Қыстың алғашқы күні Қарқаралының Томар ауылы тұрғындары үшін аса суық хабармен басталды.
Сол күні таңғы сағат 5-тер шамасында Томар селолық округіне қарасты Кемеш қыстағының тұрғыны Т. есімді әйел адам иттердің шабаланып үргенін естіп, тысқа шыққан. Қора маңынан қасқырды байқаған ол дереу баласы мен жұмыскерлерді оятып, дабылдатса керек. Ауылда оқ шығаратын қару болмағандықтан, Томарға барып, аңшылардан көмек сұрамақ болған Т-ның баласы көлігін қыздыруға кеткенде, баласы үшін алаңдаған Т. қора айналып, соңынан барған.
Қора бұрышында Т-ға жыртқыш қасқыр тап беріп, жерге құлатып талай бастаған екен. Сол сәтте Т-ның айғайын естіген жұмысшылар көмекке жеткен. Қасқыр болса екі жұмыскерден де қаймықпай, оларға да тап беріп, бірінің – иығын, келесісінің бетін жаралапты. Ақыры әлеуетті жыртқыштан алпыстан асқан әйелді әзер арашалап алған қос азамат қансыраған қалпы Томар ауылынан көмек күтіп үйде отырған екен. Арада біраз уақыт өткен соң селолық округ орталығынан жеткен аңшылар қора маңынан әлі кете қоймаған қасқырды атып алып, жарақат алған Т. мен екі жұмысшы жедел жәрдем арқылы аудан орталығындағы ауруханаға жеткізіпті.