Қарағанды түрмелері қауіпті жағдайда
Қарағанды облысының абақтыларында жазасын өтеушілердің жартысынан көбі түрлі аурулармен ауырады. Бұл жақында түзету мекемелеріне жүргізілген прокурорлық тексеріс нәтижесінде белгілі болды.
Облыс прокурорының бірінші орынбасары Бауыржан Кенжеғұловтың айтуына қарағанда, Қарағанды аймақтарында орналасқан он түзету мекемесінде сотталған жеті мыңнан астам адам болса, оның 4503-інің түрлі ауруларға шалдыққаны анықталыпты. Үш мыңға жуық тұтқын соматикалық аурулармен ауырады. 630 адамның психикасы бұзылып, тағы мыңға жуық азамат туберкулезге шалдыққан көрінеді. Ал түрмедегі науқастарға көмек көрсететін емдеу орындары апаттық жағдайда тұр. Медициналық құрал-жабдықтар мен дәрігерлер тапшы.
Бауыржан Кенжеғұлов, Қарағанды облыстық прокурорының бірінші орынбасары:
– Түзету мекемелеріндегі медицина қызметкерлеріне арналған 138 орынның 37-сі бос. Мұндағы өндірістік және тұрғылықты ғимараттар 50-60-жылдары салынғандықтан, күрделі жөндеуді қажет етеді. Сол сияқты медициналық қондырғыларды да жаңарту керек. Олар да әбден тозып кеткен.