Парламент демалысқа кетті

Мансұр ХАМИТ (фото)

Сонымен кеше төртінші сайланымдағы Парламенттің төртінші сессиясы түндігін түсірді. «Тарқап тынатындығы» туралы жел сөзді артынан көп ерткен Парламент тып-тыныш қана тағы бір сессияны түгесті. Депутаттар қыркүйекке дейін бір-біріне «қош» айтысып, екі айлық каникулға аттанды.
Заң шығарушы биліктің осы сессиядағы атқарған жұ­мыстарын саралаудан бұрын биыл өзінің кәсібилігінің 15 жылдығын еңсерген Парламенттің тарихына аз ғана үңіле кетсек. Онда да қазіргі құқықтық алаңдағы қызмет етіп отырған қос палаталы Парламенттің тарихы көз алдымызда. Оның Тәуелсіз Қазақстанның қарышты дамуына, елдің әлеуметтік экономикалық өрістеуіне, сондай ақ ТМД төңірегінде теңдессіз саналатын реформаларға дем беруде алар орны ерен. Қазақстанның мемлекеттік саясатының басым бағыттарын заңнамалық қамтамасыз ету барысында, яғни тұтастай Тәуелсіздік жылдарында құқықтық база қалыптастыра алған Парламент осы жылдары шамамен 1900-ге тарта заң қабылдапты.
Шығарған заңның санымен емес, сапасымен екшесек те Парламент қоғамға керектінің бәрін уақытылы қамтып жатыр. Оның үстіне ең басты мақтанатынымыз – бұл Тәуелсіз Қазақстанның Парламенті. «Қалталы Парламент», «супер қалталы Парламент», «бір партиялы Парламент» секілді неше айдарлы болғанымен бұл – ең алдымен қазақ ұлтының мүддесін қорғайтын, қазақ халқының сөзін айтатын заң шығарушы орган. Қалай десек те, қалай батырып сынасақ та, ажырамас шындық – осы! Ал мұндай Тәуелсіз елдің Парламентінің болуын қазақтың қаншама асыл ерлері армандаумен өтті, Алаштың қанша зиялысы осындай тәуелсіз заң шығарушы органның қызметі үшін басын бәйгеге тігіп, жан аямай күресті?! Ендеше, жеткенімізді бағаламас бұрын, өткенімізді байыптап қараудың да маңызы зор болары даусыз.
Ал төртінші сессиясын тауысып отырған төртінші Парламент не тындырды? Былтырдан бері қарай қоржынында жатқан 190 заңның 141-ін қабылдапты. Оның 107-сіне Елбасы қол қойып, күшіне ендірген. Өткен шақырылыммен салыстырғанда, бұл көрсеткіш аз ба, көп пе?
Дегенмен қабылданған заңдар санына қарай маңызды болмайды, олардың сапасы қажет. Ендеше сапалық тұрғыдан ал­ғанда, бұл сессия мемлекет, халық мүд­десі үшін тер төгіп, өзінің жұмысқа қабілетті ек­ендігін және тиімділігін көрсеткен тәрізді. Парламенттің сессиясын жабатын жиында баяндама жасаған Мәжіліс төрағасы Орал Мұхамеджанов та мәселенің осы қырының маңызды тұстарына тоқталып өтті. «Қазақ­стан Парламенті төртінші сессиясын аяқтай отырып, өз тарихындағы тағы бір белестен асты. Осыдан он ай бұрын, сессияны ашарда Мемлекет басшысы Парламент депутат­тарының сындарлы жұмысын атап өткен еді. Осы арқылы жұмысымызға жаңа серпін берген Елбасы заң шығару қызметінің басым бағыттарын да айқындаған болатын. Ал бүгін қоғам назарына ұсынылып отырған жұмыс қорытындылары Президент алға қойған міндеттерді Парламент негізінен орындап шықты деп айтуға мүм­кіндік береді», – деді О.Мұхамеджанов. Бір сөзбен айтсақ, айқындалған даму бағы­тын әрі қарай дөңгелететін заңдар, әлеуметтің әлеуетін көтеретін құжаттар қабылданды. Шағын және орта бизнесті қолдауға, ғылым мен білімді дамытуға, қаржы секторының адымын ашуға жәр­демші заңдар күшіне енсе, Елбасы айтқан елдегі реформалардың құқықтық қамты­луына да мән берілді. Сот жүйесін жетілдіріп, құқық қорғауды реформалау да заң­намалық нормалармен қамтылды. Халық­аралық қатынастар саласындағы заң шы­ғару жұмысының көлемі де ауқымды болды. Осы сессияда 70-тен астам халық­аралық шарттар, конвенциялар мен келі­сім­дер ратификацияланған. Сөз арасында Мәжіліс спикері заң шығару үдерісінде Үкіметпен ұдайы бірге жұмыс істейтіндіктен қарым-қатынастың сындарлы сипатта болуына назар аударылатынын жеткізді. Дегенмен екі биліктің бірлескен жұмысында шешімін таппай келе жатқан мәселелер аз емес секілді. «Мысалы, Парламент Мәжілі­сінің қарауына енгізілетін заң жобаларының сапасы туралы қаншама айтылғанымен, бұл мәселеде көңіл көншітерлік нәтиже жоқ деуге мәжбүрміз. Заң жобаларына қатысты енгізілетін материалдар да тиісінше рәсімделмейді. Нақ осы себептен өткен сессия ішінде Үкіметтен түскен 130 заң жобасының 72-сі немесе жартысынан астамы алғаш келген кезінде-ақ тіркелмей, кері қайтарылды. Соның ішінде 28 жоба қазақ тіліндегі мәтінінің сапасына байланысты қабылданбады», – деді О.Мұхамед­жанов. Спикердің айтуынша, Үкімет тарапынан тиісті органдар бюджетті жоспарлау мен атқару жөнінде біршама жұмыс атқар­ғанымен, бұл саладағы қызметтері әлі де жеткіліксіз. «Мәселен, өткен жылы респуб­ликалық бюджеттің екі рет нақтыланғанына қарамастан, 37 млрд 500 млн теңге игерілмей қалды. 41 бюджеттік бағдарлама әкімшісінің 26-сы бюджеттің орындалуын қамтамасыз ете алмаған. Мемлекеттік мүлікті тиімсіз әрі салғырт-салақ басқару салдарынан 43 акционерлік қоғам өткен жылды 40 млрд теңгеге жуық шығынмен аяқтаған. Квазимемлекеттік сектордың жарғылық қорын толықтыруға 284 млрд 700 млн теңге бөлінгеннің өзінде осындай жағдай орын алып отыр. Осы жайттарды ескерсек, Үкімет жүйелі сипат алған кемшіліктерді терең зерделеп, қаржы тәртібін неғұрлым өрескел бұзатын атқарушы органдар басшыларына қатаң шаралар қолданатын кез келді деп ойлаймын», – деді О.Мұхамеджанов. Сонымен, сессия тамам. Алда екі айдан соң қайта қауышатын парламентшілер өңірлердегі, әсіресе, ауылдағы ағайынмен етене араласып, ондағы мәселелерге қанығады деп сенейік. Келер сессия шақырылымның соңғы жиыны болмақ. Ендеше алда депутаттарды әлі де қыруар жұмыс пен белсенділік күтіп тұрғаны анық.
Мәжілісте – Ирак, Сенатта – Иран
Әрине, халықтан сайланған депутат­тардың әрқайсысының өзіндік орны бар­шылық. Әйткенімен, осы сессияның қаһар­мандары ретінде ныспылары Парсы шы­ғанағының екі елімен ұқсас келетін Ирак пен Иран десек қателеспеспіз. Екеуі де заңгер, оның ішінде сот саласының білгірі. Айтарын тіке айта алады. Мәселен, сонау күні Денсаулық сақтау министрі Досқалиев қамауға алынғанда қалаулылар арасынан алғашқы болып үн қатқан да сенатор Иран Әміров болатын. «Неге оған тиісті меди­циналық көмек көрсетілмеді? Егер оған қажетті көмек көрсетілгенде дәл бүгінгідей халге түспес еді ғой» деп анығын да, ашы­ғын да айтты. «Жоғары лауазымды адам­дардың тарапынан жасалып жатқан қыл­мыстар аз емес. Неге, мысалы, Әбіля­зов мил­лиардтап ұрлайды да, бостандықта жүреді? Істің материалдарына қарасақ, заңгер және бұрынғы судья ретінде айтайын, Досқалиев қылмыс жасаған, бірақ оны қызметтік бабын асыра пайдаланған деп емес, пара алған деп квалификациялау қажет. Досқалиевтың адвокатының ақ­парына назар аударсақ, ол ешкімнің мүд­десіне, әсіресе, мемлекеттің мүддесіне, қайшы келген жоқ. Бүгін таңертең естігенім, қаржы полициясы оған тек қана қыз­меттік бабын асыра пайдаланғаны үшін ғана емес, аса ірі мөлшердегі пара ал­ған деген айып тағыпты», – деп мәлім­де­ді Сенатта отырып. Ал Иран Әміровтің тө­менгі пала­тадағы Ирак Елекеев атты әріп­тесі Мәжі­лістің мүлгуіне жол бермеді. «Түк бітірмей отырғанша, тарқасақ тарқа­йық» дегенді де Ирак Қасымұлы көтерді. Пар­ламент пен оның депутаттарының жү­зе­ге асырмай отырған құзыреттерін пайда­лану­ға үндеді. Сыбайлес жемқорлықпен ашық күресуге дайын екендігін де танытты.

Автор
Последние статьи автора
Назван точный исход матча КХЛ "Барыс" - "Салават Юлаев"
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Цифра
50
50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов

50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов, чтобы завоевать серебро в велогонке с раздельным стартом.
1900
Году

Бокс был узаконен как вид спорта
2,5
ГРАММА

Масса мячика для игры в настольный теннис
5
Олимпийских колец

символизируют единство пяти континентов, хотя ни одно из них не является символом какого-то конкретного континента. Цвета колец — синий, красный, желтый, зеленый, черный, — были выбраны, как наиболее часто встречающиеся на флагах государств мира.
130
км/час

С такой скоростью летит мяч, после удара профессионального волейболиста