Қарызын өтемегеннің кәрізі жабылады
Ақтөбедегі «Ақбұлақ» АҚ борышкерлермен күресте жаңа әдіске көшті. Олар жылдап қарызын қайтармайтын тұрғындардың пәтерлерін кәріз жүйесінен ажыратып тастауды қолға алды. Бұл үшін жаңа қондырғы орнатылуда.
Борышкерлерімен «Ақбұлақ» АҚ басшылары кәріз жүйесін бекітіп тастау арқылы күреспекші. Бұл үшін қарызы бар пәтерлердің ішіне кірмей-ақ, пәтерді кәріз жүйесінен ажыратып тастауға мүмкіндік беретін қондырғы пайдаланылады. Бұл мониторы бар чемодан. Басты ерекшелігі – чемодан арқылы қарызға батқан борышкерлердің үйіне кірмей-ақ, кәріз жолдарын түгелімен бітеп тастауға болады екен. Және ол көрші-қолаңға да еш зиян келтірмейді. Үйдің төбесіне орнатылатын бұл құрылғы қарызы көп пәтердің кәріз жолдарын автоматты түрде жауып тастайды.
Бекболат Балғожин, «Ақбұлақ» АҚ өткізу қызметінің бастығы:
– «Ақбұлақ» АҚ қарыздар тұрғындарға ескерту жасап, сотқа сүйреп шаршадық. Енді басқаша тәсілге жүгінбекпіз. Украинадан әкелінген құралды сынап көреміз. Тұрғындар қарыздарын уақытылы жауып тұрмаса, осындай қатаң шараларға баруға мәжбүр боламыз. Осы уақытқа дейін талай ескертіп-ақ жүрміз, бірақ тұрғындар қарызын қайтарғылары келмейді. Қазір қалада қарызы жылдап төленбеген 500-дей абонент бар. Кәріз жолдарын бітеуді алдымен сол тұрғындардан бастаймыз. Бұл әдіс қазір Қазақстанның батыс аймақтарында іске асып келеді, әзірге нәтижесіз емес. Сондықтан бізге де қарызы көп ақтөбеліктерді бір тәртіпке салып алу керек.
Ішкі шығындардың көптігін, сондай-ақ «Ақбұлақ» АҚ қарамағына қосымша нысандар беріліп, бұл жаңа нысандарды да сумен, кәріз жүйесімен қамту қажеттігін, оған қоса қажетті материал, шикізаттың нарықтағы бағасының өскендігін де алға тартып, биыл ауызсуды 179,3 пайызға, кәріз жүйесі қызметін 97,4 пайызға қымбаттатуды жоспарлап отыр.