"Õzen" лейблы Дархан Жүнісбековтың аяқталмаған альбомын шығармақ
Таиландта мотоцикл апатынан қаза тапқан қазақстандық музыкант Darkhan Juzz кіретін "Õzen" лейблі әншінің жарық көрмеген альбомын шығармақ. Лейбл жұлдыздың әндерінің барлық авторлық құқығы балаларына қалатынын мәлімдеді деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі.
Instagram-дағы жазбада альбомнан түскен авторлық құқық пен ақша оның балалары, ұлы Әди мен қызы Айданаға түсетіні жазылған.
"Darkhan Juzz-дың аяқталмаған альбомы бар. Біз оны міндетті түрде аяқтаймыз және шығарамыз. Оның әндерінің барлық құқықтарын ұлы Әди мен қызы Айдана мұраға алады. Әрбір стрим 100% отбасына түседі",- деді Õzen командасы.
Альбомның қай кезде қанша әнмен шығатыны әлі белгісіз. Алайда Дарханның артынан қалдырған өнерін сақтау үшін көп жұмыстар жүргізілетінін алға тартты.
“Оның музыкасы мәңгі ойналсын",- деді лейбл.