Қайын жұртын қырып тастады
Солтүстік Қазақстан облыстық соты Еркін Рақымжановты өмір бақи бас бостандығынан айырды. Өткен жылдың наурызында Уәлиханов ауданындағы Өндіріс ауылына қайын атасының қырқын беруге келген ол, ащы судан жұтып алып, төрт туысын пышақтап өлтіріп, тағы төртеуін ауыр жарақаттаған болатын. Бақилық болғандардың арасында қылмыскердің жары да бар.
Ол Уәлиханов ауданында тұратын қайын жұртына бақилық болған қайын атасының қырық күндік батасына қатысуға Көкшетаудан келеді. Туған-туыс түгел дерлік жиналады. Ас аяқталысымен, келін түсіру тойы басталып кетеді. Куәгерлердің айтуынша, ащы су көл-көсір болған көрінеді. Той таңғы сағат төрттер шамасында тарқайды. Аузына арақ тисе, еркінсіп кететін Еркін Рақымжанов алдымен әйеліне қол жұмсайды. Қол жұмсап қана қоймай, бірнеше жерден пышақ салады. Бұл суық қарудың жүзіне бірінен соң бірі сегіз адам ілігеді. Келіншегі Балшахар Рақымжанова, оның нағашы апасы Сәлима Әубәкірова мен ұлы Ержан және көршісі Талғат Ғазизов тілге келместен көз жұмды. Кейбірін тіпті ұйықтап жатқан жерінде жайпаған.
Еркін мен Балшахардың отбасын құрғандарына жиырма жыл болған екен. Екі ұл тәрбиелеп өсірген. Отағасының қайын жұртқа осынша ашынып, айуандық жасағанын жұрт түсінбей әлек. Дәрігерлердің өзі оның ақыл-есі дұрыс емес шығар деп ойлаған. Бірақ сот-медициналық сараптама cотталушының өз ісіне жауап бере аларлық жағдайда болғанын анықтады.
Абай РЫСҚАЛИЕВ, судья:
– Тоғыз ай жүргізілген тексеріс жұмыстары мен куәгерлерден алынған жауаптарды, заттай айғақтарды сараптай келе сот Еркін Рақымжановты Қылмыстық кодекстің 24, 96-баптары бойынша айыпты деп тапты. Қолданылатын жаза өмір бақи бас бостандығынан айыру. Ол өз жазасын ерекше тәртіптегі түзеу мекемесінде өтейді.