Полицейлер есірткілік мас халде көлік басқарған жас жігітті анықтады
Мақтаарал ауданының полицейлері қызметтік міндетін атқару кезінде жүргізуші куәлігі жоқ бола тұра есірткілік мас халде көлік тізгіндеген жүргізушіні анықтады.
Нақтырақ айтсақ, Мақтаарал ауданы көшелерінің бірінен күндізгі сағат 15:50 шамасында «Daewoo Nexia» маркалы автокөлігінің жүргізушісі қауіпсіздік белдігін тақпағаны үшін тоқтатылды. Тексеру кезінде полицей, жүргізушінің мас халде болуы мүмкін екеніне күдіктенді. Тәртіп сақшысы аталған жайтты нақтылау үшін, медициналық сараптама тағайындады. Куәландыру қорытындысы бойынша автокөлік жүргізушісінің есірткілік масаң халі расталды. Сондай-ақ жүргізуші көлік басқару құқығынан айырылғаны анықталды.
Аталмыш жүргізуші 01.06.2021 жылы мас халде көлік басқарғаны үшін кінәлі деп танылып, ҚР ӘҚБтК-нің 608-бабы «Жүргізушінің көлік құралын алкогольдік, есірткілік және (немесе) уытқұмарлық масаң масаң күйдегі адамның басқаруына беру» бойынша әкімшілік жауапқа тартылған. Яғни 15 тәулікке қамауға алынып, 7 жылға көлік басқару құқығынан айырылған.
Қазіргі таңда екінші рет мас халде көлік басқарған жүргізушіге ҚР ҚК-нің 346-бабы бойынша тергеу амалдары жүргізілуде.
Түркістан облысы ПД баспасөз қызметі