Қазақстанда педофилдерге қолданылатын жаза күшейтіледі. Бұл туралы бүгін, 24 шілде күні 24kz хабарлады.
Жоғарғы соттың қылмыстық істер жөніндегі қадағалаушы сот алқасының төрағасы Абай Рахматулин журналистермен кездескенінде педофилдердің жазасын күшейтуге қатысты заң жобасының биыл дайын болатынын айтты. Сонымен қатар, химиялық піштіру (кастрация) жазасын қолдаушылар көбейіп келеді.
«Химиялық шаралар жөнінде бұл мәселе мемлекеттік органдар тарапынан қолдау тапты. Сондықтан сот шешімімен сондай адамдарға химиялық кастрация жүргізіледі. Биыл осы заңдар шығады», – деді Абай Рахматулин.
Еске сала кетейік, биыл маусымда Бас прокурордың орынбасары Нұрмаханбет Исаев педофилдерді піштіруді қолданысқа енгізуді ұсынған болатын. «Піштіру даулы мәселе болса да, ол сақтандыру шарасы, ерікті немесе еріксіз, химиялық немесе физикалық. Көптеген елде, соның ішінде Ресейде бұл әдіс қылмысты азайту мақсатында енгізілген және бірінші кезекте ол бүлдіршіндерді қорғау мақсатында қолданылады», – деп мәлімдеді ол кезде Исаев.
ras.kz