Балқашта бой көтеретін жылу электр стансысын салу туралы Қазақстан мен Кореяның біріккен жобасы осыдан екі жыл бұрын рәсімделген. Өткен сессияда Парламент әлгі келісімді қабылдап тастаған секілді еді. Сөйтсек, Балқашта стансы салуға заңдық негіздер толық қамтылмағанға ұқсайды. Кеше Мәжілістің жалпы отырысында Премьер-министрдің орынбасары – индустрия және жаңа технологиялар министрі Әсет Исекешев Балқаш ЖЭС-іне қатысты келісімнің өзгерістерін төменгі палата депутаттарына мақұлдатып қайтты.
Әсет Өрентайұлының айтуынша, Қазақстан мен Корея арасындағы келісім негізінде Балқаш ЖЭС-і жобасына акционер ретінде қазақстандық тараптан «Самұрық-Энерго» АҚ, ал корей тарапынан «Корея Электрик Пауэр Корпорейшн» мен «Самсунг Корпорейшн» кіріп отыр. «Хаттамамен келісімнің 2-бабына өзгеріс енгізіледі, ол бойынша Үкімет жалпы тарифті, қаржыландыру ауқымын, стансының жүзеге асырылу мерзімін анықтайтын болады. Корея Республикасы бұл хаттамаға қол қойған. Құжатты қабылдау Балқаш стансысын салу құрылысын бастауға мүмкіндік береді», – дейді Әсет Исекешев. Сондай-ақ келісімде қолданылатын терминдерді электр энергетикасы, табиғи монополиялар мен реттелетін нарық субъектілерінің инвестициялық қызметі мәселелері бойынша сәйкестендіру үшін де өзгерістер енгізіледі. Сөйтіп, Мәжіліс мақұлдаған заң жобасы ел дамуындағы маңызды жобаны жүзеге асыруға серпін бермек.
Айтпақшы, жобаны қаржыландыру жағына келсек, оның құрылымы қарыздық қаржыландыруды (70%) және акционерлер жарналарын (30%) құрайды. Бұл ретте «Балқаш ЖЭС-і» АҚ-ға: «Самұрық-Энерго» АҚ (25%+1 акция), «Самсунг Си энд Ти» корпорациясы (75%+1 акция) пропорционалды қатысу үлестеріне тартуды көздейді. «Егер жалпы қаржыландыруға келсек, корей тарапының жеке қатысуы 900 млн долларды, ал қазақстандық тарап атынан «Самұрық-Энерго» АҚ қатысуы 300 млн долларды құрайды. Бұл – жоба құнының 30 пайызы, қалған 70 пайызы қарыздық қаржыландыру ретінде және негізінен кореялық «Эксимбанк» тарапынан көзделіп отыр», – дейді Әсет Өрентайұлы.
Жалпы отырыста Мәжілістегі «ақжолдық» депутат Алмас Тұртаев Үкімет басшысына сауал жолдап, онда қазақтың ұлттық тағамын халықаралық деңгейде патенттеуге назар аударды.
Қазақтың асықпайтын мінезіне алаңдаған депутат өзімізге тән асымыздан айырылып, оны өзгенікі ретінде қабылдауға тура келетініне мән береді. Сосын осы мәселеге Үкіметбасы Серік Ахметовтің жедел түрде қолдау көрсетіп, арнайы бағдарлама жасау қажеттігін алға тартады. Бақсақ, мұның да жаны бар екен. Шындығында, елімізде кәсіпкерлікті дамыту бойынша сапалы өнім өндірушілерге қолдау көрсету аясында нәтижелі жұмыстар атқарылып жатқаны жасырын емес. Соның ішінде отандық ауылшаруашылық өнімдеріне қолдау көрсетіп, оған барша жұрт мүдделі болуда. «Халқымыз да қажеттілік ішінде тағамды жоғары бағалап, қадірлей білген. Қай заманда қалай аталғанына қарамастан, оны әзірлеудің ретін тауып, қысы-жазы құнары мен нәрін жоғалтпайтын әдіс-тәсілдерін жетік білді. Қазіргі уақытта атакәсіпті қолға алғандар баршылық. Оларды қолдау аясын кеңейте отырып, ұлттық бренд қалыптастыруды қолға алу қажет. Мұны ұсақ-түйек дүние деп қарастыруға болмайды. Себебі әлем елдері бұған айрықша мән беруде. Бабадан балаға мирас болып келе жатқан ұлттық сусынымызды дайындау үшін неміс елінен рұқсат сұрағанымыз жараспас. Ұлттық асымыз – ет тағамы үшін басқа елдердің патент алғысы келетінін бұған дейін естіген едік. Ғаламтордағы кейбір ақпарат құралдарына сүйенсек, Гиннесстің рекордтар кітабына енген қазыны кейбір көршілеріміз ұлттық тағамы ретінде тіркемек ойлары бар екенін байқадық» деп дабыл қаққан депутатты фракциядағы әріптестері қолдап, сауал үшбу хатпен Үкіметке жол тартты.
Енді Серік Нығметұлының қарауына кеткен депутат сауалы қолдау тапса, әлі күнге патенттелмеген құндылықтарымыз ұлықталуы тиіс. Сонымен қатар сүр ет, қымыз-шұбат, жал-жая, құрт, ірімшік, өрік-мейізге қатысты кез келген жекеменшік немесе заңды тұлғаларға айрықша құқық беру, тіпті мемлекетке меншіктеп беруді қолға алуды жеделдету керектігі Тұртаевтың сауалына түрткі болды. Депутаттың сөзінше, бүгінгі экономикалық-интеграциялық нарық талабында ұлттық бренд қалыптастыру Дүниежүзілік сауда ұйымына кіру жолында ауыл шаруашылығына нақты қолдау болып табылмақ. Ет-сүт тағамдарынан бөлек, жеміс-жидек өнімдерін сату нарығын жолға қоюда Үкімет септігін тигізсе, ауыл шаруашылығының өркендеуіне молынан үлес қосарымыз анық. Бұл мәселенің үлкен экономикалық тиімділі бар. Себебі ұлттық брендті пайдаланбай ұлттық кәсіпкерлеріміз дами алмайды. «Сол үшін қазірден бастап ұлттық экономика брендін қалыптастыру үшін жаңа бағдарлама қажет», – дейді А.Тұртаев.
Өткен аптада «нұротандық» депутат Ерген Дошаев Үкіметке «жетімдерді жебейік» деген дат айтса, араға апта салып коммунист Жамбыл Ахметбеков осы жайтқа алаңдаушылық білдірді. Білім және ғылым министрлігінің тізгінін жақында ғана қолға алған Аслан Сәрінжіповке бағытталған бұл сауалдың салмағы да ауыр. Коммунист депутат «шетел асқан балалардың тағдыры туралы толық ақпаратты жұрт болып біліп отырсақ» дейді. Олай деуге ғаламторды дүр сілкіндірген «жетім балаларды сату мен айырбастау» туралы жұрттың жағасын ұстатқан жарнама себеп болса керек. Ал бұл жарнамада тас жетім болған өз қаракөздеріміз барын естен шығармағанымыз жөн. Тағдыр тәлкегін тартқан балалардың саудаға түсуіне депутат осылай алаңдаушылық білдірген болатын. Сондай сорақы сайттар бұғауланып, құрылтайшылары жауапқа тартылғанымен, шетел асқан балалардың ендігі тағдыры не болмақ?
«Мемлекет бақылауынан тыс қалған жетімдердің бөтен елдегі жағдайын біліп отырсақ» дегенді айтқан Жамбыл Әужанұлы «ол жаққа барғандардың бәрі бірдей бақытты ғұмыр кешпейді» деп мұң шақты. «Шетелдік отбасы асырап алған балаларды қорғау үшін Қазақстан заңнамасы толық жеткілікті ме?» деген сұраққа жауап іздеген коммунистер шетел асқан балалардың денсаулығы, отбасы, өмір сүру деңгейі туралы деректер айтыла бермейтінін, соның ішінде Қазақстанға қайта оралғандары жайлы мүлде ақпарат жоқтығына наразылық білдірді.
Патент жүйесін жолға қоймай, ұлттық құндылықтардан түгел айырыламыз
Последние статьи автора