Полицейлер 30-дан астам қой ұрлаған үш ауылдасты ұстады
Жетісай аудандық полиция бөліміне мал шаруашылығымен айналысатын жергілікті тұрғын арызданды. Ер адамның айтуынша, оның егістік алқапта жайылып жүрген отар қойының арасынан 33 бас қойын белгісіз біреулер жымқырып кеткен. Аталған жайт ҚР ҚК-нің 188-1-бабы "Мал ұрлығы" бойынша тіркеуге алынды.
Қылмысты ашып, мал ұрыларын анықтау үшін полиция бөлімінде жедел-тергеу тобы құрылды. Тәртіп сақшылары куәлардан жауап алып, мал алып-сатарлармен тілдесті. Осы бағытта тыңғылықты жүргізілген іздестіру шаралары барысында күдіктілердің жеке басы анықталды. Олар жергілікті тұрғын, ауылдас 3 жас жігіт болып шықты.
Анықталғандай, күдікті үшеу егістікте жайылып жүрген қойларға көздері түсіп, өздерінің "Газель" маркалы жүк көліктерімен артып әкетіп отырған. Содан бөтеннің малын сатып жіберген.
Қазіргі таңда оқиғаның мән-жайын анықтау мақсатында тергеу амалдары жүргізілуде. Күдікті үшеу қамауда. Олардан ұрланған малдың бір бөлігі тәркіленді.
Түркістан облысы ПД баспасөз қызметі