қырғыз еншілес кәсіпорнын құру туралы ұсыныс жасалды. Бірақ қырғыз жағының негізсіз, қисынсыз жоғары талаптар қоюы салдарынан келісімге келе алмай отырғандықтан, осымен бір мезетте Қырғызстанды айналып өтетін құбыр салу жобасы да қарастырылып отыр. Оның ұзындығы – 142 шақырым, құны шамамен 90 миллион долларды құрайды» деп көрсетілген. Ол кездегі қырғыздардың рұқсатсыз алынған газ үшін қарызы 7 миллион доллар шамасында болатын. Қазір бұл сома кей дереккөздер бойынша 14,8 миллион долларды (2008 жылы) құрайды. Кейбір сарапшылар Тәуелсіздік алғалы бері ұрланған газ, оған салынған айыппұлдардың жалпы сомасы 28 миллион доллардан асып кетеді деп мөлшерлеп отыр. Бюджеті 300 миллион долларды құрайтын Қырғызстан үшін бұл — ешқашан қайтара алмайтын сома. Оны электр энергиясы мен ауыл шаруашылығы өнімдері арқылы өндіріп алу мәселесі сан туындағанымен, бәрі де аяқасты қалды. Оны айтасыз, еліміздің стратегиялық қауіпсіздігі үшін аса маңызды аталған газ құбыры жобасының өзі де жолда қалып қойды!
2004 жылы-ақ екі жақ келісімге келіп, қырғыз жерінде ОсОО «ҚырҚазГаз» компаниясы тіркелді. Ол бойынша Бұқара мен Газлидің газын тасымалдайтын құбырдың қырғыз жеріндегі кесіміне 20 миллион долларға жуық қаржы инвестицияланады, құбыр жөнделеді, оны бірлескен кәсіпорын 20 жыл ішінде өтеп шығады деп тұжырымдалды. Хош делік. Енді есептеп көрелік. Айналмалы құбырдың сомасы 90 миллион доллар болатын. Біз қырғыздармен бірлесу арқылы олардың жеріндегі бөлікті жөндеуге 20 миллион доллар бөле отырып, орасан зор сома – 70 миллион долларды үнемдедік. Бірақ ол 20 миллион доллар қалай қайтады, кімнің есебінен қайтпақ? Қарызын төлей алмай отырған, жылына 700 миллион текше метр ғана газ алатын Бішкектің есебінен бе, әлде екі миллиард текше метр газ тұтынатын қазақстандық тұтынушының есебінен бе, қалай ойлайсыз? Сондай-ақ қырғыз жерінен өткеннен кейін транзит үшін ақы төлейтініміз тағы бар. Сонда жөндеуге кеткен, өзіміз өтейтін 20 миллион, олар қайтара алмайтын 30 миллион долларды ескерсек, қазірдің өзінде 50 миллион доллар жоғалтып отырмыз. Ал қалған 40 миллион доллар – еліміздің Тәуелсіздігін, энергетикалық қауіпсіздігін қамтамасыз ету мәселесімен салыстыруға келетін сома ма?!
Негізінде, ешқашан саудагерлерге, кәсіпкерлерге мемлекеттік, стратегиялық мәні бар мәселелерді сеніп тапсыруға болмайды! Бәрібір олардың пайдакүнемдік, бір күндік табысқа ұмтылу психологиясы басым болады. Кезінде Елбасы пәрмен берген кезде, «үнемдейміз, келісеміз, қарық боламыз» деп бұлтақтатпай, берілген тапсырманы орындау керек еді. Оның орнына бірнеше жыл бойы қырғыздармен келіссөздер жүргізілді. Не үшін дейсіз ғой? Еліміздің оңтүстік-шығысын газбен қамтамасыз етуге қырғыз жері арқылы, ондағы апаттық жағдайдағы құбыр арқылы тасымал жасауға рұқсат алу үшін! Қырғыз жағы үш жылдан кейін ғана икемге келді, оның нәтижесі әлгіндей.
Биылғы 16 сәуірдегі Интерфакс-Қазақстан таратқан ақпаратқа көңіл аударайық. «Жақында ғана біз бұл құбырды қалыпты жағдайда ұстауға ақша саламыз деп шештік. Әрине, біз Қырғызстандағы жағдай қалпына келгенше тәуекел жасай алмаймыз, бірақ жазда құбырды жөндейміз деп ойлаймын. Осыдан екі-үш жыл бұрын қырғыз жеріндегі құбырды бойлай ұшып өттік. Сұмдық көрініс: құбыр шіріп кеткен, кей жерде суда жатыр» дейді осы саланың бір басшысы. Демек, өзге мемлекет жеріндегі құбырды жөндеп, оның транзитіне ақша төлеп, қыстың күні газ ұрлығына көніп, қайтармайтын қарызды малданып отыра бермекпіз.
Ал көрші елге тәуелді болмаймыз десек, құны қанша болса да, қырғызды айналып өтетін құбыр бөлігін салып, қырғыз жағына тек ақшасы төленген газды ғана беріп отыратын жұмысты қолға алатын мерзім жетті. Өйткені осы уақытқа дейін құбырға шамамен үш миллион доллардай ғана қаржы салыппыз. Үлкен шығын емес, біз өзіміздің пайдамыздан-ақ өтейік. Ал қырғыздардың қарызын бәрібір өндіре алмайтын тәріздіміз. Кезінде оны Бәкиев өкіметі Ақаев үкіметіне сілтеген болатын, ал Отунбаева — Бәкиевке, 2012 жылы келетін билік Отунбаеваға тағы сілтеме жасайтыны — айдан анық нәрсе.
Оның үстіне, Алматы өңіріндегі газ тұтыну ұдайы өсіп келеді, газ құбырын болашақта тағы да ұлғайту керек. Ал 90 миллион доллар 2000 жылдардың өзінде еліміз үшін көп ақша емес болатын. Қазір бір-ақ мекеменің қолынан келетін іс. Қолға алса, төрт-бес айда бітіре алатын жұмыс, алдағы қысты Алматы алаңсыз өткізе алады. Тек аймақтағы қазіргі саяси-экономикалық ахуалды ескере отырып, тың шешімге келе алсақ болғаны. Кейде мемлекеттік мәні бар осындай стратегиялық шешімдерді қажет ететін мәселелерде тым шегіншектеп жататынымыз-ай, осы.