Полицейлер 550-ге тарта пиротехникалық заттар тәркіледі
Мереке қарсаңында Түркістан облысы Полиция департаментінің Әкімшілік полиция, Жергілікті полиция қызметкерлері «Пиротехника» жедел-профилактикалық іс-шарасын өткізді. Тәртіп сақшылары 1 апта бойы пиротехникалық өнімдерді сату кезіндегі құқық бұзушылықтарды анықтау бойынша рейд өткізді.
Рейд барысында пиротехникалық бұйымдарды заңсыз сатудың 42 дерегі анықталды. Олардан 550-ге тарта түрлі сертификатталмаған пиротехниалық заттар тәркіленді. Аталған құқық бұзушылар ҚР ӘҚБтК-нің 196-бабы «Тауарлармен немесе өзге де заттармен заңсыз сауда жасау» бойынша әкімшілік жауапкершілікке тартылды.
Мәселен Түркістан қаласының полицейлері әлеуметтік желіге мониторинг жүргізу барысында, «от шашу сатамын» деген хабарландыруды анықтап, жарнама берушіні дер кезінде тапты. Одан құны 200 000 теңгедей болатын 30-дан астам пиротехникалық өнім тәркіленіп алынды. Құқық бұзушы жас жігітке қатысты тиісті әкімшілік шара көрілді.
Тәртіп сақшылары, пиротехникалық өнімдерді заңсыз әкелу, сақтау және пайдалану жайттарын анықтау мақсатында күнделікті жасырын сауда орындары, базарлар мен сауда нүктелерін тексерді. Сондай-ақ халық арасында сертификатталмаған пиротехникалық өнімдерді алмауға және өрт қауіпсіздігі ережелері туралы ескертпе қағаздарын таратты.
Түркістан облысы ПД баспасөз қызметі