"Қасақана өлтірді деп ойлаймын": Әсел Айтпаеваның анасы грузиннің өліміне қатысты пікір білдірді
Грузияда мерт болған қазақстандық Әсел Айтпаеваның анасы қызымен соңғы рет сөйлескені жайлы және Грузиядағы іс бойынша айыпталушы Бесик Тордуаның өліміне қатысты не ойлайтынын айтты, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі Aibat ақпараттық қызметіне сілтеме жасап.
Айсұлу Айтпаеваның айтуынша, оның қызы Грузияға аяқ-асты жиналып, ата-анасына кететінін ескерткен. Соңғы рет анасы мен қызы 4 мамырға қараған түні видео қоңырау арқылы сөйлескен.
Үйде жалғызсың ба деп сұрағанда: "Иә, жалғызбын" деп жауап берген. Бөлмесін толығымен көрсеткен. Бірақ менің көкейімде күмән болды. Заттар шашылып, біреу диванда жатқандай болды. Мен оған даусың ұнамай тұр. Әсел не болып жатыр?" дедім.
"Жарайды, ұйқым келіп тұр, ұйықтаймын" деді де телефонды қоя салды. Осыдан кейін мен оған қоңырау шалдым, алайда ол телефонын көтермеді. Хабарлама жаздым, жауап беруін өтіндім", – деді Айсұлу Айтпаева.
5 мамыр таңертең Айсұлудың жұбайы қыздарының өлімі туралы біледі. Айсұлу Айтпаева мәйітханада қызының денесінде әртүрлі жарақаттарды байқағанын айтады.
“Оның кеуде тұсында ұзын сызық болды. Бір футболкамен тұрған, денесінде саусақ іздері қалып қалған. Беті таза. Неге бетінде жарақат жоқ деп таңғалдым. Аяғы сау. Меніңше, адамды лақтырып жіберу үшін бір кісінің күші жеткіліксіз. Біреу видеоға екі еркек құлатып жатқанын түсіріп алыпты”, – дейді ол.
Айтпаеваға Грузия азаматы Бесик Тордуаға қатысты іс бойынша бұл процесс әлі тоқтатылмайтынын хабарлады. Күдікті Мейірбеков бойынша барлық іс Қазақстанға тапсырылған.
"Грузиннің өлімінен маған келіп-кетері жоқ. Бір ғана жанды тыныштандыратыны ол да қызым сияқты соққының астында қалған. Бұл жай жүрек ұстамасы емес, басында, денесінде жарақаттар бар. Меніңше, оны өлтірген", – дейді марқұмның анасы.
Айта кетейік, Қазақстан азаматы Әсел Айтпаева Грузияда түсініксіз жағдайда мерт болды. Әсел Грузияға өзінің алыс туысы – немере әпкесінің күйеуі Мұрат Мейірбековтың шақыруымен жұмыс істеуге барған. Ол қыздың өліміне қатысы болды деген күдікпен ұсталды. Сондай-ақ іс бойынша күдіктілердің қатарында Грузия азаматы да болған. Грузияның арнайы пенитенциарлық қызметі күдіктінің ми инфарктісінен көз жұмғанын анықтады.