Қарағанды облысының тілдерді дамыту жөніндегі басқармасының ұйымдастырумен, «Рухани жаңғыру» бағдарламасының аясында қазақ поэзиясының алыбы, дауылпаз ақын Қасым Аманжолов атындағы «Дүниеге келер әлі талай Қасым» республикалық мүшәйрасының марапаттау шарасы өтті.
Мүшәйраның мақсаты: мемлекеттік тілді жетік меңгерген тұлғаның оң келбетін қалыптастыру мақсатында Қасым Аманжолов мұрасын республика жастары арасында насихаттау; республика жастары арасында дарынды жас ақындардың танылуына ықпал ету; еркін елдің жарқын жетістіктерін, өткен тарихы мен кемел болашағын дәріптеу.
Осыған дейін аталған мүшәйраға 300-ге жуық қалам иелері қатысқан. Көптеген дарынды жас ақындардың танылуына өзіндік септігін тигізген бұл іс-шара биыл қатарынан екінші рет бүкіл республика көлемін қамтып отыр. Биыл еліміздің 14 өңірінен 18-40 жас аралығындағы барлығы 42 үміткер бақ сынап, соның ішінен қазылар шешімімен 7 өңірдің – яғни Нұр-Сұлтан қаласы, Алматы, Ақтөбе, Батыс Қазақстан, Жамбыл, Павлодар, Қарағанды облыстарының атынан өтінім тапсырған 15 қатысушы іріктелді. Ережеге сәйкес, үміткерлер Қасым Аманжоловқа, Әбіш Кекілбаевқа арнау және еркін тақырыпқа – барлығы 3 өлеңнен ұсынған болатын.
Ғалым Жайлыбай төрағалық еткен, құрамында Серік Ақсұңқарұлы, Серік Сағынтай, Қамбар Ахметов, Мирас Асан секілді белгілі ақындар бар әділқазылар алқасы шығармаларда тақырыптардың ашылуын, өлеңдердің көркемдік сапасы мен стильдік қолтаңбаларының ерекшеленуін ескеріп, жүлдегерлерді анықтады. Мүшәйраның жеңімпазы мен жүлдегерлері дипломдар және ақшалай сыйлықтармен марапатталды.
Қорытындылай келе, төмендегі ақындар жүлдегер атанды:
Бас жүлде – Мұхтар Күмісбек, Алматы облысы (500 000 теңге)
І орын – Мақсат Күземхан, Балқаш қаласы (350 000 теңге)
ІІ орын (екеу) – Ұларбек Нұрғалым, Нұр-Сұлтан қаласы; Табиғат Абаилдаев, Жамбыл облысы (250 000 теңгеден)
ІІІ орын (үшеу) – Еркін Таңсәуле Әгенқызы, Теміртау қаласы; Олжас Қасым, Нұр-Сұлтан қаласы; Ерік Нарын, Қарағанды қаласы (150 000 теңгеден)
Ынталандыру сыйлығы (жеті) – Амангүл Досмұхаммедова, Ақтөбе облысы; Марлен Ғилымхан, Батыс Қазақстан облысы; Дәурен Тілеухан, Ақтөбе облысы; Бөкен Жігер, Павлодар облысы; Айзада Рахымжанова, Жәлел Шалқар, Қайрат Иманбеков, Қарағанды қаласы; Ерболат Қуатбек, Теміртау қаласы - 50 000 теңгеден.
Дауылпаз ақын атындағы поэзия мерекесі алда да жалғасын табады.
Қасым Аманжолов атындағы республикалық мүшәйраның марапаттау шарасы өтті
Последние статьи автора