Коронавирусқа қарсы отандық вакцина көктемде дайын болуы мүмкін. Жамбыл облысындағы биофармацевтикалық зауытты іске қосу наурыздың соңына қарай жоспарланып отыр. Үкіметтен келген делегацияға жергілікті билік осындай уәде берді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі КТК арнасына сілтеп хабарлайды. 
Әулие ата өңірінде жұмыс сапарымен жүрген премьер-министрдің орынбасары Ералы Тоғжанов мердігер компанияларға кешен құрылысын уақтылы әрі сапалы аяқтау керектігіне ерекше тоқталды. Себебі індет өршіп тұрған шақта бұл зауыт ауадай қажет.
Кешенде коронавирустан бөлек, туберкулез, бруцеллез, тері ауруларын емдейтін препараттар мен төрт түлікке тиетін кеселге қарсы екпелерді де шығару жоспарланған. Қазір алып зауыттың қазандық, трансформатор, сорғы станциялары және хлорлау мен энергетикалық нысандардың құрылысы аяқталған.
"Ішкі инженерлік желілер мен таза бөлімшелерді монтаждау жүргізіліп жатыр. Технологиялық құрал-жабдықтың 85 пайызы зауытқа жеткізілген. 1-сәуірге дейін аталған қондырғыларды толық орнатып, жұмысты аяқтау көзделген", - дейді Жамбыл облыстық құрылыс басқармасының бөлім басшысы Ерлан Жанбосынов.