Өткен айда болған Қырғызстандағы тәртіпсіздіктер кезінде милиция қызметкерлерін өлтірді деген күдікпен мемлекетаралық іздеуде жүрген қылмыскер Алматыда қолға түсті. Бұл туралы қалалық Ішкі істер департаментінің баспасөз қызметінің мамандары хабарлады.
Қалалық Ішкі істер департаментінің баспасөз қызметінің жетекшісі Салтанат Әзірбекованың мәліметінше, маусым айының басында көрші елде қырғыз және өзбек ұлты өкілдері арасындағы жаппай қақтығыстарға қатысқан бұл азамат Ош облысының Қарасу аудандық ішкі істер департаментінің бастығын және оның жүргізушісін өлтірді деген айыппен мемлекетаралық іздеуде жүрген. 22 жастағы қырғызстандық өткен сәрсенбіде, яғни шілденің 7-сі күні Қырғыз Республикасы ІІМ мен Алматы қалалық ІІД криминалды полиция басқармасы мамандарының бірлесуімен ұйымдастырылған арнайы жедел-іздестіру шаралары кезінде Алматының маңындағы Боралдай ауылын саяжайларының бірінде тұтқындалды.
Салтанат Әзірбекова, Алматы қалалық ІІД баспасөз қызметінің жетекшісі:
— Қазір күдікті қаладағы уақытша қамау изоляторында отыр. Көрші елдің құқық қорғау органдарына бұл жайында хабар берілді. Қылмыскер жақын күндері еліне қайтарылады.
Естеріңізге сала кетейік, маусымның 11-і күні көршілес Қырғыз Республикасының оңтүстігінде қырғыздар мен өзбектер арасында үлкен қақтығыс болып, ресми мәліметтер бойынша, соның салдарынан онда 200-ге жуық адам қаза тапқан еді.