Соңғы уақытта Сыр бойында жұқпалы ауру тарататын кене түрі көбейіп барады. Ел ішінде қырым-конго безгегі деп аталатын дертке шалдыққан адамдар саны жылдан-жылға арта түсуде. Бұрындары жылына 4-7 жағдай тіркелетін. Осы жылдың бес айында ғана төрт адам осы безгекті жұқтырып үлгерді. Тиісті сала мамандары «осы мақсатта жұмыстар жүргізіп жатырмыз» деп уәдені үйіп-төгіп отыр. Дегенмен кенелі аймақтар көлемі ұлғайып, түрлі аурулар жұртырған халық саны артуда.
Ресми деректерге қарағанда, соңғы екі жылдың өзінде-ақ облыс аумағындағы адам өмір сүруіне қолайсыз аймақ саны 47-ден 73-ке дейін бірден артқан. Мына «қарқынмен» ендігі бес жылдың шамасында облыста кенесі жоқ қауіпсіз елді мекендер қалмайтын түрі бар..
Былтыр Жаңақорған ауданында – 11, Шиелі ауданында – 17, сондай-ақ Қызылорда маңындағы сегіз ауыл сондай аумақтар қатарына жатқызылса, биылғы жылдың алғашқы жартысында-ақ Шиелі мен Қызылордада тағы үш-үштен елді мекен қосылған.
Биыл республикалық және жергілікті бюджеттен конго-қырым геморрагиялық қызбасының алдын алу үшін бөлінген қаржы көлемі осыдан төрт жыл бұрынғыға қарағанда 15 есеге ұлғайып, 108,9 млн теңгеге жеткен. Алайда қаржы көлемі артқанымен, кенелі аймақтардың ұлғая түсуі тоқтар емес.
Сала мамандары оның себебін жергілікті атқарушы органдардың кенеге қарсы іс-шараларды кеш жүргізуінен іздейді. Әрине кенелердің барлығы қырым-конго безгегін жұқтыра бермейді. Дегенмен биылдың өзінде инфекция тарататын кенелер саны 9,2 пайызға көбейгені белгілі болып отыр.
Талғат ДҮЙСЕБАЕВ, Қызылорда облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының бастығы:
– Үстіміздегі жылы қыс мезгілі ұзақ болды. Осының салдарынан көктем де кеш келді. Айналып келгенде залалсыздандыру шаралары 25 сәуірден қолға алынды.
Биылғы жылы «қырым-конго безгегіне шалдықты» деген диагнозбен аурухана төсегіне таңылған төрт адамның төртеуі ауруды бұрын тіркелмеген аймақта жұқтырған. Бұл келеңсіз көріністер Жаңақорған ауданының Қожакент елді мекені аумағындағы Майқұмшық қыстауы, Шиелі ауданының Бірлестік және Алмалы, Қызылорда қаласына қарасты Қызылжарма елді мекендерінде орын алған. Бұрынғы кезеңде бұл ауылдар қауіпті аймақтар қатарына жатқызылмайтын.
Жандарбек БЕКШИН, Қазақстанның бас санитарлық дәрігері:
– Еліміз бойынша оңтүстік өңірлер қырым-конго безгегінің табиғи ошағы болып табылады. Сыр өңірі де сондай санатқа жатқызылады. Қауіптің алдын алу бағытында жұмыстар жүргізілуіне қарамастан, келеңсіз көріністің кемитін түрі жоқ. Сондықтан қауіпті аурудың табиғи ошақтарында жедел және эпидемияға қарсы іс-шараларды күшейте түсудің маңызы зор.
Әрине қажетті қаржыны бөлдік деп қол қусырып қарап отыруға болмас. Жалпы, кенеге қарсы күрес жүргізер алдында оның себеп-салдарына үңілгеніміз артық емес.
Қаржы көп бөлінген сайын кенелер де көбейіп келеді
Последние статьи автора