Шығыс Қазақстанда орманды қалыпқа келтіру жұмыстары басталды. Өңірде мұндай жұмыстың жүргізілмегеніне 20 жыл болыпты.
Орманшылар дәл қазір осындай қауырт жұмысты бастайтын уақыт жетті деп есептейді. Себебі орманның бүгінгі жай-күйін сараламай, қай жерде қандай ағаштардың өсіп келе жатқанын білмей, жасыл алқап көлемін ұлғайту мүмкін емес. Ресми ақпараттарға сенсек, Шығыс Қазақстан облысының мемлекеттік орман қорының аумағы 3 миллион 627 мың 554 гектарды құрайды. Енді орманды қорғаумен айналысатын әрбір мемлекеттік мекемеге қарасты орман алқаптарының барлығы да зерттеліп, олардағы әрбір талдың қай ағаш түріне жататындығы, тіпті экологиялық өзгерістердің орман ағаштарына қандай есер еткендігі де анықталады. Тіпті өлкенің қай аумағында қандай ағаш түрлерін отырғызу керектігі де зерттеледі.
Орманды алқап жағынан елімізде алғашқы орында тұрған Шығыс Қазақстан өңірі үшін бұл науқанның берері көп дейді осы істің мамандары. Қазір Жоғарғы Үлбі, Риддер, Пихтовск орман шаруашылықтарында жұмыс басталып та кетті. Орманды зерттеп, қалыпқа келтіру жұмыстары 3-4 жылға созылуы мүмкін. Өйткені аймақта орман шаруашылығымен айналысатын 13 мемлекеттік мекеме ғана бар.
Александр Кин, ШҚО табиғи ресурстар және табиғатты пайдалануды реттеу басқармасының орман шаруашылығы бөлімінің бастығы:
– Біз осы жұмыстың нәтижесі арқылы бүкіл орман аумағының жағдайын білетін боламыз. Осыдан соң орман алқаптарының қаншасы қаншалықты қартайғандығын анықтаймыз. Сонымен қатар қылқан жапырақты ағаштарды кесуге қарсы жарияланған мороторий орманның қалыпқа келуіне қаншалықты ықпал ететінін біліп алмақпыз. Жоғарыда аталған 3 орман шаруашылығының қорытынды жұмыстары күзге дейін дайын болады деп отырмыз. Ал 2010 жылы орманды қалыпқа келтіруге арналған жұмыстар толығымен аяқталып, жалпы сипаттама белгілі болады.