Қаңтардың басында болған тәртіпсіздіктер кезінде "HalykBank"-тың инкассатор көліктерін 4,5 мың полиция қызметкері қорғап жүрген, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі Polisia.kz сайтына сілтеме жасап.
Тәртіпсіздіктер кезінде ғаламтор мен ұялы байланысқа шектеу қойылды. Мобильді аударымдар мен электронды төлемдерді іске асыра алмаған тұрғындарды қолма-қол ақшамен қамтамасыз ету қажет болған.
Өмірлеріне төнген қауіпке қарамастан, "HalykBank" инкассаторлары 3,5 мың банк бөлмішесі, 6 мың жанармай құю бекеті мен 17,5 мың бизнес нысандарына барған. Сонымен қатар 13 мыңнан аса банкоматты ақшамен толықтырған.
Тәртіпсіздіктер мен ұрлық кезінде мұндай маңызды міндет полицейлер, Ұлттық ұлан мен Қарулы күштердің әскери қызметкерлерімен бірге іске асырылған. Олар инкассатор көліктерінің режимдік аймақтарға өтуін, блок-бекеттер арқылы жүріп-тұруын қамтамасыз етті.
"Қазақстан Халық Банкінің ұйымы “Halyk Инкассация” ЖШС басшылығы дағдарыс жағдайында қарапайым адамдардың өмірлік қажеттіліктерін қанағаттандыру бойынша маңызды әлеуметтік тапсырманы орындау кезінде батылдық пен ерлік көрсеткен әрбір инкассаторды, әрбір полицей мен әскери қызметшілерді мақтан тұтып, Ішкі істер министрлігіне көмегі үшін алғысын білдіреді", - деп мәлімдеді банк қызметкерлері.