Оқушыны да, оқытушыны да адастырған оқулық

Мектеп оқулықтарына қатысты мәселе бүгінде көпшілік қауымды ғана емес, білікті мамандардың да үлкен алаңдаушылығын туғызуда. Соңғы бес жыл көлемінде ұдайы жалғасып келе жатқан осы наразылықтың кілтін біз әдетте жекелеген кітаптардан болмаса оқулық авторларынан іздеп келдік. «Мамандар жетіспегендіктен де оқулықтарды педагогикалық тәжірибеден тысқары, оқушы психологиясы мен мектеп оқулығы теориясынан хабарсыз адамдар жазып жатыр. Бар кінәрат содан» деп түсіндік. Расында, осы жағдайға қалай тап болдық? Орта мектепті сапалы оқулықпен қамтамасыз етуге қабілетті ғылыми-өндірістік кешен жұмысын қалай қожыратып алдық? Ең бастысы, тап қазіргі уақытта қасиетті «білім бұлағының» лайлануына себепкер болып отырған кім?

Мәселенің төркіні
1996 жылдың 26 қыркүйегінде еліміздің Үкіметі «Қазақстан Республикасының жалпы орта білім беретін мектептеріне арналған оқулықтар мен оқу-әдістемелік кешендерді дайындау мен жарыққа шығарудың мақсатты бағдарламасын» бекітті. Сол жылы Ы.Алтынсарин атындағы білім проблемалары институты Н.Нұрахметовтің басшылығымен отандық өндіріс оқулықтарының жаңа буынын қалыптастыру мақсатында авторлық ұжымдар құра бастады. 1998 жылы Білім беру академиясының жанынан авторлық ұжымдармен тікелей жұмыс істеп, оқулық шығаруды қадағалайтын орталық құрылды. Және орталықтың тікелей араласуымен жалпы білім беретін орта мектептердің 1-9 сынып оқулықтары қазақ, орыс, ұйғыр тілдерінде басылып шықты. Оның ішінде 1-7 сынып оқулықтары «Атамұра», ал 8-9 сынып оқулықтары «Мектеп» баспасынан жарық көрді. 1999-2000 жылдары авторлар мен оқулық тұтынушыларының Алматы қалалық қоғамдық бірлестігі (жетекшісі Н.Нұрахметов) авторларды оқытып-үйретуге байланысты бірқатар семинар-тренингтер өткізді. Әлі де қолданыста жүрген оқулық авторларының басым көпшілігі – осы семинарлардан сабақ алғандар. 2001 жылы «Мектеп» баспасының жанынан «Оқулық авторларының мектебі» ашылып, 10-11 сынып оқулықтарының авторлары онда арнайы дайындықтан өтті.

2002 жылы академияда жаңа құрылымдық бөлімше – «Оқулық мониторингі орталығы» ашылды. Орталық мамандары «Мектеп» баспасымен бірлесе отырып, оқулықтардың эксперттік анализ критерийлерін жасады, сондай-ақ қолданыстағы бүкіл оқулықтар мен оқу-әдістемелік кешендерге сараптама жүргізді.

Республикалық «Оқулық» ғылыми-тәжірибелік орталығының құрылуына байланысты Білім академиясының «Оқулық мониторингі орталығы» 2005 жылдан бастап өз жұмысын тоқтатты. Академияға қарасты Мектепке дейінгі және жалпы орта білім беру ғылыми-зерттеу институтының директоры Қарлығаш Қабдолованың пікіріне жүгінсек, академия мамандары қазір тек қана білім стандарттарын әзірлеумен айналысуда. Ал кейінгі уақытта шығып жатқан, қолданыста жүрген оқулықтар сол стандартқа сай келе ме, жоқ па – бұл кісілер оны білмейді. «Оқулықтарыңды бізге жіберіңдер деп, өзім баспаларға хат та жаздым, – дейді Қарлығаш Лекерқызы. – «Алматыкітап» пен «Атамұра» 1-4 сынып оқулықтарын жіберді, басқалары селт еткен де жоқ. Негізі, оқулықтардың барлығы да Білім беру академиясының қарауынан өтуі тиіс, баяғыдан келе жатқан осы заңдылық мүлде ұмыт болуға айналды. Бірақ бүкіл ел-жұрт, зиялы қауым қалыптасқан дағды бойынша кейінгі оқулықтардың олқылығына қатысты мұң-зарын бізге айтып жатады. Тіпті Білім және ғылым министрлігі тарапынан да оқулыққа қатысты келген хаттардың бәріне біз жауап береміз...» Осы арада түсініксіз бір жайт – өздерінен алынып тасталған жауапкершілік үшін неге академия жауапты болуы тиіс? Арнайы орталық құрып, жаңа буын оқулығының бүкіл тағдырын соның құзыретіне өз қолымен тапсырған министрліктің кімнен нені және қалай талап етуді білмегені ме?..

Қазір бүкіл ел болып, 12 жылдық білім беру жүйесіне көшу қамындамыз. Бұл – өте маңызды жағдай. Ал осы бүкіл жүйені жаңа технологиямен, мүлде жаңаша сапада жазылуға тиісті озық оқулықтармен қамтамасыз ету міндетімен кім айналыспақ? Соңғы жылдардағы газет-журнал материалдарын қарап отырсақ, басым көпшілігі «Осындай да оқулық бола ма?», «Оқулықтарда олқылық көп», «Оқулығы құрыған ұлт ешқашан оңалмайды», «Оқулықтарды қырғыздарға жаздырды, ал өз мамандарымыз шетке ығыстырылды», «Терісі жүнмен жабылған оқулықтар», «Қатесіз оқулық қашан шығады?», «Оқулық оқушыға лайықты ма?», «Оқулық» орталығы кімге жұмыс жасайды?» деген сыңайда болып келеді екен. Бүкіл елді ашу-ызаға булықтырып отырған «Оқулық» орталығының тап бүгінгі күйінде жаңа талап, биік талғам деңгейінен көріне алатынына біздің күмәніміз бар. Академия мамандарының айтуынша, 12 жылдық білім жүйесі тұрғысынан алғанда, бізде қазір бастауыш сыныптардың ғана стандарты белгіленген. Яғни әзірше осы сыныптарға ғана оқулық шығара алуымыз мүмкін еді. Бірақ тап осы жүйе бойынша 6-7 сыныптардың да кітаптары шығарылып жатыр. Сонда олар қай стандартқа негізделіп жарық көруде? Міне, қарама-қайшылық!..

Жер астынан шыққан жік
Білім жүйесі құрылымдарының арасында сабақтастық болуы шарт екендігіне қарамастан, қазіргі жағдайда Ұлттық білім беру академиясы бір бөлек, «Оқулық» орталығы бір бөлек жұмыс атқаруда. Ал баспа атаулы тіпті өз бетінше жеке мемлекет тәрізді... Бұлай деуімізге «Оқулық» орталығының директоры Алма Әбілқасымованың «қандай оқулық шығарады, қалай шығарады, оны кімдерге жаздырады дегендей, кітап шығаруға қатысты барлық авторлық құқық – баспалардың құзырында» («Оқулықты қалай оңалтамыз?», «Нұр Астана» газеті, 24 қыркүйек, 2009 жыл) деген пікірі негіз болып отыр. Сонда бұл жүгенсіздік қашанғы жалғаса бермек? Ең өкініштісі, осындай бей-берекетсіздіктің салдарынан еліміздегі оқулықтар мен ұлттық тәрбиенің жағдайы, жалпы, білім сапасы оңтайланбай отыр. Ілгерілеуден гөрі кері кетушілік айқын байқалуда. Мұның бір ғана дәлелі ретінде «Интерфакс-Қазақстан» агенттігінің өткен жылғы 26 тамыздағы мәліметіне жүгінсек те жеткілікті. Яғни Алматы қаласының аясында алып қарайтын болсақ, мектеп бітірушілер былтырғы ҰБТ нәтижесі бойынша математика мен қазақ тілі пәндері бойынша ең төменгі нәтиже көрсеткен. Қазақ тілі жөніндегі үлгерімнің неге төмен болатыны екібастан түсінікті. Ал мектеп бағдарламасында ежелден-ақ негізгі пән ретінде қалыптасқан және ерекше маңыз беріліп келе жатқан математикалық білімнің кенжелеуіне не себеп? Біз тілге тиек етіп отырған ақпаратта Алматы қалалық білім басқармасының бастығы Рахат Шимашева: «Математикалық дайындық мәселесі бізді ерекше алаңдатып отыр. ҰБТ-ның осы пән нәтижесіндегі орташа балы Алматы қаласы бойынша 11,2 пайызды құрады. 90 түлек екілік баға алды. Ел экономикасының бүкіл саласына сапалы серпін беретін – жастарымыздың математикалық тұрғыдағы жоғары дайындығы екенін ескерсек, бұл – өте назар аударарлықтай жайт», – деп мәлімдеме жасаған. Республика халқының 1,5 млн-нан астам бөлігі тұратын ең ірі мегаполис, көрнекті ғылым-білім орталығы Алматының өзіндегі жағдай осындай болса, өзге өңірлер мен алыс ауылдардағы білім сапасы жөнінде не айтуға болады?!  
 Осының бәрі республикалық «Оқулық» ғылыми-тәжірибелік орталығы мамандарының біліксіздігі мен білімсіздігінен орын алып отырған жоқ па? Оқулықтағы шалағайлықтар, ғылыми негізсіздік, материалдарды беру тұрғысынан алғанда, мектеп оқушыларының әр сынып деңгейіндегі жас ерекшеліктерін ескермеушілік тарих, әдебиеттік оқу, қазақ тілі, география, дүниетану тәрізді кез келген пән бойынша кездеседі. Алдағы уақыттарда жарияланар материалдарда біз соның бәріне мүмкіндігінше нақты тоқталамыз да. Ал бүгінгі әңгіме – жалпы орта білім беретін мектептердің математика оқулығына қатысты.

Нақты дерекке сүйенсек, үстіміздегі жылғы 5 сәуірде ҚР Білім және ғылым министрлігі бекіткен №152 құжатта бүкіл ел аумағында математика пәні бойынша 2010-2011 оқу жылында қолдануға ұсынылған оқулық басылымдарының тізімі берілген екен. 5-11 сынып аралығын қамтитын оқулықтар мен оқу-әдістемелік кешеннің қазақ және орыс тілінде оқытатын мектептерге арналған тізбесінің жалпы саны – 59. Және екі-үш адамнан тұратын шығармашылық топ дайындаған осы 59 оқулықтың да негізгі авторы – республикалық «Оқулық» ғылыми- тәжірибелік орталығының директоры Алма Әбілқасымова! Енді осыны қалай бағалауға болады? Бір ғана адамның, мейлі ол тіпті қандай мықты математик болған күнде де, аз ғана жылдың ішінде осыншама ғылыми еңбекті «еңсеріп» тастауы ақылға сыя ма? Осыдан кейін қалайша мемлекеттің оқулық шығаруға бөліп жатқан қыруар қаржысының бостан-босқа желге ұшып жатқанына жанымыз ауырмайды?..

Енді мамандар пікіріне құлақ түріп көрейік...

Төлеген ОСПАНОВ, Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетінің профессоры, қазақ тіліндегі төл оқулықтардың (1991-1996), жаңа буын оқулықтарының (1997-2008), 12 жылдық мектепке арналған байқау оқулықтарының (2004-2007) авторы, Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген қызметкері:

– «Оқулық» орталығының басшысы болысымен, А.Әбілқасымова еліміздің егемендік алуына байланысты қалыптаса бастаған авторлар мектебінің тамырына балта шабуға белсене кірісті. Шыныбеков, Бүкібаева, Темірғалиев сияқты басқа да авторлардың 7-11 сыныптарға арналған алгебра, геометрия, алгебра және анализ бастамалары оқулықтарын біртіндеп «Тізбеге» енгізбей, қолданыстан алып тастады. Олардың орнына қырғыз авторларымен бірігіп, өзінің сапасыз оқулықтарын шығарды. Қызмет бабын пайдаланып, 12 жылдық білім беру жүйесіне көшуге байланысты дайындалып жатқан байқау оқулықтарының барлығына зорлықпен автор болуда. Ең бастысы, аталмыш орталықтың жетекшілігімен соңғы уақытта шығып жатқан оқулықтар мемлекеттік білім стандарты мен бағдарламаға сәйкес емес. Осы зейнеткерді әділетті және сауатты қызметкермен алмастырып, авторларды қорлауды тоқтататын уақыттың жеткеніне қарамастан, оңды өзгеріс болар емес...

Кәмила БҮКІБАЕВА, Қ.Сәтбаев атындағы Қазақ ұлттық техникалық университетінің доценті, құрметті ұстаз:
– Мен мектепте де, жоғары оқу орнында да жұмыс істеген, математика пәні бойынша орта мектепке арнап бірталай оқулықтар жазған, мұғалімдерге дәріс оқыған адаммын. Бүгінгі оқулықтардың ең үлкен қатесі – олар бағдарламаға сәйкес емес. 10 сыныпқа 11 сыныптың материалын берген. 8 сыныпта аналитикалық геометрияның жоғары оқу орнында оқытылатын материалдары кіріп кеткен. Дәл сол сияқты математикалық анализ кітаптарында да материалдардың берілу реті дұрыс емес. Математика пәнінде жүйенің бұзылуына жол беруге болмайды. Өйткені әрбір жаңа материал алдыңғы материалға сүйеніп беріліп отырады. Мысалы, бір теореманы дәлелдеу керек болса, оның алдындағы ережелерді пайдалануға хақымыз бар, ал кітапты қайта пайдалануға хақымыз жоқ. Сондықтан бізде жүйе бұзылмауы тиіс. Бұл – математиканың қатаң заңы. Ал бүгінгі алгебра оқулықтарында жүйелілік бұзылған. Оқылмаған материал алдымен кетеді де, басқа материал кейін қалып қояды. Мұның сыртында толып жатқан ғылыми, теориялық қателер көп. Әдістемелік ақпараты түкке тұрмайды. Кейбір кітаптарда дидактикалық материалдар мен тестілер оқулыққа қосылып кеткен. Бұл – дұрыс емес. Қысқасы, қазір осындай шала сауатты кітаптар жетіп-артылады. Және олар тек математикаға ғана емес, физика, тарих, география пәндеріне де қатысты.

Математика оқулықтарындағы ең өрескел қателердің тағы бір сорақы түрі – жаттығулары қате, шешулері шықпайды, есептің жауабымен сәйкес келмейді. Бұл туралы тіпті оқушылардың өзі де айта бастады. Оқулыққа оқушылар баға берген деген сұмдық қой! Қазір, шындығында, үйге тапсырма бергенде мұғалімдердің өздері де қорқақтап «балалар, жауабы дұрыс шыға ма, шықпай ма – білмейміз, өздерің көріңдер» дейтін болыпты. Міне, осындай жағдайға да жеттік.
«Оқулықтарды шығару құқын Ы.Алтынсарин атындағы Ұлттық білім беру академиясына беріңдер. Өйткені ол жерде білімді әдіскерлер, маңдайалды ғалымдар отыр. Ал мына «Оқулық» орталығы дегенде кімнің істеп жатқанын да біз білмейміз» деп министрлікке талай рет құдайдың зарын қылдық. Елең еткен бір адам жоқ. Негізі, оқулық деген – халықтық мәселе. Оған жауапсыз қарау – үлкен қателік. Оқулықтың қатесі туралы айтпаған адам жоқ: журналистер де, мұғалімдер де, әдіскерлер де, ғалымдар да, тіпті ата-аналар да жазды. Бірақ өзгеріс жоқ. Сауатсыз оқулықтар шыққан үстіне шығып жатыр, мемлекеттің миллиардтаған ақшасы желге ұшып жатыр. Тіпті мектеп директорларының өзі: «Құдай-ау, не істейміз, жылда жаңадан кітап шығады. Бұрынғысының бәрін макулатураға өткізіп жатырмыз. Бұл не сұмдық? Бюджеттің ақшасының бәрін осылай талан-таражға ұшыратуға бола ма? Неге сұрауы жоқ мұның?!» – деп күйініп те жүр.

Менің білуімше, мектепте сабақ бермеген, жоғары оқу орнында жұмыс істемеген дәл Әбілқасымова 59 оқулыққа автор бола алмайды. Қызмет бабын пайдаланып, аты-жөнін көрінген кітапқа тықпалай беруінің өзі – өте ұят, тіпті этикаға жат нәрсе. Егер нағыз ғалым, академик болатын болса және барлық жерде фамилиясы бірінші тұрса, бүкіл оқулық үшін Алма Әбілқасымова жауап берсін!

Архимед ЫСҚАҚОВ, «Тарлан» сыйлығының лауреаты, ҚР білім беру ісінің үздігі:
– Қазіргі математика оқулықтарының неге соншама қожырап кеткені мені қатты таңғалдырады. Әдістемелік тұрғыдан алғанда өте нашар. Тек маман емес адам ғана ондағы қателіктер мен олқылықтарды байқамауы мүмкін. Ал мектепте тым болмаса бірер жыл жұмыс істеген адам, «жаңа» оқулық авторларының педагогикалық тәжірибеден мүлде хабарсыз екендіктерін және мейлі кеңестік, мейлі халықаралық болсын, кез келген әдістемені аяқасты еткендерін бірден түсінеді. Менің басқа сөзім жоқ...

Құрманғали ҚАҢЛЫБАЕВ, Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетінің профессоры, Алматы қаласындағы №13 қазақ орта мектебінің ұстазы, ҚР білім беру ісінің үздігі:
– Менің алгебра пәнінен жазған оқулығым 15 жыл қолданыста болды. А.Әбілқасымова келісімен, себепсізден-себепсіз бірден алынып тасталды. Оның алдында, яғни 2001 жылы Білім беру академиясының тапсыруымен үш-төрт автор, құрамында А.Әбілқасымова да бар, 9 сыныптың «Алгебра» оқулығын жаза бастағанымызда, А.Әбілқасымова өз еркімен авторлар құрамынан шығып кеткен. Содан біз үш жыл бойы жазып, ол Білім және ғылым министрлігі тарапынан бекітіліп, «Алгебра-9» деген атпен 2005 жылы шығайын деп жатқанда А.Әбілқасымова «Оқулық» орталығының басшысы болып келді де, бізбен есептеспестен, оқулықтың бірінші авторы болып алды. Қарсылығымызға, наразылығымызға қараған да жоқ. Сөйтіп, оқулық көп таралыммен шықты. Білім және ғылым министрлігі бекіткеннен кейін ол, ең болмағанда, төрт жыл оқытылуы керек еді. Бірақ 2006 жылы қолданыстан шығып қалды. Содан  А.Әбілқасымова қасына И.Бекбоев сияқты тағы бір-екі авторды қосып, тура сол оқулығымызды өз аттарынан қайта шығартқызды. Айтыстық та, тартыстық та, ақырында өзіміз ұялып, қойдық.

Ал енді жалпы алгебра оқулығына келсек, мұнда өрескел қателіктер өте көп. Бұрынғы 7-8 сынып оқитын материалдарды 5-6 сыныптарға түсіріп жіберген. Ал 5-6-ның материалдары қайда кеткені белгісіз, жоғалып кеткен. Сөйтіп, материалдың салмағы, қиындығы оқушының жасына, ойлау мүмкіндігіне, қабілетіне сәйкес келмей қалған. Бұл – 1 сыныптан басталатын жағдай. Мұғалімдер өздерінің де қиналғанына қарамастан, бүкіл ел аумағында математиканы осылай амалсыз оқытып жатыр. Бірлі-жарым дарынды балалар ғана болмаса, бүкіл халықтың баласы қазір математиканы түсінбейді. Оқулық деген бұрын неше түрлі ғылыми кеңестер мен ғалымдар тарапынан мың рет өлшеніп, мың рет талданып, талқыланып барып қана қабылданатын, жарыққа шығатын. Қазір бәрі саудаға түсіп кетті. Шындығын айтқанда, А.Әбілқасымованың оқулықтары қазір партаның астында жатыр. Байғұс мұғалімдер оқушыға материалды қалайда түсіндіру үшін бұрынғы, тіпті кеңес уағында қолданылған ескі оқулықтарды ұрлап-жырлап пайдаланады. Әкімшілік тарапынан комиссия келе қалса, қазіргі оқулықтарды қайтадан шығара қояды. Мысалы, соның бірі – өзіммін. Профессор болсам да, әлі күнге мектепте сабақ беремін және Әбілқасымованың оқулықтарын еш уақытта пайдаланбаймын. Басқалар да солай. Демек, мектептерде қазір осындай екіжүзді жағдай қалыптасып отыр. Олай істемейік десек, балаларға обал. Себебін жоғарыда айттық. Айта берсек, әлі де әңгіме көп...

«Балық басынан шіриді»
Оқулық мәселесі төңірегінде орын алған бүкіл қолайсыздықтың түп-төркіні тікелей Білім және ғылым министрлігіне барып тірелетін секілді. Мысалы, о баста-ақ оқулыққа қатысты дағдылы жұмыс жүйесі қалыптасқан Білім беру академиясы тұрғанда үй ішінен үй тігіп, арнайы «Оқулық» орталығын ашудың не қажеті бар еді? Және де мемлекеттік мәні бар осындай маңызды шаруаны министрлік қашанғы қоғамдық ұйымдарға жүктейді? Мысалы, алдағы аптада, яғни 27 сәуірде Астанада ТМД-ға мүше мемлекеттердің білім саласы қызметкерлері мен мұғалімдерінің I съезі өтпек. Сол съезде «Қазақстан Республикасындағы жаңа буын оқулықтарын жасау мәселелері» деген тақырыпта баяндама бекітілген. Баяндамашы – Қазақстанның педагогикалық ғылымдар академиясының президенті А.Құсайынов. Осы орайда мынадай сұрақ туады: оқулық мәселесімен бізде, шын мәнісінде, кім айналысуы тиіс? Әркімге бір жұлмалататындай, бұл еріккеннің ермегі ме? Құзыретті бір ғана мекемеге меншіктеп беріп, осы тараптағы күллі жауапкершілікті содан неге талап етпейміз?! Ең бастысы, соңғы уақыттарда өтіп жатқан түрлі мәслихаттар мен ғылыми кеңестерден, жиындардан неге қорытынды шықпайды? Мысалы, ірілі-ұсақты басқа жиындарды былай қойғанда, осыдан тура бір жыл бұрын, яғни 2009 жылғы 13 сәуірде Астанада «Оқулықтар сапасының мәселесі» бойынша республикалық мәжіліс өткені белгілі. Сол мәжіліс барысында 13 735 оқулық пен оқу-әдістемелік кешенге сараптама жасалып, оның 4890-ына кепілдеме берілмеген, ал 965-і пайдалануға мүлде жарамсыз деп табылған. 2870-і қайта қарауға жіберіліп, 27-сі оқу процесінен аластатылған. Яғни бұдан соңғы жылдары шыққан бүкіл оқулықтардың 64 пайызының сапасы сын көтермегендігін көруге болады. Жалпы есеп бойынша, 2008-2009 оқу жылында – 2410, ал 2009-2010 оқу жылында 1107 оқулық пен оқу-әдістемелік кешен бекітілген «Тізбеден» мүлде алынып тасталынған.

Осыдан кейін-ақ республикалық «Оқулық» орталығының біліктілік мәселесімен шындап айналысып, бір шешім шығаруға болатын еді ғой. Сараптама нәтижесінде кейінгі жылдар ішінде оқулық шығарумен «Мектеп», «Атамұра», «Алматыкітап», «Кітап» баспаларын былай қойғанда, «Раритет», «Аруна», «Жазушы», «Таймас», «Полиграфия», «Республикалық атаулы мектеп», «Сөздік-Словарь», «Информатизациялау ұлттық орталығы» сияқты басқа да бірнеше баспа айналысқан екен. Негізі, еліміздің бүкіл мектептері бүгінде тек «Атамұра» мен «Алматыкітап», ішінара «Мектеп» баспаларынан шыққан оқулықтарды пайдаланады. Сонда қалған баспалардан шыққан оқулықтармен кім оқып жатыр? Демек, көл-көсір ақша жұмсалған есепсіз дүниелер тағы да макулатураның қатарын толықтырып отырған жоқ па?

Біздікі – көпшіліктің мұң-зарын, орынды өкпе-ренішін құзыретті орындардың құлағына жеткізсек деген ізгі ниет. Бұл мәселе ары қарай Парламент пен тиісті министрлік, ел үкіметі тарапынан қаузалып, оңды шешімін тауып жатса, ең ғанибеті – сол...

Роза РАҚЫМҚЫЗЫ

Автор
Последние статьи автора
Назван точный исход матча КХЛ "Барыс" - "Салават Юлаев"
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Цифра
50
50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов

50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов, чтобы завоевать серебро в велогонке с раздельным стартом.
1900
Году

Бокс был узаконен как вид спорта
2,5
ГРАММА

Масса мячика для игры в настольный теннис
5
Олимпийских колец

символизируют единство пяти континентов, хотя ни одно из них не является символом какого-то конкретного континента. Цвета колец — синий, красный, желтый, зеленый, черный, — были выбраны, как наиболее часто встречающиеся на флагах государств мира.
130
км/час

С такой скоростью летит мяч, после удара профессионального волейболиста