Полицейлер мектепке жұмысқа орналастырамын деп 10 әйелді алдаған ер адамды ұстады
Мақтаарал аудандық полиция бөліміне бірнеше жергілікті тұрғын арызданды. Әйелдер өз арыздарында 2022 жылдың қаңтар-қыркүйек айларында танысы «мектепке жұмысқа орналастырып беремін» деп уәде беріп, қомақты қаржы алғанын көрсетті.
Арадан 1 жыл уақыт өткенімен, жәбірленушілер не жұмысқа орналаспай, не берген ақшаларын ала алмаған. Осылайша алаяққа алданғанын түсінген тұрғындар полицейлерден көмек сұрады. Аталған жайт ҚР ҚК-нің 190-бабы «Алаяқтық» бойынша тіркеуге алынды. Ақпарат алысымен шұғыл-іздестіру іс-шараларын жүргізген тәртіп сақшылары осы жайтқа қатысы бар күдіктінің жеке басын анықтады. Ол жергілікті тұрғын ер адам болып шықты. Тәулік ішінде тұрғылықты мекен-жайынан ұсталған сезікті, полицияға жеткізілді. Анықталғандай, ол 10 бірдей тұрғынды алдап, 12 миллион теңгеге жуық қаражат алған. Содан оңай жолмен келген ақшаны бас пайдасының қажеттілігіне жұмсап жіберген.
Бүгінде өз кінәсін мойындаған күдікті ер азаматқа қатысты тергеу амалдары жүргізілуде. Күдікті қамауда.
Түркістан облысы ПД баспасөз қызметі