Қаржы дағдарысы қыспаққа алған қазіргі кезеңде әрбір тиынға жанашыр көзқарас қажет. Бұл жергілікті атқару билігіне жүктелген үлкен міндеттің бірі саналады. Алайда қазынаның қаржысына немкетті көзқарастан арылмай жүрген жергілікті атқамінерлер ақшаны оңды-солды шашуға әуес.
Өткен жылдың көктемінде Қызылорда қаласының әкімдігі қоныс тепкен ғимарат көзді ашып-жұмғандай қысқа уақыт аралығында қиратылып тасталды. Сол кездегі қала басшысы Серік Қожаниязов аталған орынға «бес қабатты әсем ғимарат тұрғызамыз» деп уәдесін берген еді. Сонда елдің алдына көздің жауын аларлық ғимараттың жобасын жайып тастап, шалқымаға салған болатын. Алайда одан кейін көп ұзамай ол қала әкімі қызметінен кетті. Оның орнына басқа басшы жайғасты. Жылдан астам уақыт өтсе де, жергілікті жұртшылық бұрынғы әкімдіктің орнына тұрғызылған ғимаратты көрер емес.
Сол уақыттан бері қала басшылығы “Алтын орда” қонақүйін жалдап, қызметін жүргізіп жатыр. Ресми емес дерек көздеріне сүйенсек, қала әкімдігі әр шаршы метрге күнделікті 2819 теңге төлейді. Оны айға шаққанда 3 млн 219 мың теңгеге жуықтайды. Ал жыл бойы қала қазынасынан қонақүй қожайынының қалтасына 18 млн теңгеден астам қаржы құйылып жатыр. Бүгінгі дағдарыс уақытында текке ақша шашуға болмайды емес пе?
Бұрынғы ғимарат неге ұнамай қалды? Оны жергілікті жұрт түсіне алмай жүр. Мақұл делік, басшылық орны соңғы жобадағы ғимаратқа қоныс тебуді көздесін. Алайда туған қаланың шежіресін айғақтайтын ғимаратты бұзып тастаудың жөні бар ма еді? Аталған орын “Мәдени мұра” бағдарламасы аясында облыстық маңызға ие ескерткіш болып саналады. Сол кездегі мәдени ескерткіштерді қорғау мекемесінің басшысы Шайтұрсын Әбдібаевтың шырылына құлақ асқан ешкім болған жоқ. Аталған орын қаланың дәл ортасында орналасқан. Қазір ол жер қаңылтыр қоршаумен қоршалып, қала сәулетін бұзып тұр.
Не десек те, бүгінгі күні қала әкімдігі қонақүйді жалға алып отыр. Оған жоғарыдағы мөлшерде қаржы жұмсалып жатыр. Жалдау мерзімі қай уақытқа дейін созылады? Бұл сауалға тұщымды жауап қайтаратын тірі пенде жоқ.
Қала әкімдігі қонақүйде тұрады
Последние статьи автора