Солтүстік Қазақстан облысына қарасты Мамлют қаласында бір ай бұрын ғана қолданысқа берілген су жаңа мектеп-интернаттан қолайсыз хабар жетті. Бейсенбі күні күндіз тоғыз оқушы уланып, ауруханаға түсіпті.
9 ер бала қазанның 2-сі күні таңғы сағат 8:50-де дәрігерлердің көмегіне жүгінуге мәжбүр болған. Санитарлық-эпидемиологиялық қадағалау департаментінің баспасөз хатшысы Сағындық Мауғазиннің айтуынша, улану азық-түліктен болмаған. Қазір тексеру жұмыстары жүріп жатыр екен. Болжам бойынша, балалардың улануына бояудың иісі әсер етуі мүмкін.
Мамлют қаласында ашылған тұңғыш қазақ мектебінің құрылысында бір былықтың бары қыркүйектің 1-і белгілі болған. Білім ордасын ашуға келген облыс әкімі Серік Біләлов құрылыстың әлі аяқталмағанын, кейбір жерлері дұрыс сыланып-сырланбағанын сынға алған-ды. Бірақ мектепті ашуға ол кемшіліктер кедергі болған жоқ. Барлық сән-салтанатымен тұсауы кесілгені белгілі. Ал оқу басталған соң сырлау-бояу жұмыстары қат-қабат жүріп жатқан екен....
Тұяқ Рақымбаев, СҚО құрылыс басқармасы бастығының орынбасары:
– Мен балалардың уланғаны туралы сізден естіп тұрмын. Оқу және жатын корпусында құрылыс әлдеқашан аяқталған болатын. Ондағы бояу да әлдеқашан кеуіп, иістері кеткен-ді. Қазір мектептің жүзу бассейнінің құрылысы жүріп жатыр. Ол қараша айында аяқталады. Құрылыс жұмыстарын «Основание» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі жүргізіп жатыр.