Қызылжардағы демалыс орындарының бірінде тоғыз жасар бала жоғалып кетіп, екі тәуліктен кейін орман ішінен табылды. Бұл туралы ішкі істер департаментінің баспасөз қызметі хабарлады.
Маусымның 12-сі күні Имантау көлінің маңында орналасқан туристік кешендердің бірінің демалушылары тауға шығуға барады. Бірақ қайтар жолда 3-сынып оқушысы Жанболат жанындағы құрбыларынан байқаусызда қалып қойған. Ит тұмсығы өтпес ну орманды аймақтан баланы іздеу оңай тимегені белгілі. Жергілікті полицейлер, қорықшылар мен төтенше жағдайлар жөніндегі департамент қызметкерлері екі күн бойы іздеп жүріп, әзер тапты.
Маусымның 14-і күні таңғы тоғыздар кезінде аудандық ішкі істер бөлімінің қызметкерлері баланы Арықбалық ауылынан 6 шақырым жердегі қарағайлы орманның ішіндегі төбешіктердің бірінен тапты. Аздап қорыққаны болмаса, еш жері зақымданбаған. Екі тәулік нәр татпай, әбден қарны ашқан екен.
Ербақыт Амантайұлы, Қызылжар