ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі 2021 жылғы 11 тамыздағы бұйрығымен қандастарға қатысты Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің және Денсаулық сақтау министрлігінің кейбір бұйрықтарына өзгерістер енгізді, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі zakon.kz-ке сілтеме беріп.
Қандастар мен қоныс аударушыларды қабылдаудың өңірлік квотасына азаматтарды енгізу қағидаларына және жұмыс күшінің тиімдігін арттыру үшін адамдарды ерікті түрде көшіру қағидаларына өзгерістер енгізілді. Өзгерістердің бірсыпырасы қоныс аударушылар үшін тұрғын үй сатып алуға және салуға қатысты.
“Еңбек" бағдарламасы бойынша жұмыс іздеп жүрген адамдар, жұмыссыздар, жұмыспен қамтылған адамдардың жекелеген санаттары қатарынан Қазақстан Республикасының азаматтары, сондай-ақ, 29 жасқа дейінгі жастар, ҚР Үкіметі айқындаған және тұрақты тұру үшін келген қандастар мен қоныс аударушыларды қабылдаудың өңірлік квотасына енгізілген қандастар мен қоныс аударушылар және басым қатысуы "Еңбек" бағдарламасында белгіленген азаматтардың өзге де санаттары қатыса алады.
Еңбек ұтқырлығын арттыру үшін ерікті түрде қоныс аудару екі бағыт бойынша жүзеге асырылады: ҚР Үкіметі айқындаған қоныс аударушыларды және қандастарды қабылдаудың өңірлік квотасы шеңберінде өңіраралық қоныс аудару және облысішілік қоныс аудару.
“Ерікті өңіраралық қоныс аударуға қатысушылар қоныс аударушылар мен қандастарды қабылдаудың өңірлік квотасына енгізілген адамдар мен олардың отбасы мүшелері, сондай-ақ, қоныс аударуға жәрдем көрсететін жұмыс берушілер.
"Еңбек" бағдарламасына қатысушылар құрамына өңірлік квотаға енген қандастар, "Мәңгілік ел жастары - индустрияға!"(Серпін), сондай-ақ, халықты жұмыспен қамту орталығына жүгінген күнге дейін қабылдау өңіріне алты ай ішінде өз бетінше қоныс аударғандар кіреді", – делінген құжатта.
Қоныс аударушыларды және қандастарды тұрғын үймен қамтамасыз ету тұрғын үй қатынастары саласындағы функцияларды жүзеге асыратын жергілікті атқарушы органдар арқылы жүзеге асырылады.