Парсылар Наурызға «С» әрпімен басталатын жеті түрлі тағам әзірлейді
Наурыз мерекесін әр мемлекет өз салт-дәстүріне қарай әртүрлі қарсы алып жатады. Бұл жолы Иран елінің Наурызды тойлау ерекшеліктеріне тоқталсақ деген ниеттеміз. Парсылар жыл басын, яғни Наурызды Жаңа жыл есепті қарсы алады. Ол үшін алдын ала дайындық жұмыстарын бір ай бұрын бастайды. Ең алдымен олар кем-кетікке көмектесуді басты парызы санайды. Мереке қарсаңында Иранның барлық аймақтарында мұқтаж жандарға көмектесуге бағытталған жалпыхалықтық шаралар ұйымдастырылады. Ирандықтар бір адамның басына түскен қиындықты бір кісідей жұмыла көтеру Аллаға жағымды іс деп есептейді...
Атаулы мерекеге бірер күн қалғанда Наурыздың жаршылары көшеге шығып, ән айтып, Наурыздың келгенінен хабардар етеді, халықтан сүйінші сұрайды. Ең ежелгі көрініс қою рәсімдеріне «Кусебарнешин», «Аташафруз», «Наурыз әмірі немесе Наурыз патшасы» жатады. Ерте замандарда «Наурыздық жыршылар» тобы болған. Олар жаңа күнге арнап мадақ жыр айтқан. Ескі жылды шығарып саларда ел бойынша жаппай жуып-тазалау науқаны басталады. Елдің барлық өңірінде үйлерін, қоғамдық орындар мен көшелерді тазалау арқылы жаңа күнді тазалықпен қарсы алады. Ескі-құсқыдан арылу арқылы жаңа жылда таза кеңістік дайындайды. Еуропалықтарға ұқсап кететін бір әдеттері – жаңа жылға жаңа дүние, керек-жарақ сатып алатындары. Киім-кешек, аджиль – түрлі пісте, жаңғақ, жеміс-жидек, тәтті-дәмділер, тіпті тұрмыстық заттарды сатып алып жатады. Күнтізбе бойынша соңғы айда дәнді-дақыл егудің кезеңі болып табылады. «Наурыз көгін» егу ирандық отбасылар арасында әдет-ғұрып ретінде сақталған. Бүгінде Иран халқы Наурызға екі апта қалғанда ыдыстарға бидай, жасымық, маш секілді дәнді-дақылдар егуді ата дәстүр ретінде жалғастырып отыр. Атадан балаға мирас болып жеткен ежелгі дәстүр бойынша «Һәфт син» дастарқанын жаю бүгінгі күні де дәстүр түрінде сақталған. Жаңа жыл, яғни наурызда дастарқан жайып, атауының басқы әрпі «С» әрпімен басталатын жеті түрлі тағамды дастарқанға қояды. Олардың барлығы да бір тілек пен арманның белгісі болып саналады. Онда қойылатын ең бастысы «сабзе» – «көк» яғни, бидай, жасымық, маш секілді дәнді дақылдардың өскіндері. Бұл ескі ырым-наным бойынша дүниеге қайтадан келу мен өмірдің жаңадан бастау алуының белгісі болып есептелінеді. «Саману» – бұл бидай өскінінен әзірленетін тағам. «Сиб» – алма. Бұл деннің саулығы мен сұлулықтың белгісі. «Санджад» – ғашықтық пен туылудың белгісі. «Сомақ» пен «сир», сарымсақ пен сумақ та денсаулық эликсирі, яғни өмірдің шаттығын оятатын символдар. «Серке» – сірке суы сабырлылықтың белгісі. Яғни бұл күні дастарқан төрінен орын алатын әрбір дәмнің өзіндік ерекшелігі бар. Алдағы жаңа жылда басты армандарының орындалуы үшін тілек тілеп, әр дәмді асқан ықыласпен дайындайды. Бұдан бөлек, дастарқанға жаратылыстың символы ретінде жұмыртқа, біртүстіліктің символы ретінде айна, береке мен жарықтың белгісі су, ізденімпаздықтың белгісі – қызыл балық сияқты басқа да заттарды қояды. «Секке» – тиын да байлық пен істің берекеге толы болуының белгісі. Сонымен бірге жарықтың белгісі ретінде шамға да құрметті орын бұйырады дастарқан төрінен. Кипарис бұтақтары, гиацинт, мәжнүн гүлін қоюды да міндеттері санайды. Дастарқанның басты дәмі негізінен тәтті нандар болып табылады. Ол, әрине, молшылықты білдіреді. Иран елінің басым бөлігінде «Сәмәну» деп аталатын ерекше арнайы тағам дайындалады. Оны көпшілік болып ұйымдасып пісіреді. Оны пісіру үшін алдымен бидай өскіндерін дайындап алады. Дәмі тіл үйіретін дәмді асты отбасы мүшелері төрт көзі түгел отырып, кешкі ас ретінде ішеді. Бұл рәсімдер жаңа жылға бір айға жуық уақыт қалғанда басталып, жаңа жылдан кейін 13 күнге созылады.