Түркістан қаласының орталық көшелерінің бірі, зулаған көліктер. Көшелер қиылысында бағдаршамның қызыл түсі жанды, осы сәтте бір әйел жолдан өте қалып, тар көшедегі көліктердің арасымен жүріп, жүргізушілер мен жолаушылардан қайыр сұрап келе жатты.
Көзі полиция қызметкеріне түскен әйел, алды-артына қарамай қаша жөнелді. Сондағысы заңсыз әрекеті үшін жауапкершілік арқалағысы келмегені. Алайда учаскелік полиция инспекторы өз жұмысын соңына дейін жеткізіп, қайыршылықпен айналысып жүрген әйелді тоқтатып, түсіндіру жұмыстарын жүргізді. Оның құжаттарын тексеру барысында, бұдан алдын ескерту алғаны белгілі болды. Яғни тіленшілікпен айналысқан әйел бұған дейінгі полиция қызметкерлерінің түсіндіруі мен ескертуінен нәтиже шығармастан, қайта қайыр сұрауға шыққан. Аталған тұрғынға заңға сәйкес ҚР ӘҚБтК-нің 449-бабымен «Қоғамдық орындарда тиісу» хаттама толтырылды.
Түркістан қалалық Полиция басқармасының учаскелік полиция инспекторы полиция аға лейтенанты Мұхтар Ерманов өз сөзінде: «Біздер, өзімізге бекітілген аймақтағы қоғамдық тәртіпті қамтамасыз етіп, заңсыздықтарға жол бермеу мақсатында күнделікті тексеру жұмыстарын жүргізіп отырамыз. Рейдтік-профилактикалық шаралар барысында белгіленбеген орындарда сауда жасау, қайыршылықпен айналысу деген заңсыздықтарды әдет еткен тұлғалардың мекеніне айналған аумақтарды тексереміз. Бұл күн тәртібінен түскен емес. Мәселен бүгінгі күннің өзінде ескерту берілгеніне қарамастан қайыр сұрап жүрген 3 тұрғынға хаттама толтырылды. Аталған құқық бұзушы 2 әйел, 1 ер адам Шымкент қаласының тұрғындары болып шықты. Осы тұста тұрғындарға ескертеміз, кез келген заңсыздық үшін заң аясында жауапкершілік қаралған. Сондықтан теріс әрекеттерге бармаңыздар!»-деп атап өтті.
Балаларымен отырған аналар, мүгедек арбасына таңылып, қайыр сұрап отыратын адамдар, қариялар... Қоғамда осы көрініс, яғни қайыршылық мәселесі туралы екі түрлі пікір қалыптасқан: біреулері қайыршыларды аяп, жанашырлық танытса, енді бірі оларды қоғамдық орындардан алып тастау керек екенін айтуда. Бұл мәселеде Заң бар. ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 449-бабында қайыршылық жасауға тыйым салынғаны тайға таңба басқандай көрсетілген. Осы орайда облыс орталығының полицейлерімен де бұл бағыттағы жұмыстар жасалуда. Мәселен өткен жылдың 6 айында бал ашу, қайыршылық, сексуалдық сипатта қызметтер көрсету не өзге де қызметтер көрсетуді күштеп таңу мақсатында тиісу, яғни мазалап өтініш білдіргені үшін 214 тұрғынның жауапкершілігі қаралған. Ал 2022 жылдың жарты жылында дәл осындай құқық бұзушылықтарды жасаған 371 азамат әкімшілік жауапкершілікке тартылған.
Ескерте кетсек, түркістандық тәртіп сақшыларымен мұндай рейдтік іс-шаралар үнемі өткізіліп тұрмақ. Дегенмен өкініштісі сол, бөтеннің ақшасына күн көруді дұрыс санайтын кейбір жандар үйренген орындарына қайта оралады.
Түркістан облысы ПД баспасөз қызметі